Мегаполиске арнайы іссапармен келген Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қаладағы Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету қызметінің коронавирустың жаңа толқынына дайындығын көрді. Сондай-ақ 2011 жылы елімізді алғашқы болып «Кезексіз емханаға» режіміне көшкен №17 қалалық емханаға барды.
Алматыда Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету (БМСК) деңгейінде барлығы 74 медициналық ұйым, 39 мемлекеттік емхана және 35 жеке меншік емхана жұмыс істейді. БМСК емдеу орталықтарында 9 914 медициналық қызметкер, оның ішінде 2 712 дәрігер бар. Қазіргі таңда БМСК ұйымдарына тіркелгендер саны 2 млн-нан асады.
Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы министрге емханалардың жұмысы мобильді бригадалармен күшейтілгенін мәлімдеді. Мобильді бригадалардың саны 5 есеге артты және 409 бригаданы құрайды. Бұл дегеніміз – 925 медициналық қызметкер. Амбулаториялық деңгейде 270 мыңнан аса науқас құны 11 млрд теңгеден асатын 1 млн-ға жуық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар COVID-19 індетімен ауырғандарды емдеуде БМСК ұйымдарына қолдау көрсету үшін Науқастарды мониторингілеу орталығы құрылды. Бұл орталықтың мақсаты – үйдегі тәуекел тобындағы науқастарды, егде жастағы адамдар мен қатар жүретін аурулармен ауыратын науқастарды бақылау. Соңғы айда орталықта 2 мыңнан аса науқасқа көмек көрсетілген.
«Біз БМСК ұйымдарының дайындығына үлкен мән беріп отырмыз. Бүгінде қалалық емханалар COVID-19 індетінің жаңа толқынына барынша дайын. Жұмыс вирус жұқтырған пациенттерге де, сондай-ақ тест нәтижесінде вирус анықталмаған пациенттерге де лайықты көңіл бөлуге бағытталған. Қалада жоспарлы емдеуге жатқызу тоқтап қалған жоқ, барлық медициналық ұйым жұмыс істеп тұр», деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Камалжан Надыров.
Эпидемия басталғалы бері емханаларларда қатаң карантин кезеңінде онлайн-консультациялар саны 80%-ға артты.
«Бүгінде емханалардың call-орталығының қызметтеріне 220-дан аса диспетчер тартылған. Бұл – телемедицина арқылы науқастың дәрігермен байланысын қашықтағы форматқа көшіргеніміздің жақсы көрсеткіші. Осылайша науқастар өздерінің учаскелік дәрігерлерінің бақылауында тұр. Онлайн-консультациялар дәрігерлердің тұрақты жұмыс режімінің бір бөлігі болды. Меніңше, бұл кеңінен қолданылады және постковидтық кезеңде де науқастардың белгілі бір санатына қашықтан кеңес алуға болатын қалыпты жағдайға айналады. Бұл науқастың инфекция қаупін азайтып қана қоймай, дәрігердің де ресурстары мен уақытын үнемдейді», дейді басқарма басшысы.
Денсаулық сақтау министрі Алматы қаласына жұмыс сапары аясында Алматыдағы №17 қалалық емханада болды. Осынау заманауи көпбейінді емхана 2010 жылы ашылған. Медициналық мекеме ауысымына 630 адамды қабылдай алады және медициналық қызметтердің кең спектріне бағытталған. Бұл емханада 85 мыңнан аса азамат тіркелген. Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының Жол картасының тапсырмаларын орындау үшін емханаға онкологиялық, фтизиатриялық, наркологиялық және психиатриялық қызметтері біріктірілген.
Аталмыш емхананың ерекшелігі – инновациялық технологиялар үздіксіз енгізілуде. 2011 жылы №17 Қалалық емхана Қазақстанда бірінші болып дәрігерлердің қабылдауына алдын ала жазыла отырып, «Кезексіз емхана» жұмыс режіміне көшті. Емхананың қабаттарында кезекті басқарудың және науқастарды дәрігерлер жұмыс кестесін хабарлайтын электрондық жүйелер, online режімінде мемлекеттік қызметтерді алуды жеңілдету үшін навигациялық жүйелер мен картридерлер орналастырылған. Онда әрбір адам e-gov порталы арқылы мемлекеттік қызметтерді алу техникасын үйренеді. Сондай-ақ емханада мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жаңа жағдайлар үнемі жаңартылып, енгізілуде.
Медициналық мекеме таза және лас аймақтарға бөлінген, сүзгілер мен бақылау бекеттері орнатылған. Науқастар ағынын санатқа қарай бөлудің мақсаты – вирустың ішкі таралуын және қызметкерлердің жұқтыруына жол бермеу.
«Айта кету керек, эпидемия өршіп тұрған кездің өзінде қалада бірде-бір емхана істен шыққан жоқ, олардың барлығы штаттық режимде жұмыс жасады. Медициналық қызметкерлер үшін ЖҚҚ қажетті қорлары сатып алынды, дәрілік заттардың резервтік қоры құрылды. Яғни бүгінде қалалық емханалардың тұрақты режімде жұмыс істеуі үшін және эпидемия қайта өршіген жағдайда қажеттінің бәрі әзірленді және қамтамасыз етілді», дейді К.Надыров.
АЛМАТЫ