• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Экономика Бүгін, 15:33

Инфляция баяулады: Қазақстанда өткен жылмен салыстырғанда не арзандады?

2026 жылғы мамыр айында Қазақстандағы инфляцияның айлық деңгейі 0,7%-ды құрады. Бұл көрсеткіш тұтыну бағаларының жалпы өсу қарқынын сипаттайды. Бір ай ішінде азық-түлік тауарларының бағасы 0,4%-ға, азық-түлікке жатпайтын тауарлар 0,6%-ға, ал ақылы қызметтер 1,1%-ға қымбаттады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Азық-түлік өнімдерінің ішінде бірқатар тауардың бағасы айтарлықтай төмендеді. Атап айтқанда, қияр 25,4%-ға, қызанақ 25,1%-ға, тәтті бұрыш 8,3%-ға, сарымсақ 3,1%-ға, мандарин 2,6%-ға және қызылша 2%-ға арзандады. Сонымен қатар күнбағыс майы мен консервіленген жүгері бағасы 0,4%-ға төмендеді. Ал кейбір өнімдердің бағасы өсті: қой еті 4,7%-ға, сиыр бауыры мен майдағы шпроттар 3,3%-ға, алма 3,1%-ға, шұжық 1,7%-ға, сүт 1,1%-ға, жұмыртқа 0,6%-ға және айран 0,4%-ға қымбаттады. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар арасында да баға өзгерістері байқалды. Таба бағасы 4,8%-ға, ыдыс жуғыш машина 3,3%-ға, кітаптар 2,5%-ға, смартфондар 1,5%-ға арзандады. Бөлме өсімдіктерінің бағасы да 0,6%-ға төмендеді. Керісінше, фотоаппараттар 7,4%-ға, үтіктер 3,1%-ға, шаруашылық сабын 2,7%-ға және дәрі-дәрмектер 1,7%-ға қымбаттады. 

Қызмет көрсету саласында балалар аттракциондары қызметтерінің бағасы 6,6%-ға, көлік қызметтері 1,5%-ға және автокөлік жуу қызметтері 0,7%-ға өсті. Жылдық көрсеткіш бойынша, яғни 2025 жылғы мамырмен салыстырғанда, 2026 жылғы мамырда инфляция деңгейі 10,4%-ды құрады. Осы кезеңде азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы 11,7%-ға, азық-түлік өнімдері 10,7%-ға және ақылы қызметтер 8,7%-ға өсті. 

Қазақстанда инфляция қарқыны баяулады

Жылдық есепте кейбір азық-түлік өнімдерінің бағасы төмендеген. Мысалы, қияр 35,2%-ға, пияз 25,1%-ға, қызанақ 24,3%-ға, картоп 7,5%-ға, банан 4,9%-ға және күріш 4,3%-ға арзандады. Ал алма бағасы 9,8%-ға, мұздатылған балық 8,5%-ға, қара шай 7,6%-ға, макарон өнімдері 6,6%-ға және қант 2,3%-ға өсті. 

2025 жылдың мамырымен салыстырғанда отандық жеңіл автокөліктердің бағасы 17,9%-ға төмендеді. Сондай-ақ азитромицин 6%-ға және микротолқынды пештер 1,1%-ға арзандады. Дегенмен шаруашылық сабын 10,5%-ға, ерлер шалбары 10,2%-ға, кір жуғыш ұнтақ пен тұрмыстық техникалар бағасы 9,1%-ға қымбаттады. Қызмет көрсету секторында көлік қызметтері 11,1%-ға, қонақүй қызметтері 10,3%-ға, білім беру қызметтері 8,9%-ға және мобильді байланыс қызметтері 7,6%-ға өсті. 

Тұтыну бағаларының индексі инфляция деңгейін анықтайтын негізгі көрсеткіш саналады. Ол ай сайын есептеліп, 537 түрлі тауар мен қызмет түрінің бағасына жүргізілген бақылау нәтижелеріне негізделеді. Қазақстандағы инфляция динамикасы бойынша мәліметтер арнайы интерактивті дашбордта жарияланып отырады.

Жыл соңына қарай инфляция 10%-ға дейін төмендейді

Осылайша, 2026 жылғы мамыр айындағы инфляция туралы деректер Қазақстандағы тұтыну нарығында баға деңгейінің өсу үрдісі жалғасып жатқанын көрсетеді. Бұл жағдай халықтың сатып алу қабілетіне әсер етіп, мемлекет тарапынан инфляцияны бақылау және әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының тұрақтылығын сақтау бағытындағы шараларды одан әрі күшейтудің маңыздылығын дәлелдейді. Экономикалық тұрақтылық пен халықтың әл ауқатын арттыру үшін баға өсімін тежеуге бағытталған тиімді саясат жүргізу алдағы кезеңде де маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.

Балнұр МАХМЕДХАН,

ЕҰУ студенті

Соңғы жаңалықтар