Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық туристік хабтың таныстырылымына қатысты, деп хабарлады Тұңғыш Президенттің баспасөз қызметі.
Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Каспий теңізінің жағалауындағы туристік хабты дамыту жобасы таныстырылды.
Кездесуде Елбасы отандық туризм индустриясын дамытудың маңызына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстанның бірегей табиғатымен қатар қасиетті жерлері, мәдени және тарихи орындары, Ұлы Жібек жолының бойындағы нысандары, археологиялық ескерткіштері бар екенін айта келе, елімізде демалыстың кез келген түрін дамытуға мүмкіндік бар екенін атап өтті.
– Туризмді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында туристік әлеуетке талдау жасалып, маңызды нысандар мен өңірлер анықталды. Іріктеу кезінде олардың туристік тартымдылығына басымдық берілді. Үздік өңірлер қатарына Алакөл, Балқаш көлдері, Щучинск – Бурабай курорттық аймағы, Түркістанмен бірге Маңғыстау да енді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Каспий теңізінің жағасында алғаш рет барлық қызмет түрі қамтылған отбасылық демалыс кешенінің құрылысына шетелдік инвестор тарту аймақ үшін маңызды оқиғаға айналды.
Жиында «Rixos» қонақүй желісінің басқарма төрағасы Ф.Таминдже бес жұлдызды люкс класындағы «Rixos Water World Aktau» қонақүйін дамыту жобасын таныстырды. Сондай-ақ қазақстандық және шетелдік инвесторларды тарту арқылы туристік кластерді кеңейту жоспарларымен бөлісті.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл Каспийде ауқымды халықаралық туристік хаб құру жолындағы алғашқы қадам екенін, алдағы уақытта осында қазақстандықтармен бірге шетелдік қонақтар да өте қолайлы уақыт өткізе алатынын атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстанның Тұңғыш Президенті Каспий жағалауындағы курорттық аймақта жаңа жұмыс орындарының құрылуы ерекше маңызға ие екенін айтты. Шара барысында өңірдің туризм саласын дамыту 50 мыңға жуық жұмыс орнымен қамтуға мүмкіндік беретіні, сондай-ақ жобаны іске асыру үшін шамамен 2 млрд доллар инвестиция тартылатындығы атап өтілді.
– Тәуелсіздік жылдары біз біраз шаруа атқардық. Бұрын ешкім танымаған Қазақстан қазір әлем картасында лайықты орын алып отыр. Біз жаңа елорда салдық. Бүгінде ол басқа облыс орталықтары мен өңірлерді дамытудың үлгісіне айналды. Мен барлық мұсылмандардың қасиетті мекені – Түркістан қаласына баруды жоспарлап отырмын. Қазақ хандығының ежелгі астанасы болған шаһар қазіргі уақытта түрленіп, туристік әлеуеті артып келеді, – деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев туризмді мақсатты түрде дамытуға бағытталған қадамдар тек жекелеген аймақтардың ғана емес, бүкіл республиканың экономикасына оң серпін беретінін атап өтті.
Жиын соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті «Rixos Water World Aktau» қонақүйі кешенін аралады.
Сондай-ақ іс-шараға онлайн-конференция форматында отандық және шетелдік инвесторлар қатысты. Олардың қатарында – ACCOR компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка аймағындағы люкс класындағы қонақүйлерді дамыту жөніндегі бірінші вице-президент Ф.Боден, ÖG Holding басқарма төрағасы О.Гюр, «BI Group» құрылыс холдингі директорлар кеңесінің төрағасы А.Рахымбаев, «Базис-А» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы А.Белович бар.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті, сонымен қатар Әбіш Кекілбаев атындағы музейге барды. Музейді аралау кезінде Нұрсұлтан Назарбаев қазақтың белгілі жазушысының ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Сондай-ақ Елбасы Ә.Кекілбаевтың өмірі мен шығармашылығына арналған музей экспонаттарымен танысты. Соңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті музейдің Құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды.