• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 22 Қыркүйек, 2020

Сүйінбай музейіндегі саз аспаптары өнер тарихынан сыр шертеді

759 рет
көрсетілді

Жүз жасаған Жамбылдың сүйікті шәкіртінің бірі, халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың саусақ табы қалған бірнеше домбыра бар екен. Сол аспаптың бірі қазір Жамбыл ауданы, Қарақыстақ ауылындағы Сүйінбай Аронұлының музейінде сақтаулы тұр.

 

Ромб пішіндес аспапты тұтас ағаштан асқан шеберлікпен шауып жасағаны анық байқалады. Қызыл-­ қоңыр түсті домбыраның шанағы қоңыр түсті оюмен көмкерілген екен. Өкінішке қарай, ұзындығы 70 см болатын саз аспабына бар өнерін салған ағаш шеберінің аты-жөнін анықтау мүмкін болмапты.

Жалпы, Жамбыл жырауға пір болған Сүйінбай ақынның мұ­ражай-үйінде көне заманнан сыр шертетін жәдігер көп-ақ. Мысалы, халық ақыны Әбдіғали Сариевтің жеке домбырасы да – осы музейдің көркін келтіріп тұрған жәдігердің бірі. Бұл аспапты да ақынның қызы Шайымқан Сариева 1996 жы­лы сыйға тартқан екен. ХХ ға­сыр­дың басындағы қазақтың мәдени өмірінің куәсіндей болып тұрған қызыл-қоңыр түсті дом­быраның өлшемі 80х25 см шама­сында. Жәдігердің ұзақ жыл бойы­на қолдан түспей, ән мен жыр­ға арқау болғаны оның түсінің оңып, шанағының сырылғанынан аңғарылады.

– Сүйінбай атамыздың айтыс өнеріндегі ең таңдаулы дүниесі қазақ-қырғыз достығын жырлап, бүгінге қалпын бұзбай жеткен «Сүйінбай мен Қатағанның айтысы» екендігі анық. Сол айтыста Сүйінбай ақын домбыраны серік етсе, Қатаған қырғыздың ұлттық аспабы қомызды қолына алады. Өткен күндердің белгісі ретінде Сүйінбай Аронұлының әдеби-ескерткіш музейінде қырғыз халқының шертпелі музыкалық аспабын сақтауды парыз санадық. Қазір бізге қымбат жәдігерлер арасында 1996 жылы музей қо­рына алынған сары түсті көне комыз бар. Қырғыз халқының ұлттық аспабы тұтас ағаштан ойып жасалған екен, үш ішегі бар, пернелері жоқ. ІХ-Х ғасырдың мәдени мұрасы саналатын жәдігердің өлшемі 120х25 см. Аспап жақсы сақталған, ша­на­ғы, мойны зақымданбаған. Музей қызметкерлері барлық жәді­герді көздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа көзайым ретінде ұсынуды парыз санайды, – дейді Сүйінбай Аронұлы әдеби-мемориалды музейінің директоры Мұрат Мұқашұлы.

 

Алматы облысы