• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Қыркүйек, 2020

Үш тал өлең

522 рет
көрсетілді

«Хатико» синдромы

Қарашада құс та ауыр күрсінеді,

Қарашыққа мөлдіреп мұң сіңеді.

Құсни-хатым айналып жастығыңа,

Сен де, жаным, сағынып жүрсің мені.

 

Жолдар ұзақ: арамыз мың шақырым.

самолет ұшса баяу...

поездар жүрсе ақырын...

Теңіз кешіп, тау асып жетсеңші енді!

демесең:

шағылса Айым, сынса Күнім.

Сенсіз жүрген жолдардың бәрі бекер,

Бізді жолықтырар ма Тәңір-әкем?

Қарашамыз биылғы Шілде болды,

Кері кетер дүние, кері кетер...

Көшелер де бос қалды көліктерсіз,

Айырылды баяғы көріктен Күз.

бұл жақта Жер – құп-құрғақ.

бұл жақта Ауа – қапырық.

Шалшық суға аяғын малып отыр

еріккен қыз.

Көз жанарың талды ма Ай күзетіп?

айғыз бетін ақтадым қайғы жетіп.

сеніменен танысқан қай Күз еді?

сені менен айырған қай Күз еді?

Екеумізді сынайтын сықылды Күз,

Жалғыздыққа жабырқау жұтылдым жүз.

Батыс жаққа кетіп ең...

жол қарайлап,

Біз Алматы екеуміз күтіп жүрміз...

Қашан  келесің?

 Әсел КӘРІБАЙ

 

Жазығы қанша?..

Өкініштерден қашқым келеді,

Өшіре көрме, кеудемдегі отты – суық жел!

Мүмкін ол соңғы жарығым...

Мен болып есіп көргенде жоқсың әлі күн.

Ұмытшы менің ақымақтығым,

әлсіздігім мен өкпемді,

Ағызып жасын ақын ақтығын

Ақ қағаздарға төккендей.

Жазығы қанша,

Сұлулығымды жаттамас сенің жанарың.

Самалмен бірге сыр ұғынуды

Сағынбай ма әлде қалауың!?

Өшіре көрме, өтінем оны,

Ең жарық жерім – жүрегім!

Ақ қағаздардың бетінен оның,

Сәулесін көріп жүрейін.

Қарайта көрме,

Жылай алмайтын,

ешкімнен жарық сұрай алмайтын,

Сорлымын.

Тілекті жасқа айналдыратын,

Жүректі тасқа айналдыратын,

Өкініштерден қашқым келеді,

Дәл бүгін!

 Нұрсәуле ТОЛҚЫН

 

Қызғалдақ құрбыма

Ғажайып екенсіз Голландқа бергісіз!

Сіз кімсіз?!

...Аспан ба? Жоқ, әлде Жермісіз?!

..Менің де ғұмырым – Қызғалдақ!

Тек оны...

Қай кезде үзері белгісіз...

Сұлулық болса ғой мәңгі жас!

Мәңгі өлмес! Қазасыз!

Сіз неткен сұлусыз! Тазасыз!

...Ғұмырлық сұлулық тек қана өлеңде!

Бәлкім, сіз де өлең жазасыз?!

Мүмкін сіз ұлы ақын шығарсыз?!

Пенделіктен биік тұратын шығарсыз?!

Байқатпай осынау бар ғаламды

Мейірімді ерініңізбен сүйіп тұратын шығарсыз?!

Сіз кімсіз?

Жаралып әкесіз, шешесіз,

Неліктен келте өмір кешесіз?!

Планета делінген мейрамxанаға қош келдіңіз!

Не ішесіз?!

..Шаттық па?! Жоқ, әлде, мұң, бәлкім?

Даяшы бар ма екен?!

Тыңдар кім?!

Естілік ішіңіз есепсіз,

Өмірде өзінше жынды әркім...

Уа, құрбым!

Голландтан мәңгі жоғаласыз да,

Ата-жұртыңызға ораласыз ба?!

Жалқыннан жалқын күн кештім мен де,

Жан құрбым бола аласыз ба?!

 Қарлығаш ҚАБАЙ