• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Коронавирус 22 Қыркүйек, 2020

Әлем елдері шектеу шараларын күшейтіп жатыр

213 рет
көрсетілді

Франциядағы «Жеңілмеген Фран­ция» атты партияның басшысы Жан-Люк Меланшон BFM телеарнасына берген сұхбатында ресми Париждің пан­­демияның екінші толқынына қар­сы дайындығын сынға алды.

Аталған партия серкесі «ауру­ха­на­лардағы орын жетіспеу қаупі және медициналық қызметкерлер санының аздығы екінші толқынның екпінін қайтара алмайды, билік оған әзір емес» деген пікірін алға тартты.

Меланшон айтса айтқандай, қазірдің өзінде Франциядағы КВИ өрістеуі азаймай тұр. Денсаулық сақтау министрі Оливье Веран өткен аптада Лион мен Ниццада COVID-19-дың қарқынды жұғуына байланысты 10 адамнан артық жиналуға рұқсат етілмей, барлар мен мейрамханалар жабылуы мүмкін екенін айтты. Бордо, Марсель және Гваделупада да жағдайдың жақсармай тұрғанына қынжылған О.Веран: «Біз ауруханаларға адамдардың көптеп түсуінің алдын алып, санитарлық шектеу нормаларын қатаңдатпасақ болмайды», дейді.

 * * *

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш 20 қыркүйекте PBS телеарнасына берген сұхбатында коронавирус пандемиясы мен климат өзгеруі әлем алдында тұрған екі маңызды проблема екенін мәлімдеді.

Бас хатшы әлемді жүрісінен жаңылдырған жаңа вирусқа қарсы вакцина шығаруда көптеген мемлекеттің даярлығы барын, алайда олар өз елінің халқын ғана қамтығысы келетінін, сондықтан вакцина әлем жұртшылығына қолжетімді болуы тиіс екенін атап өтті. Екіншіден, Антониу Гутерриш атмосфераға көмірқышқыл газының көптеп бөлінуіне алаңдаушылық біл­ді­ріп, 2050 жылға дейін ауа лас­тан­уын азайту адамзат алдындағы аса маңызды міндет екенін айтқан. Сондай-ақ ол әлемдегі екі алпауыт мемлекет – АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық текетірестің де жағымсыз әсеріне тоқталды.

 * * *

Швеция үкіметі парламент алдына 2021 жылғы бюджет жөніндегі заң жобасын ұсынды.

Бұл бюджет жылдағыдан айрықша. Коронавирус індетінің халыққа тигізген зардабын жеңілдетуді көздеген бюджеттік жобада жұмыссыздарға бөлінетін қауіп­сіз­дендіру сомасы ұлғайған. Ал бұл өз кезегінде елдің аз табыс табатын бөлігінің зейнетақы жинақ қорындағы қаражатын да көбейтуге көмектеспек.

Бұған қоса жобада салық мөлшерін де кеміту көзделген. Бұл – орта және шағын табыстағы үй шаруашылығын қолдау. Өйткені салықтың төмендеуі үйлерінде отырып, шаруасы арқылы кірісін ұлғайтамын деушілерге нақты көмек көрінеді.

 * * *

Үндістандық ғалымдар COVID-19-ды анықтайтын Tata CRISPR атты жаңа тест жасап шығарды.

Көне өркениет бесігінің бірі – Үндістан түбегінің халқы пандемияның қысымын қатты сезінді. Елде ауру жұқтырғандар саны 4,3 миллионнан асып, бір күнде 1133 адам көз жұмған.

Жаңа тестің ерекшелігі – вирустың геномдық тізбегін тани алатын күшке ие. Арнайы Cas9 атты бейімделген ақуызды пайдаланып, COVID-19 тудыратын вирус­ты жазбай танитын тестің сезімталдық қасиеті 96 пайызды құрайды. Қазірдің өзінде бір күнде жаңа тест көмегімен 92,6 мың адамнан вирус анықталған екен.

 * * *

Коронавирустың екінші тол­қы­ны­нан қауіптенген елдер карантин енгізіп жа­тыр.

Жер-жаһанды жайлаған жегі қарқынын баяулатар емес. АҚШ, Бразилия, Үндістан, Ресей және Батыс Еуропа мен Латын Америкасының көптеген елі індет ілген ілмектен жуық маңда шығатын түрі көрінбейді. ЕО елдері арасында Чехия вирус жұқтырудан алдыңғы орынға шықса, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон біріккен корольдік азаматтарының да індет жұқтырғанына алаңдады. Испанияда ауру жұқтырудан тағы да рекордтық көрсеткіштер тіркеліп жатыр. Қалай дегенде де, екінші толқын көп елдің есігін қақпастан төріне озып алды.

Екінші толқын қаупінен халқын сақтаудың жолы деп Израиль әлемде бірінші болып ел көлемінде толыққанды карантин енгізіп тастады. Шектеуге қар­сылардың көптігіне қарамастан, Израил үкіметі карантин қажет деп есептеп, екінші толқынмен күреске барынша кіріскен.