• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 21 Қыркүйек, 2020

Індеттің қайта өршуіне жол бермеу керек

307 рет
көрсетілді

Елдегі эпидемиялық ахуал тұрақталып, коронавирус инфекциясын жұқтыру көрсеткіші едәуір төмендеді. Алайда босаңсымау керек екені қатаң ескеріліп, індеттің екінші толқыны болжанып отырған тұста жағдай барынша бақылануда.

Қыркүйектің 18-і күнгі дерек бойынша елімізде 107 134 науқас тіркелген, соңғы тәулікте 78 адам COVID-19 виру­сын жұқтырған. Бүгінде 3835 адам емделіп жатыр, 1689 азамат қайтыс бол­ды. Сонымен қатар коронавирус инфек­циясының 30 579 ықтимал жағдайы тір­ке­ліп, 26 533 адам емделді, 337 адам көз жұмды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов мәлімдеді.

«14 қыркүйекте coronavirus.kz сайтында КВИ-ге ұқсас пневмониядан айық­қан 6 853 пациент туралы ақпарат жа­рияланды. Ал 15 қыркүйекте бұл көр­сеткеш артып, емделіп шыққандар 26 335 адамды құрады. Мұндай күрт өсу 1 тамыздан 13 қыркүйекке дейін стацио­нар­лық, амбулаториялық деңгейде және үйде емделген барлық пациенттің дере­гі мәліметтер базасына енгізілуіне байла­нысты болды», деп Б.Қожахметов.

Бүгінге дейін Қазақстанда COVID-19 вирусын қайта жұқтырған жағдай тір­келмеген. Коронавирус инфекциясынан кейін Кавасаки синдромына ұқсас дертке душар болған балалардың да жағдайы оңалып келе жатыр. Мұндай аурумен жалпы 35 бала ауырған. Соңғы 7 күннің ішінде бірде-бірде бір балада Кавасаки синдромы анықталған жоқ. 35 баланың 31-і аман-есен емделіп, үйіне қайтты. Қалған 4 бала қазір ем алып жатыр. Емделіп шыққан балалар учаскелік дәрі­герлердің бақылауына алынған.

«Жау жоқ деме, жар астында» деген­дей, бәлекет індеттің қаупі әлі сейіле қойған жоқ. Коронавирустың болжалды екінші толқыны босаңсуға әсте болмайтынын қаперімізге салып отыр. Вирус жұқтырып, ауруханаға түскен науқастар саны 30 мыңға жеткенде карантин шаралары қатаңдатылмақ.

«Бүгінде денсаулық сақтау жүйесі стационарларда кез келген сәтте коронавирус жұқтырғандарға 70 мыңнан аса төсектік орын дайындай алады. Бұл «қызыл шек» саналады. Қазір елімізде орташа есеппен 500-600 науқас анықталып жатыр. Егер бұл көрсеткіш 30 мыңға жететін болса, онда ең қатаң карантин шараларын енгізуге тура келеді», деді министрліктің ресми өкілі.

Оның айтуынша, коронавирустың орта­ша және ауыр формасымен ауыр­ған­дарды қамту үшін елімізге 5 мың өкпені жасанды желдету аппа­ра­­ты қа­жет. Бүгінде бұл аппараттар сатып алы­нып, ауруханаларға жет­кі­зіл­ген. Ап­па­раттардың 1,5 мыңы Қа­зақс­танда жа­салған. Еліміз бойынша жұқ­­палы ауру­лар ауруханаларының, про­ви­зор­лық орталықтардың басым бөлігі, ауру­ха­на­лардың барлығы оттегі концентратымен қамтамасыз етілген.

Сондай-ақ 3,5 мыңнан аса мобильді бригада құрылды. Оның басты мақсаты – бір сағаттың ішінде науқасты жа­қын арадағы ауруханаға жеткізіп, ал­ғаш­қы медициналық көмек көрсету. Ауыл-аймақта медициналық көмектің қол­­­же­тім­ділігін қамтамасыз ету үшін 100 арнаулы автобус сатып алынып, әр өңірге үлес­тірілді. Бұған қоса шалғай­да­ғы елді мекендерде жылжымалы дәріхана пунк­тері іске қосылды.

Сонымен қатар брифинг барысында ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиялық қа­да­ғалау басқарма басшысы Роза Қо­жа­пова індет жұқтыру қаупі күшейіп тұр­ған шақта елдердің санаты және әуе рейстерімен келетін жолаушылар жө­нінде сөз қозғады.

Оның айтуынша, әуе рейстері бо­йынша өзгерістер енгізілді. Енді бірінші санатқа 12 ел кіреді. Бұл қатарда ҚХР, Таиланд, Моңғолия, Малайзия, Мысыр, Гонконг, Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур, Германия, Беларусь, Әзер­­бай­жан бар. Осы елдерден келген жолау­­­шылар термометрия мен сауалдама­дан өтеді.

Екінші санатқа 21 ел енгізілді. Осы елдерден сапарлап келгендер термометрия мен сауалдамадан бөлек, ПТР әдісімен зертханалық тексерудің теріс нәтижесі бар COVID-19-ға тексерілгені туралы анықтама ұсынуы керек.