"Цифрлық жаз 2020" бағдарламасының қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың 1 шілде мен 28 тамыз аралығында 36 түлек тағылымдамадан сәтті өтті, 2021 жылы университетте оқуын аяқтағаннан кейін 33 түлек "Самұрық-Қазына" қорының компаниялар тобында жұмыс істеу мүмкіндігін қарастыруда. Қазіргі карантинге байланысты бағдарлама онлайн форматта өтті, деп хабарлайды Egemen.kz
"Цифрлық жаз" бағдарламасы қазақстандық жоғары оқу орындарының бакалавриат және магистратура студенттеріне "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ" АҚ портфельдік компанияларында, оның ішінде "Қазмұнайгаз", "Қазақстан темір жолы", "Қазпошта", "Самұрық-Энерго", "Қазақтелеком" және т.б. компанияларда 2 айлық тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. 2018 жылы жоба іске қосылған сәттен бастап Қордың компаниялар тобына 43 жас маман жұмысқа орналастырылды.
Осылайша, биыл тағылымдамадан өтушілер "ҚТЖ" ҰК" АҚ еншілес компанияларында жұқтыру саны бойынша чат-ботты әзірлеу жөніндегі жобаға, "Самұрық-Энерго" АҚ-да энергия өндіру жүктемесі бойынша процесті автоматтандыру жөніндегі "SE Monitoring" жобасына, сондай-ақ "Қазақойл Ақтөбе" ЖШС-да "Мұнайшы күні" іс-шарасын әзірлеу сияқты ірі жобаларға белсенді қатысты.
Айта кетейік, әрбір қатысушыға компания қызметкерлері қатарынан жеке тәлімгер бекітілген.
Өз кезегінде, жобалық топ тағылымдама қорытындысы бойынша жыл сайынғы "Summer HACK 2020" Хакатонын онлайн режимде өткізді. Хакатон барысында онлайн-алаңдарды пайдаланудан бастап, әр команданың онлайн-тәлімгерлігіне дейінгі барлық техникалық мүмкіндіктер іске қосылды. Осылайша, қатысушылар "Самұрық-Қазына" қоры компаниялар тобының нақты бизнес міндеттерін шешті.
Естеріңізге сала кетейік, Қордың Басқарма Төрағасы Ахметжан Есімов "Цифрлы жаз" бағдарламасына оң баға берді, ол Қордың компаниялар тобына жас және талантты мамандарды іріктеуге мүмкіндік береді. Осы бағдарламаның бірегей ерекшеліктерінің бірі SAP, Microsoft, Cisco, IBM сияқты компаниялардан және "Самұрық-Қазына" корпоративтік университетінен hard-skills және soft-skills бойынша оқыту болып табылады.