Муракамидің «жазушының кітабы өзі өлгеннен соң 30 жылдан кейін қайта басылып шықса, әдебиет тарихында аты қалады» дейтін сөзі ылғи еске түседі. Ойланатын-ақ шаруа. Жүз жерден тума талант болмасақ, әлгіндей ескертудің үдесінен шығып көр. Оқығаннан он күн өтпей ұмытылып қала беретін шығармалар ығы-жығы. Қаптап жүрген қаламгерлердің арыда М.Әуезов, сәл бері Ә.Нұрпейісов, одан бері Т.Әбдіков және аздаған тағы тағыларымыз болмаса, қайсыбірінің қазығын қайда апарып қадайсың. Әбіш Кекілбаевтың самсаған сансыз саналы ойдан самғап шығатын «Шыңыраудай» өлмес өрен шығармасы енді қашан туады, қайдам. Бұл М.Мақатаев, Ж.Нәжімеденов, Т.Молдағалиев және идеалға тиесілі жаңағы сөз.
Жалпы, алайда деген айналаңда жүріп алатын әттең-айдың әңгімесі өз алдына. Мысалы, көзден таса болса, көңілден ұмыт. Бұл өзі ел-жұртты ерте елең еткізіп, етек-жеңін жиып үлгермей жатып, жанбай өшетіндерге байланысты жай. Танылып келе жатқанда тағдырының жазуы – талқаны таусылып қалады. Бара-бара есімдері естен шығады. Сондай бір таланттың бірі – Жәлел Кеттебеков деген жазушы. Мәскеудің Горький атындағы әдебиет институтын бітіргенін, ауыл қазағы екенін білеміз. Қысқа ғұмыры ел арасында өтті. Бес-алты кітабы жарық көрді. Ешкімге ұқсамайтын соны жазуымен ерекшеленетін. «Қашқын» дейтін тамаша повесі болды. Сол қаламгер қазір ұмыт. Былтыр досы Мархабат Байғұт 75 жылдығын ұйымдастырыпты. Болған, біткені сол. Оқырман атын да, затын да білмейді, білсе, еміс. Тұтқабай Иманбеков атты жақсы жазушы да жалпы ұмыт. Кезінде шығармалары мақталып та жататын. Өлеңдеріне Ғабит Мүсірепов арнайы мақала жазғанда, түсінбей жазған дейтін, өткірдің жүзі Тоқаш Бердияровты, сыршыл ақын Меңдекеш Сатыбалдиевті айтып жүргендер ілуде біреу. Әулиеатада Асқаржан Сәрсек атты тамаша балалар ақыны болды. Университетте бірге оқыдық. Кейінірек мен Таразға келгенде тағдыр тауқыметінен азып-тозып жүрген. Оны іздеп, тауып, қамқорлығыма алғанмын. Бірақ кенеуі кеткен денсаулық ұзаққа апармады. Алдына қойған айқын мақсаттары бар еді. Бәріне үлгермеді. Мезгілсіз үзіліп кетті. Соңы үнсіз қалды. «Өлдің, Мамай, қор болдыңның кері». Әулиеатада дәл қазір оған тең келер бірде-бір балалар ақыны жоқ және ендігі жерде бола қоюы да неғайбыл сияқты.
Бір кездері аты жап-жақсы шыққан Свет Оразаев деген ақынды былайғылар мүлде ұмытты. Осыдан 20 жыл бұрын екенін, әлде одан да арыда ма, бір күні пәтерге екі азамат келіп кірді. Екеуін де көрмегенмін. Жөн сұрағанда біреуі Свет болып шықты. Бұрын еш кездеспегенмін. Өлеңдерін оқығаным бар. Қордай ауданының Көкадыр деген ауылының малшы тұрғынының қолында соның қойын бағып жүр екен. Ақынның өңі жүдеу, киімі ескі-құсқы. Қолында қалың «общий тетрадь». «Жазып жүрген өлеңдерім», деді. Күтпеген жағдайдан күйзеліп кетті. Құдай-ау, Қазақстанның бір қиырында туып-өскен ақын Қордайдағы біреудің қойын қалай бағып жүр?! Тағдырдың тәлкегі ме, немене? Құдайдың ісі деп жатамыз. Бұған Жаратушының қандай қатысы бар. Әркімнің не көрсе де, өзінен. Шерағамның бір айтқаны бар: «Әбдіжәміл Жұмабаев екеуміз Мұқағалидың көңілін сұрауға ауруханаға іздеп бардық. Тау жақта екен. Сонда ақынның айтқан жалғыз ауыз сөзі: «Көкте Құдайға, жерде адамға қояр кінәм жоқ, өзіме-өзім жасадым» депті.
Реті келгенде еске ала кетсем де артық болмас. Ұмытылып кеткендер орыстарда да кездеседі. Иван Барьков деген орыс поэзиясына антиэротикалық классиканы алып келген еді. Бар-жоғы 33 жыл жасаған кеңсе қызметкері. Оның поэзиясына Александр Пушкин сұмдық тәнті болған. Университетте оқып жүрген досы, князь Вяземскийге жазған хатында: «Сіз Иван Барьковтың поэзиясын оқыдыңыз ба, егер оқымасаңыз, ештеңе оқымағансыз», деп жазған.
Кемеңгер Пушкин Барьковты орыс поэзиясының жаңа тұрпаттағы реформаторы, адамдарды азғындаудан ескерткен ерекше талант деп таныған. Амал не, орыстар әсіре ұялшақ қалпында қала берді. Ал Барьков ұмытылды.
Еш нәрсесін, ешкімін ұмытпайтын жалғыз халық – еврей. Осы ұзын саны 16 миллион ұлттың он алты энциклопедиясы бар деседі. Осы энциклопедияда әлемнің кез келген түкпірінде тұратын еврейдің мекен жайы, қызметі, мейлі ол тас қалаушы, автожүргізуші, қарауыл – бәрі-бәрінің есімдері қатталған екен. Бұл өзі біз әлі күнге айқайлап айтуға қаймығатын ұлттық, ұлтшылдық ұлы ұстанымдары. Өрелі өркениеттің әлемнен шыққан күллі адамзатқа ортақ кемеңгерлерді былай қойғанда, бүгінгі заманның әлемдік ақыны Бродскиі шығып отырған жоқ па?!
Ұмытып кеткен немесе ұмытылып бара жатқан талантты ақын-жазушыларымыздың бірінің аяғы тастан тайды, бірін мақтау, бірін даттау құртты. Өкінішті. Өкініштісі, өздерін өздері өзекке тепті. Ал көзі тірілер оларды өзекке теппесе керек. Есімдерін еске сақтау да ендігінің бір шапағаты. Еңсесін тіктеп, етегін жауып келе жатқан еліміздің рухани әлеміне селдетіп болмаса да, тамшылап таңбасын қалдырып кеткен ақын-жазушыларымызды есімізден шығарып алмау – бізге парыз.
Несіпбек ДӘУТАЙҰЛЫ,
жазушы