• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 21 Қыркүйек, 2020

NU түлектері қазақстандық оқушылардың сабағына көмектеседі

218 рет
көрсетілді

Назарбаев Университетінің түлектері мектеп оқушыларына оқуда көмектеседі. "NU Alumni" түлектер қауымдастығы білім берудегі тәлімгерлік бойынша "E-Tutor" әлеуметтік жобасын іске қосады, деп хабарлайды  Egemen.kz.

Жоба аясында НУ түлектері мен студенттері қатарынан кураторлар волонтерлық негізде 5-11 сынып оқушыларына бірқатар пәндер бойынша мектеп бағдарламасын меңгеруге көмектесетін болады. Оқушыларды іріктеу кезінде ең алдымен медицина қызметкерлерінің отбасы мүшелеріне, сондай-ақ көп балалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылардан шыққан балаларға басымдық берілетін болады.

"E-Tutor" жобасы - бұл виртуалды алаң, онда оқушылар пәндерді меңгеруде көмек алып қана қоймай, робот техникасы, информатика және бағдарламалау бойынша үйірмелерге жазыла алады. Сондай-ақ, менторлармен бірге балалар олимпиадаларға дайындалып, емтихандарды, соны ішінде IELTS және SAT-ті де  тапсыра алады.

"Біздің жоба қазақстандық оқушылардың әлемдік білім беру кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жәрдемдесу үшін ойластырылған. Бүгінгі таңда біздің жобамыз елорданың бірнеше мектебін ғана қамтиды, бірақ болашақта еліміздің әр өңірінен келген балаларды оқуда қолдау арқылы оның географиясын кеңейтуді жоспарлап отырмыз", деді "NU Alumni" қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Арман Қоңқабай.

Сабақты оқушының таңдауына байланысты қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде өткізу жоспарлануда. Әр оқушы 3 пәнге дейін таңдай алады, ол бойынша куратор апта сайын 45 минуттан онлайн-сессия өткізеді. Барлық білім беру материалдары: онлайн-сабақтардың жазбалары, әдістемелік анықтамалықтар, оқулықтар, емтихандарға дайындық бойынша ұсынымдар және т.б. жобаның арнайы сайтында орналастырылатын болады.

Бұл жоба мені қызықтырады және  қазір мен Ресейде жұмыс істеп жүргеніме қарамастан, оны қолдауға бел будым. Оның үстіне, барлық жұмыс онлайн-форматта жүргізілетін болады. Біздің жоспарымызда - білім алушылармен онлайн-конференциялар өткізу және кураторлар, оқушылар және олардың ата-аналары арасында оқыту процесі бойынша тұрақты кері байланысты қамтамасыз ету, – деп атап өтті жобаның қатысушысы, Мәскеудегі GeoSteering Technologies компаниясында геомеханик- инженер болып жұмыс істейтін НУ түлегі Темірлан Жекенов.

Бүгінгі күні жобаға іріктеудің барлық талап етілетін кезеңдерінен өткен 69 куратор-түлектер қатысуға ниет білдірді. НУ түлектерінен өтінімдердің түсуі жалғасуда.