Осыдан біраз уақыт бұрын елімізде ауыл әкімдерін сайлау науқаны болған еді. Яғни сайлау тәжірибесі арқылы әкімдер аудандық мәслихат депутаттарының дауыс беруімен сайланған болатын. Нәтижесінде, бірқатар ауылдық округтің әкімдері сайланып, жұмыстарын бастап та кетті. Дегенмен, халықты басқару, өзіне артылған міндеттерді мүлтіксіз орындау, жауапкершілікті өз мойнына алу ауыл әкімдері үшін оңай болған жоқ. Бүгінде тұрғындар тарапынан да сол ауыл әкімдеріне қатысты сын жиі айтылады. Әсіресе ауылдықтар көше, жарық, су және тағы да басқа мәселелерді жиі көтеріп, оның шешілуін жергілікті әкімдерден талап етеді. Сонымен қатар кейбір әкімдердің өзіне жүктелген міндеттерді толығымен орындамай жауапкершілікке тартылып жататыны бар.
Ел іші мәселесіз болмайды. Ауылда әлі де шешімін күткен өзекті мәселелер көп. Жергілікті тұрғындар әкімдерді сайлағанда да түрлі түйткілді мәселелердің шешімін табады деп үміттенген болатын. Мәселен, Талас ауданы Майтөбе ауылының тұрғыны Сейсенбек Ізетбаевтың айтуынша, ауылға газ тарту мәселесі әлі де өзекті. Себебі ауыл талай жылдан бері көгілдір отынмен қамтылмаған. Ал Қожағаппар ауылының тұрғыны Пансатбек Абаев ауыл жолдарын асфальттау керектігін айтады. Бұл – сол ауылдарда тіршілік кешіп жатқан талай тұрғынның тілегі. Жалпы, Талас ауданында 13 ауылдық округ бар. 2017 жылы Аққұм, Бостандық, Қызыләуіт және Ойық ауылдық округтерінің әкімдері сайланған. Одан кейін де биылғы жылға дейін бірқатар ауылдық округ әкімдері сайлау тәжірибесі арқылы қызметке келген. Сол сияқты Сарысу ауданы Түркістан ауылдық округінде де мәселе жетерлік. Мәселен, Түркістан ауылдық округіне қарасты Әшір Бүркітбаев елді мекенінің тұрғыны Дәуіт Бимбетов Абай, Н.Арапов көшелерінде жарықтың жоқтығын айтса, Құрманәлі Ибраев біраз жылдан бері жер телімін алу үшін конкурсқа қатысса да, әлі де ешқандай жер телімін ала алмай жүргендігін айтып, мәселе көтеруде. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданының ауылдарында да көшелерді жарықтандыру, газ тарту, интернеттің қолжетімсіздігі, жол жөндеу, жер телімін алу сияқты көптеген мәселе бар.
Шу ауданында 18 ауылдық округ бар болса, Дулат, Далақайнар, Ескі Шу және Төле би ауылдарының әкімдері сайлау тәжірибесі арқылы сайланған. Алайда жуырда Дулат ауылдық округінің әкімі Марат Әлімқұлов пен Төле би ауылдық округінің әкімі Ербол Даберов қызметтерінен босатылған. Мәселен, сол Дулат ауылының тұрғыны Самат Шакиевтің айтуынша, ауылдағы электр бағаналары ескірген. Сондай-ақ аталған ауыл тұрғыны Дастан Қармақбаев интернет желісінің нашарлығын айтып шағымдануда. Сол сияқты, Мойынқұм ауданында 13 ауылдық округтің және 3 ауылдың әкімі бар болса, өзіне жүктелген міндеттерді уақытында орындамағаны үшін жыл басынан бері Бірлік, Кеңес, Шығанақ, Мирный, Ақсүйек, Ақбақай ауылдарының әкімдері қызметтік жауапкершілікке тартылған. Олардың әрқайсысының мемлекеттік қызметте 10-15 жылдан еңбек өтілі бар екен. Ал осы жылы сайлау тәжірибесі арқылы сайланған Қарабөгет және Мойынқұм ауылдарының әкімдері жұмыстарын жалғастыруда. Мұндай мәселе облыстың барлық ауылдарында бар.
Жалпы, Жамбыл облысының ауылдарындағы тұрғындардың көпшілігі ауыз су, газ, жол, интернет, жарық мәселелерін жиі көтереді. Оны шешуге уақыт пен қаражат керек дегенмен, бүгінде мемлекет тарапынан тиісті қолдаудың бәрі де көрсетілуде. Бұл орайда ауыл әкімдері халықпен етене жұмыс істеп, тұрғындарды толғандырған өзекті мәселелерді аудан басшыларының алдына қоюы керек. Бірақ аудан әкімдері жыл сайын есеп бергенде мұндай мәселелердің біреуі де көрсетілмейді. Яғни ауыл әкімдері аудан басшылығына мұндай мәселелерді айтпайды деген сөз. Ал облыстың, ауданның әкімдері жұмыс сапарымен ауылдарға бара қалғанда, тұрғындар мәселесін бірден айта бастайды. Осыдан біраз жыл бұрын елімізде ауыл әкімдерін сайлау тәжірибесі өткені ел есінде. Дегенмен, әрбір ауыл тұрғындарының айтуынша, ауыл әкімдерінің көпшілігі тиісті басшыларға барып, мәселе көтеруге жоқ екен. Бұл да ауылдың дамуына кері әсер ететін жағдайдың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізуге болады деп ойлаймын», деген болатын. Егер Президент айтқандай, елімізде ауыл әкімдерін сайлау өткізілетін болса, бұл – ауыл әкімдеріне үлкен міндет жүктемек. Дегенмен, жергілікті халықтың пікірінше осы уақытқа дейінгі сайлау тәжірибесі өңірдегі ауыл әкімдерінің әлеуетін толық көрсеткен жоқ. Тек әкімдердің ұсынуымен, мәслихат депутаттарының қолдауымен өтіп кеткен кейбір әкімдердің жұмыс нәтижесін уақыттың өзі көрсетіп отыр. Тіпті сол сайлау тәжірибесі кезінде Байзақ ауданында ауыл әкімдерін сайлау үшін әр ауылдың жүзге, руға, атаға бөлінгенін ел біледі. Әркім өзінің ағайынын, туысын, жерлесін жақтап әуреге түскен. Мұндай жағдай Жамбыл ауданында да болған. Егер ауыл әкімдерін сайлау бола қалса, енді мұндай мәселелерге жол берілмегені дұрыс.
Жамбыл облыстық мәслихатының депутаты Масат Берік сайлауға қатысты тенденцияны қабылдай алмайтынын жеткізді. «Көпшілік әлі де жүз, ру, ата деген дерттен айыққан жоқ. Ауыл әкімдерін сайлау кезінде өткен жылдағыдай жағдайлардың қайталанбасына кім кепіл?!. Қызметке тәжірибесі бар, білікті, білімді азаматтардың барғаны дұрыс. Ол өзі сайланған ауылдікі бола ма, жоқ па, мәселе онда емес», дейді ол.
Ал Жамбыл облысындағы Талас, Байзақ, Жуалы аудандарында 19 жыл бойы әкім болған Батырбек Құлекеевтің пікірінше, ауыл әкімдерін сайлаған дұрыс. «Ауыл әкімдерін алғашқы сайлау тәжірибесінде көпшілік рушылдыққа кетіп қалды. Бірақ халыққа жақсы жұмыс істейтін адам керек. Мәселен, бұрында ауыл әкімдерінде бюджет болған жоқ еді. Бұрын ауыл әкімдері бюджеттің жиналуына қызықпайтын. Айталық бір ауылда бірталай шаруа қожалық бар. Бірақ олардың ешбірі салық төлемейді. Мысалы, бір кәсіпкер мыңдаған гектар жерге егін егеді. Бірақ екі адамның ғана салығын төлейді. Сол сияқты, тойхана, дүкен сияқты нысандары бар кейбір кәсіпкерлер де екі-үш адамға ғана салық төлейді. Бүгінде ауыл әкімдері осындай нәрселермен айналысуы керек. Бюджетке ақша түсіруді ойластыруы қажет. Сол ақшаға ауылдың шешілмей жатқан жол, жарық, су сияқты мәселелерін шешсе, жұмыс сонда көрінеді. Бұрын ауыл әкіміне кандидаттарды аудан әкімі ұсынатын. Оған мәслихат депутаттары дауыс беретін. Енді депутаттар да әкім ұсынған адамға дауыс береді ғой және аудандағы әр депутат әр ауылдық округтен сайланған. Сондықтан да әкімін сайлап жатқан ауылдың жағдайын олар жақсы білмейді. Сол үшін ауыл әкімдерін халықтың сайлағаны дұрыс. Мен Францияда болғанымда, жергілікті халық аудан, ауыл әкімдерін сайлап жатыр екен. Бізде де болашақта ауыл әкімдерімен қатар, аудан әкімдері де сайлануы керек. Халық өзіне керек адамды өзі таңдайды», дейді Батырбек Құлекеев.
Президент өз Жолдауында «Жергілікті бюджеттерді бекіту барысында бақылауды күшейту қажет. Себебі бөлінген қаражат көп жағдайда тұрғындардың шынайы қажеттілігіне жұмсала бермейді. Бір-екі көшені жыл сайын қайта-қайта жөндей беру, имидждік іс-шараларға жұмсалатын тиімсіз шығындар азаматтарымыздың наразылығын тудыруда. Бұл – орынды», деген болатын. Енді сайланатын ауыл әкімдері де Жолдауда айтылған осы міндетті қаперлеріне алғаны жөн. Ал енді ауыл әкімдерін сайлау кезінде біреудің адамы, біреудің кадры, біреудің жерлесі, туысы, ағайыны сияқты мәселелер болмауы керек. Жүзшілдік, рушылдық сияқты дерттің елді дамытпайтыны белгілі. Басшылыққа барар кездегі «Бармақ басты, көз қыстылық» елдің жағдайын түзей алмайды.
Жамбыл облысы