Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында жалған ақпарат таратты деп айыпталған заңгер әрі блогер Әділетхан Молдаханға қатысты сот процесі басталды. Алғашқы сот отырысында айыпталушы өзіне тағылған айыппен толық келісетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Іс бойынша Алматы қалалық полиция департаменті басшысының бұрынғы орынбасары Ержан Ұзабаев және әкімшілік полиция басқармасының басшысы Серік Шұмаев жәбірленуші ретінде танылған. Сот барысында Ержан Ұзабаевтың адвокаты айыпталушыдан моральдық шығын ретінде 10 миллион теңге және сот шығындарын өтеу үшін тағы 1 миллион теңге өндіріп беруді сұрады.
«Сотталушы қылмыстық құқық бұзушылық жасағанын толық мойындады. Осыған байланысты істі қысқартылған тәртіппен қарау туралы өтініш берілді. Біз оған қарсылық білдірмей, бұл мәселені соттың қарауына қалдырдық. Медиация мәселесіне келсек, оның шарттары әзірге бізге белгісіз болғандықтан, бұл мәселе ашық күйінде қалып отыр. Егер тағылған айып дәлелденсе, сотталушыға үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы немесе 3 000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салынуы мүмкін», деді адвокат Асылбек Әбдірайымов.
Сотта судья Ерлан Қасымбек блогерді өтініші бойынша үйқамаққа шығарудан бас тартты. Алайда тараптардың процессуалдық келісім жасау мүмкіндігін қарастыруды прокуратураның қарауына жолдады. Ол 16 маусымға жоспарланған келесі сот отырысында қаралады.
Еске салайық, Әділетхан Молдахан Әл-Фараби даңғылында болған резонансты жол-көлік оқиғасына қатысты әлеуметтік желіде пікір білдіріп, апатқа жоғары лауазымды тұлғалардың балаларының қатысы болуы мүмкін деген мәлімдеме жасаған еді. Осыдан кейін оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар, бүгін атышулы жол апатына қатысты сот отырысында қаза тапқан екі марқұмның туыстары кінәлі Александр Пакқа кешірім берді.