• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 21 Қыркүйек, 2020

Алматы ХҚО-ларынан жұрт қуанып қайтады

211 рет
көрсетілді

Адамдардың көпшілігі алғаш жеке куәлігін, жүргізуші куәлігін немесе сәбилерінің алғашқы құжаттарын алған кездерін ешқашан ұмытпайды. Ал, олардың қуанышты сәттерінің куәсі – Халыққа қызмет көрсету орталықтары. Онда күн сайын Қазақстан Республикасының азаматы өз төлқұжатын алып, алғашқы жүргізуші куәлігін рәсімдеп, жаңа туған сәбиінің куәлігіне өтініш беріп жатады. Осындай сәттегі қуанышты бөлісіп, жан жылуын сыйлау үшін «Азаматтарға арналған үкімет» жұмыстарына жаңа үрдіс енгізгенге ұқсайды. Өміріндегі маңызды жайттармен байланысты құжаттарын рәсімдеуге келген әр тұрғын бұл жерден көтеріңкі көңіл күймен шығып, сый-сияпаттарға ие болып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz

Әуезов аудандық ХҚО бөліміне келген белгілі әнші Асхат Тарғын: "Бүгін ұлымыз екеуміз Алматы қаласы Әуезов ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығына бардық. Жақында дүниеге келген қызым Хадияның туу туралы куәлігі дайын болған екен. Соны орталық қызметкері табыстады. Бізге куәлікпен қатар қошаметпен құрмет көрсетілді. Сыйлық берді. Таңертең ерте барсаңыз, Сіз де аласыз. Ұлыма чупа-чупс, шоколад берді. Мен үнемі осы орталыққа барамын", дейді.

Ал Алматы қаласындағы Алатау аудандық ХҚО бөліміне егіз балаларына жәрдемақы рәсімдеуге келген Арайлым бұрын мұндай құттықтаулардың болмағанын айтып: "Балаларымыздың бір жасқа дейінгі күтіміне арналған жәрдемақыға өтініш бердік. Енді ғана "Күміс алқаға" үмітті ана болсам да, бұрын бұлай ілтипат көрсетілмейтін", дейді.

Алмалы-2 фронт-офисіне келген Нигерия азаматтары "Салық төлеушілерді тіркеу" мемлекеттік қызметін алды. Мемлекеттік тілді түсінбесе де, бөлім мамандарының жоғарғы сападағы қызметі мен құрметтері үшін алғыс білдірді.

Ал Әуезов бөліміне зейнет жасын рәсімдеуге келген Еркінбек Қойшыбаев Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді ұсыну әлдеқайда жоғары деңгейде екенін айтады. "Мен Мәскеуде жұмыс істеймін. Зейнеткерлікке құжаттар рәсімдеу мақсатында келген едім. Ресеймен салыстырғанда қызмет көрсету жақсы жолға қойылған екен. Бөлім қызметкерлеріне рахмет", дейді отандасымыз.

"Азаматтарға арналған үкіметтің» Алматыдағы Алмалы фронт-офисінен қызмет алдым. Алдын- ала кезекті броньдап келу, пандемия кезінде сақтық шараларын сақтау, сапалы қызмет көрсету – бәрі-бәрі жақсы жолға қойылыпты.  Мамандар сыпайы әрі сауатты қызмет көрсетуде...Сонымен қатар, қуаныш сыйлауды да ұмытпайды екен. Рахмет Сіздерге! Еңбектеріңіз жемісті болсын!", дейді Олимпиада чемпионы Мая Манеза.

Алматы қаласының Медеу ауданының тұрғыны Зейнаб пен Арслан Газиевтер қызы Лейланың  шетелге шығуға рұқсат беретін паспортын алып кетуге келіп, құттықтауларға ие болғанына риза.

"Лейла ХҚО-ға бірінші рет келіп еді. Осындағы аға-апаларынан құрмет көріп, сыйлық алып, қуанышы қойнына сыймай тұр. Қызымыздың риясыз қуанышына біздің де жанымыз жадырады", дейді анасы.

Азаматтарға арналған үкіметтегілер "Бақытты клиент" тұжырымдамасын қолға алып, әр келушіге сапалы қызмет қана көрсетіп қоймай, осылайша қызмет алушының көңілін де аулауға тырысатынын айтады.

"Халыққа қызмет көрсету орталықтары - адамдардың өмірінің кейбір керемет сәттерінің куәсі болып жатады. Дәл осы сәттер жағымды естелік болып қалу үшін біз зейнетақы рәсімдеуге, баласының туу куәлігін алуға, 16-ға толып алғашқы ересек құжатын алуға келгендерді ерекше құттықтап, мамандарымыз орнынан тұрып, қол шапалақтайды. Олардың қуанышына қуаныш қосып, сыйлықтар жасайды. Қызмет алушының ризашылығы біз үшін қашанда қымбат. Осындай көріністер қызметкерлерге де қуат сыйлап, ХҚО ішінде ерекше көңіл күй орнайды", дейді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы Алматы қаласы филиалының директоры Данияр Қырықбаев.

Енгізілген дәстүр жетістікке жете ме, жоқ па, айтуға ерте. Дегенмен, ХҚО-лар бірінші болып Қазақстанның мемлекеттік органдарына трендтерді үлгі етіп бастағанын еске сала кеткен жөн. Олар бірінші болып кедергісіз қызмет көрсетуді, бір терезе және бір мәлімдеме қағидатын, "проактивті" қызметтер ұғымын енгізді және алғашқылардың бірі болып азаматтың биометриялық деректерін қолдана бастады.