• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әдебиет 22 Қыркүйек, 2020

Дейтон сыйлығы Этвудқа бұйырды

138 рет
көрсетілді

«Қызметші әйелдің әңгімесі» атты әйгілі роман­ның авторы Маргарет Этвуд мәртебелі әдеби сыйлықтардың бірі – Дейтон сыйлығының лауреаты атанды. Жазушы оған творчестводағы кәсіби жетістіктері үшін ие болып отыр.

Сыйлықты тағайындаушылардың пікірінше, Этвуд шығармалары көркемдік қуатынан бөлек әлеуметтік құндылыққа да ие. Бұл әдебиеттің әлем тағдырына сөзсіз ықпал ететіндігін дәлелдеп қана қоймай, түрлі елдердің адамдары арасында ортақ әділдік пен өзара түсіністіктің орнауына әсер етеді.  

Қазылар алқасының төрайымы Шэрон Рабтың атап өткеніндей, Этвудтың әлем әдебиетіне қосқан үлесі өлшеусіз: «Өз романдары арқылы Маргарет Этвуд мүмкін емес ештеңе жоқтығын біздің есімізге үнемі салып отырады. Өзгерістер, бәлки, олар жағымды болмауы да мүмкін, өмірімізде аяқ астынан орын алуы ықтимал. Демократия заңдарына күмән келтіріле бастаған бүгінгі күндері автор кітаптарының маңыздылығы арта түседі».

Шығармаларындағы жағымсыз болжамдарға қарамастан, Этвуд өзін пессимистер қатарына қосуға асықпайды екен. Оның ойынша, қазіргі заманда оптимизмге толы реалист болып қалу қажет – біз сонда ғана кез келген қиындықты оңай еңсеріп қоймай, ауқымды өзгерістерге ықпал ете аламыз.

Айта кетейік, Маргарет Этвуд – заманауи әдебиеттің ең көрнекті авторларының бірі. Ол әрқайсысы оқырман жүрегіне жол тапқан он жеті роман жазған, ал АҚШ-тың сұмдыққа толы тоталитарлық болашағын сипаттайтын «Қызметші әйелдің әңгімесінің» жалғасы болып табылатын «Өсиеттер» кітабы жылдың ең көп сатылған кітабына айналды.