Төтенше жағдай министрлігінің жеке құрамы Нұр-Сұлтан қаласының Алматы ауданында арнайы рейд жүргізді. Мақсат – жер үйлердің қысқы жылыту маусымына дайындығын тексеру.
Төтенше жағдай министрлігі 15 тамыздан бері республика бойынша өрт қауіпсіздігі айлығын ұйымдастыруда. Осылайша, жылыту маусымы жақындаған тұста тұрғындардың назарын әдеттегідей қауіпсіздік шараларына аударып отыр.
– Жылдағы дәстүр бойынша жеке секторда тұратын адамдар арасында рейд өткізудеміз. Мақсат – өрт қауіпсіздігінің негізгі ережелерін түсіндіру. Бірінші кезекте тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың үй-жайын тексеруге басымдық беріледі, – деді министрліктің басқарма бастығы Орал Әбдірахманов.
Төтенше жағдай мамандары жылу пештері мен қондырғыларының дайындығына мән береді. Сондай-ақ тұрғындарды пеш мұржаларын ыстан тазартуға шақырады.
Деректерге сүйенсек, былтырғы жылыту маусымында республика бойынша 5 мыңнан астам өрт шыққан. Салдарынан 222 адам көз жұмды. Бұған негізінен пеш жаққанда қауіпсіздік ережелерін сақтамау себеп. Сонымен қатар электр желілерін монтаждағанда, іске қосқанда қауіпсіздік ережелерінің бұзылуы да төтенше жағдайға түрткі болады.
Өкінішке қарай халықтың өрт қауіпсіздігіне қарсы мәдениеті әлі ақсап тұр. Ведомство мамандары тарапынан арнайы рейдтердің жиі жүргізілетіні де сондықтан. Түсіндіру жұмыстары төтенше жағдайдың алдын алуға септігін тигізеді.
– Жылу пештерінің мұржасы үш айда бір рет тазалануы керек. Ал үздіксіз жұмыс істейтін пештерге екі айда бір рет назар аударған абзал. Пешті қараусыз қалдырмау керек. Әсіресе баласы бар үйлер мұқият болған жөн. Бұдан бөлек қызып тұрған пештің үстіне аяқ киім мен су ағашты кептіруге болмайды, – дейді Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері.