2021 жылдан бастап Қ.Сәтбаев атындағы Ертіс-Қарағанды каналынан Шідерті өзенінің төменгі арнасына су жіберу тоқтатылуы мүмкін. Бұл Павлодар облысының экологияcына һәм экономикасына айтарлықтай зиян тигізеді. Жергілікті шаруалар осылай деп дабыл қағып отыр.
КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, су шаруашылығы саласының ардагері Алексей Баталовтың айтуынша, өткен ғасырдың 60-жылдарында қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы каналдың құрылысы басталып, Екібастұз ауылдық аймағының аумағындағы Шідерті өзенінің ағыны табиғи жолмен емес, су торабымен реттелуге көшкен. Осылайша, каналдың Шідерті кентінің маңынан өтетін тұсына №112 су торабы салыныпты. Соның нәтижесінде Шідерті өзенінің арнасы Ертіс суын Қарағанды қаласына қарай тасымалдауға пайдаланыла бастады. Алайда мұның салдары да жоқ емес еді. Өйткені осыдан кейін Ақтоғай ауданының және Екібастұз ауылдық аумағының біраз жеріне көктемдегі табиғи су жайылмайтын болды. Бұрын көктемде аталған атыраптағы шабындық, жайылымдық жерлер, су қоймалары тегіс суға толатын. Өлкедегі ірілі-ұсақты көлдер арнасынан тасып, бір-біріне қосылып, аппақ айдын болып жарқырап жататын. Бұл жердің Ақкөл-Жайылма аталуы да содан.
– Канал салынған соң Шідерті өзенінің төменгі арнасына табиғи су жіберілмейтін болды. Демек, көктемде жарқырап жататын ақ айдын көзден бұлбұл ұшуы мүмкін. Соның алдын алу мақсатында канал құрылысын жобалау барысында табиғи су жайылымының өтеуі ретінде Ертіс-Қарағанды каналынан Шідерті өзенінің төменгі арнасына компенсациялық су жіберу қарастырылды. Бұл табиғатты қорғау тұрғысынан да қажет шара еді. Осылайша, Екібастұз ауылдық аумағы мен Ақтоғай ауданының аумағына жеткілікті көлемде су жіберіліп тұрды. Нәтижесінде, мал шаруашылығымен ғана айналысатын жергілікті халық, төрт түлігін көптеп өсіріп, қысқы жем-азығын қысылмай қамдап келді. Су бойындағы елді мекендер де түтінін түзу ұшырып тұрып жатты, – дейді А.Баталов.
Ресми деректерге сүйенсек, 1993-1998 жылдары каналдан Шідертінің төменгі арнасына 100 млн текше метрден су жіберіліп тұрған. 2000-2004 жылдар аралығында мүлдем су жіберілмеген. Ал 2005-2008 жылдары 50 млн текше метрден су жайылатын болған. Одан кейін аталған көрсеткіш 100 млн текше метрге дейін жетті.
– Еліміз нарықтық экономикаға көшкен соң, каналдың суын ақылы пайдалану тетігі енгізілді. Алайда тоқсаныншы жылдардың тоқырауынан енді ғана бас көтере бастаған шаруалардың суға ақша төлейтіндей жағдайы жоқ еді. Сондықтан 2000-2004 жылдары Шідертінің төменгі арнасына су жіберу тоқтатылды. Салдарынан су жайылмаған өңірдің флорасы мен фаунасы айтарлықтай зақымдалды. Жерасты сулары тартылып, тұзды жерлер көбейді. Өлкеден аң-құс безіп кетті. Халық арасында түрлі дертке шалдығушылардың саны күрт өсті. Төрт түлік мал азайды. Сөйтіп ауыл халқының тұрмысы төмендеп, әл-ауқаты нашарлады. Осының бәрі өңір экономикасына айтарлықтай залал келтірді, – дейді А.Баталов.
Су шаруашылығы саласының ардагері Мырзағали Ерғалиевтің айтуынша, су жіберу тоқтатылған кезде ауыл адамдары облыстың, республиканың өзге аумақтарына жаппай көше бастаған.
– Мәселен, 2000-2004 жылдар аралығында Екібастұз ауылдық аймағындағы халықтың саны 20 500 адамнан 11 700 адамға дейін, яғни бірден 40 пайызға азайды. Канал суының қызығын көріп отырған Ақтоғай ауданына қарасты үш ауылдық округ тұрғындарының үштен бірі Павлодар мен Екібастұз қалаларына көшіп кетті. Осылайша, іргесі сөгілмей отырған ауылдардың тірлігінен береке қашты, – дейді М.Ерғалиев.
Сол себепті Павлодар облысының басшылығы жағдайды реттеу үшін ел Үкіметінен бірнеше мәрте көмек сұрауға мәжбүр болды. Ақыры 2002 жылы сол уақыттағы Премьер-Министрдің орынбасары Кәрім Мәсімовтің тапсырмасына сәйкес, Қ.Сәтбаев атындағы каналдан Шідертінің төменгі арнасына табиғатты қорғау мақсатында компенсациялық су жіберу жобасы әзірленді. Соның негізінде 2005 жылдан бастап республикалық бюджеттің есебінен 50 млн текше метр көлемінде су босатыла бастады. Жылдар бойы суалып жатқан Әулиекөл, Жалаулы, Шығанақ, Қарасу, Шиқылдақ секілді көлдерге көрік кірді. Ал 2009 жылдан бастап босатылатын судың көлемі 100 млн текше метрге жетті.
– Екібастұз ауылдық аймағының және Ақтоғай ауданының тұрғындары әуелден мал шаруашылығымен айналысады. Бұл төңіректе егін, көкөніс өсірілмейді. Жайылымға су тамбаған жылдары халық қатты қиналды. Төрт түлік ішетін су таппай дала кезіп кететін. Ақыры тұрғындар өзара бірлесіп, қауға құдық қазып, тығырықтан шығуға мәжбүр болды. Енді міне, 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетте каналдан су жіберуге қаржы әлі қарастырылмағанын естіп, ұйқымыз қашты. Су жібермеудің зардабын төрт жыл тарттық емес пе?! Үкімет табиғи апатты қолдан жасағалы отыр ма? – дейді Ақкөл ауылдық округіндегі «Табыс» шаруа қожалығының басшысы Манат Алғамбаров.
Кәсіпкердің айтуынша, Екібастұз ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданындағы Басқамыс, Жолболды және Жалаулы ауылдық округтері кеншілер шаһарын, Ақтоғай ауданын ет-сүт өнімдерімен толықтай қамтамасыз етіп отыр. Одан артылғанын Павлодар қаласына, жақын орналасқан аудандарға жеткізеді.
– Егер су жіберу тоқтатылса, мал басы күрт азаяды. Демек, өңірдің азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төнеді. Облыстың ауыл шаруашылығы саласы ақсап, экономикаға нұқсан келеді. Ақкөл-Жайылма атырабы облысты қысқы шөппен қамтып отырған өлкенің бірі еді. Бұл мүмкіндігінен де айырылатын секілді, – дейді М.Алғамбаров.
Мәселенің мән-жайын білмек болып Қ.Сәтбаев атындағы каналдың директоры Оңдасын Жиенқұловқа хабарластық. Ол каналдан Шідерті өзенінің төменгі арнасына су жіберуге әлі күнге дейін республикалық бюджеттен қаржы қарастырылмағанын растады. Деректерге сүйенсек, 100 млн текше метр суды босатуға шамамен 2,9 млрд теңгеге жуық қаржы керек.
– Екібастұз ауылдық аймағының, Ақтоғай ауданының шаруа қожалықтары үшін жыл сайынғы су жіберу процесі республикалық бюджеттен қаржыландырылатын. Елдегі экономикалық жағдайға байланысты алдағы үш жылдық бюджетте су жіберу жайы қаралмай отыр. Екібастұздық, ақтоғайлық шаруалар бізге хабарласып, мәселе көтеруде. 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет әлі бекітілген жоқ. Жағдайды реттеу үшін сұраныс жасалуда. Әлі оң жауап алған жоқпыз. Депутаттар, шаруа қожалықтары, облыс билігі мәселеден хабардар, – деді О.Жиенқұлов.
Канал директорының айтуынша, былтыр Павлодар облысы әкімдігінің тапсырысына сәйкес, жіберілген судың қай жерге дейін жететінін, қандай әсер беретінін анықтау үшін арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілген. Белгілі болғандай, Екібастұз ауылдық аймағы мен Ақтоғай ауданының ауылдық округтерін толықтай қамту үшін жылына 120 млн текше метр су керек. Шаруа қожалықтары тарапынан да суға деген сұраныс өсіп келеді. Ал енді жылда алып жүрген 100 млн текше метр судың өзі арман болып қалуы мүмкін.
– Каналдан су босатуға әлі күнге дейін қаржы қарастырылмағаны түсініксіз. Қаржы үнемдеудің жолы осы екен деп, мыңдаған адамды тіршілік нәрінсіз қалдыру ақылға сыймайды. Әуелде табиғи сумен-ақ қысылмай күн кешіп келген жергілікті халық Орталық Қазақстанды, ондағы өндіріс орындарын, ауылшаруашылық жерлерін қамту мақсатында стратегиялық тұрғыдан маңызы зор Ертіс-Қарағанды каналының салынуына қарсылық танытпаған еді. Себебі оның өтеуі ретінде компенсациялық су жіберілетін. Ал оны тоқтаудың зардабы қандай боларын 2000-2004 жылдар нақты көрсетіп берді. Ендеше жиырма жыл бұрынғы қателікті қайталау береке бермесі анық. Жалпы, мемлекет мүддесі үшін бәріне көнген Шідерті бойын жайлаған халықтың қандай кінәсі бар еді?! – дейді Мырзағали Ерғалиев.
Павлодарлық шаруалар жыл сайын берілетін 100 млн текше метр судың көлемін қысқартып тастауы мүмкін екенін алға тартуда. Бірақ одан не қайыр?! Өзен арнасының басындағы елді мекендерге су жеткенімен, соңындағы шаруалар сорлап қалады. Олар суды азайтпай беруді талап етіп отыр. «Келер жылы сусыз қаламыз» деп ерте қамданған шаруалар осы аптада ел Президентінің атына хат жазды. Ендігі үміті Ақордада.