Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ-ның 75 жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі іс-шарада сөйлеген сөзінде алдағы онжылдық 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың күн тәртібінде тұрған міндеттерін жүзеге асыру және қазіргі заманғы дағдарыстарды еңсерудің тиімді жолын табу үшін шешуші кезең болады, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Бұл ауқымды мақсат ортақ күш-жігерді және жауапкершілікті талап етеді. Біз Бас хатшы Антониу Гутерриштің табанды көшбасшылық қызметіне ризашылық білдіреміз. Сондай-ақ, оның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы тиімділікті, ашықтық пен айқындықты арттыру жөніндегі қазіргі жұмысына қолдау көрсетеміз", деді Президент.
Сондай-ай Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстан БҰҰ-ның миссиясы мен Жарғысын берік ұстанады. Сонымен қатар, еліміз тұрақты, әділетті және өркендеген әлем құру жолындағы ортақ міндетті жүзеге асыруға атсалысатынын айтты.
"Біріккен Ұлттар Ұйымы ауқымды әрі бірден-бір әмбебап халықаралық ұйым ретінде шын мәнінде баламасыз болып қала беретініне сенімдімін", деді Президент.