• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 23 Қыркүйек, 2020

Арысын сүйген ән-жүрек

1149 рет
көрсетілді

Ән – құдірет, ән – кие, ән – сезім, ән – тағдыр... Жұдырықтай жүректің түкпіріне бойлап, алпыс екі тамырыңды идіріп, сан түрлі сезім толқынысына түсіретін әуезді әуеннің құдіретін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, сірә да!?. Оны тек жүрекпен сезіну керек. Белгілі сазгер Ержан Серікбаевтың әндерін тыңдағанда дәл осындай сезім толқынысына түсесіз.

Талант – Алладан берілген ерекше сый десек, кез келген адам ол тартуды еншілей бермесі анық. Еншілеген жағдайда да атақ пен танымалдылықтың буы­нан тума табиғатын сақтап, қарапайым адами болмысына қылау түсірмей өтетіндері сирек. Ержан Серікбаевты сол қа­­ра­пайымдылығына өмірінің соңы­на дейін ноқаттай да дақ тү­сірмей өткен жан дейді көзкөр­ген замандастары. 50-ге толуына үш ай қалғанда пешенесіне бұ­йыртқан дәм-тұзы таусылған ком­позитордың бақилық бол­ғанына қыркүйек айының 25-інде тоғыз жыл толады екен. Саз­гердің үйіндегі жеңгеміз Кәмилә Серікбаева жарына деген сағынышымен бөлісті:

– Екеуіміз бір сыныпта оқып, кейін бір жерде жұмыс істедік. Біздің Ержан табиғатынан өте қарапайым, ұяң болатын. Бала күнінен спортпен айналысты. Сабағын жақсы оқып, музыканы жанына серік етті. Мектепте оқыған кезінде әнді көп айтпайтын. Кейін әскерге барып ашылды ғой деймін, келгеннен соң ән жаза бастады. Шыны ке­­рек, мен Ержанға емес, ең бі­рін­ші әніне ғашық болғанмын. Әуелде сәби, махаббат туралы ән­дермен басталған іңкәрлік ке­йін үлкен туындыларға қарай ауыс­ты. Ең алғашқы әндерінің бірі – «Әдемі», одан кейін менің ту­ған күніме арналған «Інжу-мар­жан» еді. Бірақ бастапқыда Ер­жанға композитор ретінде қара­ма­дық. Әуесқойлықпен туған ән­дерінің бірі ғой деп жүре бер­дік. Кейінірек байқадық, Ер­жан­ның жүрегінен махаббат, са­ғы­ныш сезімі буырқана төгіліп, жанымызды баурап алды, – дей­ді композитордың жары.

Иә, сәбиге, жарға деген махаб­баттан туған әндер кейін ата-ана, туған жер, Отанға деген ұлы се­зімдерге ұласты. Ержан Се­рік­баев ән әлеміне өз­ге­ше ба­ғыт, айрықша беталыс­пен келді. Саз­гердің бір әні екін­шісіне ұқса­майды. Анаға деген махаббаты бөлек болса, туған жер, отбасы, досқа деген се­зім­дері мүлдем басқа қырынан жар­қырай ашылып, шынайы жет­кізілгендігінен болса керек,­ кез келген әні қысқа ғана уақыт ішінде әр жүректен өз орнын алып үлгеретін. Ән арқылы хал­қын қуантатын да, жылата да алатын. Тіпті ел арасында «Ержанның әндері қазақтың той дәстүріне дендеп еніп алған өзбек әуенін кейін сырғытты» дейтін құрмет лебізі де әлі күнге дейін көп айтылады. Әсіресе сазгердің соңғы жазылған туын­ды­лары­ның бірі саналатын әнші Дәурен Сейітжановтың орын­дауында халыққа кеңінен танылған «Таң­ғы қала» әні өзінің жанрлық ерек­шелігімен де, әуен құнарымен де тыңдарман жүрегіне мықтап бекіді. «Алға, қазақ жігіттері!», «Қазақстан», «Алматы таңы», «Неткен өмір», «Алыстағы арман», «Ауылым, аңсадым», «Арысым», «Жан әке», «Сен қа­сымда болмасаң» әндері қазақы бояуымен дараланса, «Сека», «Ай-ай-ай», «Шымкенттің салқын сырасы» сынды әзіл-қалжыңға құрылған әндері жұртшылық тарапынан жылы қабылданды. Тіпті соңғы әні Шымкент халқының бойтұмарына да айналып үлгерді. Жүректен шыққан әннің жүрекке жетуі деген осы шығар. 

Топырақ тартты ма екен, өмі­рінен қайтарынан бір күн бұрын туған жері Арысқа асығыс атта­ныпты. Ертеңгі күні қайғылы қазаға себепші болған апатқа ұшырайды. Жарының айтуын­ша, композитор қай жерде жүрсе де: «Алматыда, Шымкентте жү­ріп өліп қалмасам екен, менің арманым – соңғы демімнің Ары­сымның топырағында үзілгені», – деп сөз арасында жиі айта­ды екен. Сол тілегі тағдырында орын­далды.

– Аңсары ауылға ауатын да тұратын. Қалада ең көп дегенде екі апта ғана жүреді де, «елімді, дос­тарымды сағындым» деп ауыл­ға кетіп қалатын. Арыс­тың жа­ғасында су кешіп, жаңа әнге шабыт алатын. «Мен әдемі киі­ніп жүруден де шаршаймын, жа­­лаң аяқ, жалаң бас ауыл­дың топырағын таптағым ке­ле­ді» дейтін. Әндерінің дені сол­ ауылдың шаңына аунап-қу­нап келгеннен кейін туатын.­ Адам­ның ішінде бір нәзік сезім­дер бо­лады ғой. «Өзінің өмірден ер­те­ кететінін сезіп жүрді ме?», деп ой­лаймын кейде. «Тағдыр жолы», «Байқамаймыз» сынды ән­дері арқылы өмірге деген қимастық сезімін біл­дірген­дей. Орындалмай кеткен армандар да әндерінің негізгі ар­қауы болатын. 40 жасынан шы­ғар­ма­шылығын мұң «меңдей» бас­тады. Үнемі жүрегінде бір са­ғы­ныш жүретін. Шымкент пен Арыс­­тың жағасы бір-ақ сағаттық жол ғой. Бірақ соған сағына ән шығаратын. Алматыда болса, шетелде жүргендей көңілі өрекпіп, сағынышына ерік беретін. Ержан бір орында отыра алмайтын, «баратын жерім, істейтін шаруам көп» деп үнемі асығыс жүретін. Өмір­ден де осылай асығыс аттанды. Жалғыз-ақ көңілге жұбаныш – пешенесіне жазылған келте ғұмырында Ержанымның осынша дүние жасап, халқының ұлына айнала алғаны. Айналасындағы адамдарға жасаған жақсылығы одан да көп. Кішіпейіл болатын, қолынан келген көмегін іркіп қалған емес. Оны күні бүгінге дейін барлығы айтып та жүр. Со­ңынан қалған жалғыз тұяғы – балам Бейбарыс екеуміз осыған шү­кіршілік етеміз, – деп жары Кә­милә Серікбаева көз жасына ерік берді. Уақыт – өзі емші. Біз жұбатуға тырыспадық.

Уақыт-ағзамның сазгер пеше­несіне бұйыртқан ғұмы­ры не­бәрі жарты ғасырмен тұйық­та­лыпты. Осыдан тура тоғыз жыл бұрын ажал жастығына бас қойған таланттың бейнесі бү­гінде сағынышқа айналып үл­гергенімен, жазып кеткен әндері сұлулыққа жаны құштар әр тың­дарман­ның жүрегін сырлы сазымен тербетуде. Демек, сазгердің өзі өткенімен, ән-ғұмыр мәңгі жасайды, жыр-жүрек үздіксіз соға береді...