• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 23 Қыркүйек, 2020

Ажалға араша түсті

211 рет
көрсетілді

Нұр-Сұлтан қаласының №2 көпбейінді балалар ауруханасының жедел хирургиялық жедел жәрдем бөліміне 2015 жылғы қыз бала ес-түссіз күйде жеткізілді.

Қыркүйек айының басында елорда аумағындағы ауылдың бірінде қайғылы оқиға болды. Абайсызда екі баланы трактор басып, бір жеткіншек оқиға орнында көз жұмды. Ал екінші бала елордалық балалар ауру­ха­насына жедел жеткізілді. Ауыр халде түскен науқастың жағдайын хирургтер, нейрохирург, травматолог және реа­ниматологтер қарап, дереу аппаратқа қосып, операцияға алды. Бала 10 күн жансақтау бөлімінде жатты.

Аурухананың травматолог дәрігері Мұхтар Ахмұрзаевтың айтуынша, қыз бала клиникаға жарақаттық шок жағдайында түсіпті. Жамбас мүшелерінің жара­қаттарына шұғыл жасал­ған операциядан соң жансақтау бөлімінде күні-түні ақ желеңді жандардың қадағалауында болған оның жағдайы жақсар­ды. Былайша айтқанда, маман­дардың келісілген іс-әрекет­те­рінің ар­қа­­сында бала аман қалды.

«Бала өте ауыр жағдайда, 3-дәрежелі жарақаттық шок жағдайында түсті. Ма­ман­дар­дың уақтылы жедел көмек көрсеткені аса маңызды болды. Бала аппаратқа қосылып, шокқа қарсы терапия жүр­гі­зіл­ді. Шұғыл түрде ота жасау керек екені белгілі болды», деді дәрігер. Бес жасар қыздың басынан өткен оқиға ол отбасы үшін қатты соққы болғаны рас. Бірақ әйтеуір білікті мамандар қимылының арқасында баласы өлімнен қалған. Күн сайын ілгерілеп, жағдайы жақ­сарып келе жатқан бала­панын құшқан ананың қуанышы немен өлшенбек? Дәрігерлерге шексіз алғысын қалай жет­кі­зерін білмеген анасы қазір қы­зының қасында, көрер жа­рығын тауыспаған Алла таға­ла­ға разылығын білдіреді.

«Қазір қызымның жағ­да­­йы да, көңіл күйі де жақ­сы. Әкесімен бейнебайланыс арқылы телефонмен сөй­ле­сіп тұрады. Барлық отба­­с­ы, туыстардың атынан дәрі­гер­лер­ге мың алғыс айта­мыз. Бірінші, Құдай­дың қала­уы­мен, екінші, дәрі­гер­лер­дің арқа­сын­да қызымыз қазір аман-есен қа­сымызда», дей­ді қыз­дың анасы.

«Біз дәрігерлер үшін де қыздың аман-есен шығуы үлкен қуаныш. Жамбас пен зәр шығару жолдары қатты зақымданған. Қазір баланың жағдайы тұрақты. Барлық процедураларды аяқтағаннан кейін үйіне шығарылады», дейді Хирургиялық бөлімнің басшысы Ринат Байгиреев.