• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Елорда 18 Қыркүйек, 2020

"Көше саудасы - 1000 орын" бағдарламасы бойынша елордада 1700 жұмыс орны құрылды

477 рет
көрсетілді

"Көше саудасы - 1000 орын" бағдарламасы бойынша сауда павильондарына 644 жер учаскесі бөлінді. Олардың көбінде кәсіпкерлер жеміс-көкөніс саудасын ұйымдастырды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сауда және қызмет көрсету нысандарын орналастыру үшін 644 жер учаскесі бөлінді. Учаскелердің жалпы ауданы 7 990 шаршы метрді құрайды. Бағдарламада көкөністер мен жемістерді сату нысандары көбірек кездеседі. Олар үшін 244 жер учаскелері бөлінген, содан кейін тамақтану орындары - 211, тамақ өнімдері - 71. Жобаны жүзеге асыру елордада 1700-ден астам жұмыс орнын құруға, 1,1 млрд теңге жеке инвестициялар тартуға мүмкіндік берді", - деді "SPK Astana development" ЖШС директоры Ардақ Досанов.

Айта кетейік, жобаға қатысатын бизнес өкілдеріне сауда үшін қосалқы жер учаскесін жалға беру қарастырылған. Бағдарлама талаптарына сәйкес көкөністер мен жемістерді, тамақ өнімдерін, гүлдер мен баспа өнімдерін сату үшін пайдалануға рұқсат етіледі. Сонымен қатар арнайы бөлінген жерде техникалық қызмет, тұрмыстық және заңгерлік қызметтер көрсетілуі мүмкін. Жалға алу бағасы учаскенің ауданына байланысты.

"Егер сауда алаңы 20 шаршы метр болса, кәсіпкер 1 шаршы метр үшін жылына 20 мың теңге төлейді. 20-дан 30 шаршы метрге дейінгі учаске үшін тариф 16 мың теңгеге дейін төмендетілді. Егер павильонның ауданы 30 шаршы метрден асса, жалға алу құны жылына 1 шаршы метр үшін 14 мыңға дейін төмендейді", - деп түсіндірді Ардақ Досанов.

Кәсіп ашуды енді ғана жоспарлап жүргендер жер учаскесін конкурс немесе конкурстар мен аукциондар арқылы ала алады. "1000 орын - көше саудасы" бағдарламасына қатысушылар жердің техникалық сипаттамаларын өзгерте алады. Сондай-ақ бағдарламаға қосу үшін бос жатқан жерді таңдауға болады. Ол үшін "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына өтініш, өтініммен бірге фотосуретті және сұралған аумақтың сызбасын қоса беру керек.

Аукцион өткізу туралы хабарландыру "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ ресми сайтында, Нұр-Сұлтан әкімдігінің және "Атамекен" елордалық кәсіпкерлер палатасының сайтында орналастырылған. Өтініштер беру және аукционға қатысу www.gosreestr.kz порталында жүзеге асырылады. Естеріңізге сала кетейік, "1000 орын - көше саудасы" бағдарламасының операторы "Астана" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ-ның еншілес кәсіпорны - "SPK Astana development" ЖШС.