Алдағы уақытта түрлі анықтама әкелуді талап еткен органдарға eGov Mobile қосымшасы арқылы анықтаманың сілтемесін алып, сұраған жерге мессенджермен жіберуге болады. Бұл туралы Мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылды.
Комиссияның басқа мемлекеттік органдармен бірлесе өткізген кезекті отырысында анықтамаларды алып тастау мәселелері қаралды. Ведомствоаралық комиссияның төрағасы – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин әр жерден сұрататын анықтамаларды азайтудың өзекті мәселе екенін, оған қажетті шараларды жедел іске асыру қажеттігін айтты.
– Мемлекет басшысы Жолдауында жиі сұралатын анықтамалар мен мәліметті қағаз жүзінде растауды талап етудің күшін жою бойынша нақты міндет қойды. Сондықтан біз осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Бүгінге дейін 6 анықтама жойылды, оның оң экономикалық нәтиже бергенін көріп отырмыз. Біз үнемі жаңа тәсілдерді ұсынып, уақыттан қалыспай, процесті жылжытып, eGov Mobile мүмкіндіктерін кеңейтуіміз керек, – деп атап өтті министр.
Жалпы, елімізде түрлі анықтамалар көп екенін мына бір дерекке қарап-ақ көз жеткізуге болатындай. Мемлекеттік тізілімдегі 694 қызметтің 50-ге жуығы ақпараттық қызметтер мен анықтамалар екен.
– Біз бірқатар министрліктердің өкілдерімен кездесулер өткіздік, азаматтардан көп анықтама талап етпеу мәселелерін талқыладық. Соның нәтижесінде биыл 30 анықтаманы қысқартуды ұсынып отырмыз. Мысалы, наркологиялық мекемеде тіркелмегені, зейнетақы жинақтары туралы, жұмыссыз ретінде тіркелгені туралы, жылжымайтын мүліктің мекенжайлы анықтамалар жойылады. Ал сотталғаны немесе сотталмағаны туралы анықтаманы талап ету қысқартылады, бірақ ол шетелде көрсету үшін қалдырылады. Соның нәтижесінде айналымдағы 35 миллионнан астам қағаз құжат азаяды, – деді Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитетінің төрағасы Дәулет Бекманов.
Қағаз құжат айналымын қысқарту eGov Mobile мобильдік қосымшасындағы жаңа құралдарды да азайтуға мүмкіндік береді. Осылайша, жақында eGov Mobile-дан ақпаратты тікелей мессенджерлер арқылы жібере отырып, қосымшада жеке мәліметтерді бөлісуге болады. Мысалы, кез келген ыңғайлы жолмен ақпаратты жібере отырып,қосымша арқылы мекенжай дерегімен бөлісуге болады. Бұл ақпаратты талап етуші мекемелерге eGov Mobile-ден сілтеме жібере саласыз. Басқа да жеке ақпаратты солай жіберуге болады. Егер құжат талап еткен мекемеге жақын жерде болсаңыз, онда мәліметті QR код арқылы да жіберуге мүмкіндік жасалады.
Тағы бір айта кетерлігі, eGov Mobile-дан электронды цифрлы қолтаңбаны (ЭЦҚ) алу да жеңілдейді. Ол үшін биометрияны сәйкестендіруден өтіп (жүйе азаматтың жеке басын сканерлейді), сұрақтарға жауап беріп, телефон нөмірін енгізу қажет. Сол кезде телефон нөмірі мобильді азаматтар базасында тіркеліп, ЭЦҚ телефонға орнатылады. Бұл процесс eGov Mobile-дың көмегімен электронды үкімет порталын пайдаланушыларды тіркеуді оңайлатпақ.
Жиында азаматтар ең көп сұрайтын мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мәселелері қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілдері көп балалы отбасына жәрдемақы тағайындау, бала кезінен 1-топтағы мүгедекке күтім жасау, еңбек ету қабілетінен айырылу жағдайларына төлемдер тағы басқа қызметтер көрсету мерзімдерін қысқарту бойынша бизнес-процестерді ұсынды. Smart Bridge платформасындағы интеграциялық сервистер бойынша бизнес өкілдерінің ұсыныстар қаралды.