Жетісуда жұқпалы індеттің жолын кесудің барлық мүмкіндігі жасалып жатыр. Қазір өңірдегі ауруханаларды қажетті құрылғылармен жабдықтау ісі қарқын алған. Дертке дауа боларлық дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмау мақсатында бірқатар жұмыс атқарылуда. Әсіресе, ауылдағы ағайынның денсаулығын сақтауға барынша көңіл бөлініп отыр.
Әдетте, медицина қызметінің сапасы туралы айтқанда біз орталық қалалардағы жағдайды ғана сарапқа салып жүрміз. Ал денсаулық сақтау қызметінің негізгі өзегі алыс ауылдарда тұратын науқастарды сауықтыру мен емдеуге бағытталғанын ескеруге тиіспіз. Өйткені аймақтағы жұрттың ауқымды бөлігі бас ауырып, балтыр сыздағанда облыс орталығындағы әмбебап ауруханаларды жағаламайтыны анық. Яғни елді мекендердегі емдеу мекемелерінің маңызы басты орынға шығады. Демек алғашқы медицина көмегін көрсететін шағын емхана мен амбулаторияларға деген сұраныс ел ішінде өте жоғары күйінде қалып отыр. Мәселен, Алматы облысында 235 дәрігерлік амбулатория, 104 фельдшерлік-акушерлік пункті және 220 медицина бекеті бар екен. Тұрғындарының 80 пайызға жуығы ауылды мекендейтін аймақ үшін бұл көрсеткіш мәселені толық шеше алмай отыр. Нақтысы, облыстағы 2 млн жанның басына шаққанда алғашқы медицина көмегін көрсететін орындардың тапшылығын жою атқарушы биліктің маңызды жұмысының бірі болып тұрғаны анық. Ал бұл бағытта бірқатар іс қолға алынған екен.
– Биыл 12 денсаулық сақтау нысаны, оның ішінде 9 дәрігерлік амбулаторияны салуға жергілікті бюджеттен 3 млрд 494 млн теңге қаржы бөлінген. Мұндағы 10 нысанның құрылысы жыл соңына дейін аяқталуы тиіс, ал екеуі келесі жылға ауысады. Жалпы, биыл елді мекендердегі 8 дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріледі, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбеков.
Сондай-ақ «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында республикалық бюджеттен 4 медициналық амбулатория мен 1 медицина орталығының құрылысына 1 млрд 621,2 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл нысандардың бәрі биыл пайдалануға беріледі деген жоспар бар. Бұған қоса тағы 4 және 2 дәрігерлік амбулаторияны, 4 фельдшерлік-акушерлік пунктті күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалған. Жалпы, жыл соңына дейін облыс бойынша 13 дәрігерлік амбулатория мен 1 медицина бекеті іске қосылмақ.
Осы тізімде көрсетілген амбулаторияның бірі жақында Көксу ауданында ашылған болатын. Көксу темір жол бекетінде ашылған дәрігерлік амбулатория заманауи талапқа толықтай сай екен. Нысанда балалар мен жүкті әйелдер, күндізгі ем қабылдайтын бөлім және зертханалық орталық жұмыс істейді. Қажетті медициналық құралдармен жабдықталып, жиһаздармен толықтырылған жаңа мекеме «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында іске қосылыпты. Құрылысқа облыстық бюджеттен 341 млн теңге бөлінген. Көксулықтар бұған дейін тар бөлмелі, тозығы жеткен амбулаторияға барып жүрген еді. Енді ауыл дәрігерлері күніне 30 адамға дейін қабылдап, медициналық көмек көрсете алады.
– Көксу темір жол бекеті аудан орталығынан 30 шақырым қашықта орналасқан. Сондықтан ғимарат пен медициналық құрал-жабдықтың мүмкіндігі жоқ болғандықтан алғашқы дәрігерлік көмек көрсету мәселесі туындап келген еді. Науқасты тасымалдау кезінде қиналып, әрі тәуекелге толы сәттер де болып тұрды. Ал жаңа амбулаторияның ашылуымен бұл қиындықты еңсереміз деп ойлаймын. Өйткені жаңа нысанда жедел көмек көрсетуге, науқастарды қабылдауға, ем жүргізуге толық жағдай жасалған. Құрылғылар да жаңадан қойылды. Мекемеде жалпы 12 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 1 дәрігер және 8 орта буын қызметкері бар. Жұмысқа жас мамандарды қабылдауға да мүмкіндік туды, – дейді Көксу бекеті дәрігерлік амбулаториясы директорының орынбасары Мира Қанаева.
Ал аймақта былтыр 4 дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген еді. Соның бірі Ұйғыр ауданындағы Қалжат ауылынан ашылған медициналық нысан еді. Бір мезетте 25 адамға қызмет көрсететін дәрігерлік амбулатория құрылысына облыстық бюджеттен 170 млн 207 мың теңге бөлінген. Қазір шалғай ауылдағы ауырып, сырқаған тұрғындар үшін бұл мекеме орасан көмек көрсетіп отыр.
– Қалжат ауылында 2424 адам тұрады. Бұған дейін ескі ғимаратта жұмыс істеп келдік. Жаңа амбулатория қызмет сапасын жақсартты. Қазір мұнда 12 маман, оның ішінде 1 дәрігер, 8 медициналық қызметкер бар. Жабдықталуы жақсы. Дәрігерге дейінгі қабылдау, терапевт, балалар дәрігерінің жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасалған. Егу, емшара бөлмесі мен хирургия кабинеті де науқастарды қарауға, алғашқы медициналық жәрдем көрсетуге ыңғайлы етіп жасалған, – дейді ауылдағы амбулаторияның аға дәрігері Саутахун Масутов.
Айтпақшы, денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша шалғай елді мекендердегі медицина мекемелерін ғаламтормен қамту 84 пайыздың шамасына жетіп қалыпты. Ал облыстық, қалалық және аудандық деңгейдегі ауруханалардың интернетке қосылуы 100 пайыздық межеден көрінген. Жалпы, медициналық құжаттаманы қағазсыз жүргізуге 53 медициналық мекеме қосылып, электронды форматқа 224 нысан көшірілген екен. Оның ішінде тұрғындардың 98,1 пайызында электронды денсаулық паспорты бар. Яғни 1 997 750 адамның науқас тарихын цифрлы жүйе арқылы зерделеуге мүмкіндік бар.
Алматы облысы