Әлемді жаулаған коронавирус індетінің салдарынан түрмедегі жазасын өтеп жатқан азаматшалардың туған-туыстары, жақындарымен кездесуінің форматы өзгерді. Енді мұнан былай жазасын өтеушілер ҚР ІІМ-нің және ҚР ІІМ ҚАЖК-нің рұқсаты бойынша қысқа мерзімді кездесулердің орнына төтенше жағдай аяқталғанға дейін WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы сөйлесетін болды, деп хабарлайды Egemen.kz
Бүгінгі таңда сотталған азаматашалардың өтініштері бойынша бейне кездесулер ұйымдастырылуда.
"Сотталған азаматшаларға ұзақтығы екі сағат қысқа мерзiмдi, ал, мекеме аумағында ұзақтығы екі тәулiк ұзақ мерзімді кездесулер Қазақстан Республикасының Қылмыстық атқару кодексінің 106-бабына сай өткізілу қажет. Сотталғандарға олардың өтiніші бойынша ұзақ мерзімді кездесудi – қысқа мерзiмдi кездесумен ауыстыру заңда қарастырылған. Қазіргі таңда, Республика аумағында жүріп жатқан коронавирустық індетке байланысты, арнайы контингентке кездесу беру уақытша тоқтатылған. Бұл шаралар төтенше жағдай кезінде сотталған азаматшалардың қауіпсіздігін сақтау үшін жасалынған. Біз азаматгһшалардың құқықтарына барынша шектеу болдырмау және туған-туысқандарымен қарым-қатынасын үзбеуін қамтамасыз ету мақсатында осы жаңа форматта кездесуді ұйымдастырып отырмыз", дейді ИЧ-167/4 мекемесі жедел бөлім бастығы, әділет майоры Айдос Алиев
Аталған кездесу тәсілі сотталған азаматшалардың және олармен байланыстағы тұлғалардың көңілінен шығып, ұйымдастырушыларға алғыстарын жеткізуде.
Көптеген сотталған азаматшалардың туыс-туғандары алыс өңірлерден әр түрлі себептермен кездесуге уақытылы келе алмауына байланысты осы бейне байланысты алдағы уақытта заңды түрде қолданысқа енгізуге өтініш білдіруде.