Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы еліміздің алдағы қарқынды даму жолын айқындап беруімен де құнды болып отыр. Жолдаудан туындайтын міндеттер біздің мекемеміздің қызметкерлері арасында да қызу талқыланып, жаңа жағдайда жұмыс атқаруға деген зор серпіліс туындатуда.
Президент Жолдауында «Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз» делінген. Сол арқылы елімізді дамытудың басты тегершіктері, мемлекеттігіміз бен елдігімізді сақтаудың асыл мұраттары атап көрсетіліп, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісі ұсынылды.
Яғни ендігі жерде мемлекеттік жоспарлау жүйесі адам ресурстары мейлінше толыққанды түрде жұмылдырылуын қамтамасыз ету керек. Негізгі мақсат жұмыстың барысы емес, нәтижесіне бағдарланатын болады. Бұл тұрғыда мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құрудың да мезгілі әбден пісіп-жетілген еді. Мемлекет басшысы да: «Пандемия кезінде мемлекеттік қызметшілердің басым бөлігінің қашықтан жұмыс істеу режіміне көшуі мемлекеттік аппаратты ықшамдау керектігін және бұған толық мүмкіндік бар екенін көрсетті» деп, ықшамдау жосығын жеделдетуді тапсырды.
Бұл мәселе былтырғы Жолдауда да айтылған-ды. Уақыт кешеуілдеуді күтпейді. Алдағы уақытта мемлекеттік аппарат пен квази-мемлекеттік сектор қызметкерлерін мерзімінен бұрын биыл 10 пайызға, келесі жылы 15 пайызға қысқарту жүзеге асырылмақ. Ал үнемделген қаражат есебінен басқа қызметкерлердің айлық жалақысы көбейтілетін болады.
Айта кетейік, бұл орайда еңбекақысы аз мемлекеттік қызметтің қоғам үшін пайдасынан зияны көптігі де ескерілген. Жолдауда осыған байланысты «Бұл мәселеге жете назар аудармау кері кетуге, біліктілік пен бастамашылдықтан айырылуға, сондай-ақ, ең сорақысы, жемқорлыққа әкеліп соқтыратыны» да егжей-тегжейлі түсіндіріліпті. Осыған байланысты келесі жылдың екінші жартыжылдығынан бастап аталған салада балдық-факторлық жүйе енгізілуі күтіліп отыр. Бұл жүйе әркімнің еңбегіне қарай ақы төленілуін қамтамасыз етеді. Онда өзіне тапсырылған жұмысты мінсіз атқарған, тәртіптік жазаға ілікпеген мемлекеттік қызметшінің жыл соңында тиісті талапқа сәйкес едәуір көлемде үстемеақы алуы да қарастырылған.
Шынында да, мемлекеттік қызмет мінсіз болуға, адал атқарылуға тиіс. Әсіресе, мемлекеттік қызметкерлердің сыбайлас жемқорлықтың қандай көрінісіне болсын ымырасыздық танытуы бәрінен де маңызды. Осыған байланысты заң талаптары да қатайтылып отыр. Қарамағындағы қызметкерлерінің жемқорлыққа баруы облыстық аумақтық құрылымдар басшыларының, министрлердің өз еркімен қызметтерінен босауына мәжбүр етеді. Бұл мәселе мекеме қызметкерлері арасында егжей-тегжейлі түсіндірілді.
Жолдаудағы «Экология және биологиялық әркелкілікті қорғау» деп аталатын бағыттың тікелей біздің салаға қатысы бар. Осыған орай Үкіметке биологиялық әркелкілікті сақтау және тиімді пайдалану жөніндегі ұзақмерзімді жоспарды бекіту ұсынылып отыр. Соған сәйкес алдағы бес жыл ішінде орман алқабына – 2 млрд, елді мекендерге 15 млн ағаш отырғызылатын болады.
Сондай-ақ «Жануарларды қорғау туралы» заң жобасы әзірленбек. Жан-жануарларға көзқарас кез келген мемлекеттің өркениеттілігінің де өлшемі екені анық. Бұл жайт бізді де қуантып отыр.
Қысқасы, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында айтылған мәселелер барлығымыздың да көңілімізден шықты. Алдағы уақытта Жолдаудан туындайтын міндеттердің мүлтіксіз орындалуына инспекцияның еңбек ұжымының да ауызбіршілікпен күш жұмылдырып, өз үлестерін қосатынына әбден сенімдімін.
Баймахан ҚОШҚАРБАЕВ,
Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы