• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қыркүйек, 2020

Екпе алудың пайдасы мол

1400 рет
көрсетілді

Тұмауға қарсы вакцинаны алу, жалпы вакциналау жайында халық арасында кеңінен талқылау жүріп және бұл турасында әртүрлі пікірлер де айтылады. Кейбіреулер оның денсаулық үшін қажеттілігін атап өтсе, енді бірі мұның пайдасынан гөрі зияны көп деп жатады. Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур МҰРАТОВ тұрғындар тарапынан түскен сұрақтарға жауап беріп, тұмауға қарсы екпені уақытында салдыртудың маңыздылығын түсіндірді.

– Тимур Мұратұлы, вакциналау қаншалықты міндетті және оған қарсылық танытқандармен қандай жұмыс жүргізу керек?

– Әлемдегі барлық вакциналар міндетті және ерікті деп жіктеледі. Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодекске сәйкес біздің азаматтарға арналған вакциналар да дәл солай міндетті және ерікті болып бөлінеді. Кодекстің 85-бабына сәйкес, біздің азаматтар міндетті вакциналар тізіміне енгізілген профилактикалық екпелерді алуға міндетті екен­дігі көрсетілген. Халық­тың эпидемиялық әл-ауқа­тын жақ­сар­ту, сондай-ақ инфек­ция­ның алдын алу мақ­са­тында Ұлттық вакцинациялау күн­тізбесі бекітілді.

Иммунитет – организмге вакцина енгізілгеннен кейін жасушалық деңгейде пайда болатын биологиялық процесс. Тәжірибе көрсеткендей, ауырған адамдарда вакци­на­лар­дың болуы­на қара­мастан, ауру үдерісі жеңіл өтеді, ал асқы­ну­лар мен өлім сирек кездеседі.

Вакцина алуды міндетті деп ешкім есептемеуі тиіс. Тұмауға қарсы вакциналау жергілікті мекенжайы бойынша тіркелген алғашқы медициналық-сани­тарлық көмек ұйымдарында жүр­гізіледі. Вакциналау созылмалы аурулары бар 18 жасқа дейінгі балаларға; меди­ци­налық қызметкерлерге; жүкті әйелдерге (жүктіліктің 2-3 триместрі); жабық ме­кемелердегі адамдарға (балалар үйі, үй, интернат); мүгедек ересектер мен созылмалы аурулары бар балаларға және 60 жастан асқан қарт адамдарға жүргізіледі.

Қалай дегенде де ақпа­раттандырылған келісімге немесе вакциналаудан бас тарту құқығы пациенттің өзінде. Екпе алмаған балалар мен ересектердің құқықтарын шек­тейтін ережелер жоқ. Әрине, «вакциналауға қарсы» проблема тек біздің мемлекетте ғана емес. Адамзат тарихында вакциналаудан бас тарту бірнеше рет қайғылы нәтижелерге әкелді. Еуропаның бірқатар елдерінде вакциналаудың тоқтатылуымен байланысты эпидемияның, вакцинадан сақтануға болатын аурулардың белгілі жағдайлары кездесті.

– Екпе егу қаншалықты тиімді?

– Әр елде әрқалай. Кейбір пікірлерге сүйенсек, вак­цина­ның тиімділігі тұмау вирус­та­рына байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ жалпы алғанда тиімділігі 40%-дан 60%-ға дейін болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұмауға қарсы вакциналау әлемдегі ең жақсы профилактикалық емдеу әдісі екенін анықтады, бұл өз кезегінде халықты тұмаудан қорғайды. Басқаша айтқанда, бұл аурудың ауырлығын төмендететін және асқыну, ауруханаға жатқызу және өлім қаупін төмендететіні анық.

– Вакциналау кейбір салдарға әкеп соғуы мүмкін деп жиі айтады. Адам қандай асқынуларға тап болуы мүм­кін және бұл қаншалықты рас?

– Вакциналау тұмаумен ауы­рып қалмауға толық кепілдік бермейді. Алайда аурудың ағымы әлдеқайда жеңіл өтеді. Өйткені ауруды емдегеннен гөрі оның алдын алу керек. Қандай да бір асқынулар болған жағдайда да, бұл денсаулыққа үлкен зиян келтірмейді. Әдетте, жанама әсерлер ықтималдығы вакцинаның түріне байланыс­ты. Тірі вакциналар инак­тив­тендірілгенге қарағанда әлдеқайда жоғары.

– Екпені кім салдырта алмайды?

–Тұмауға қарсы вакцина тауық ақуызына төзімсіз­дігі бар жеке адамдарға салынбайды. Себебі тұмауға қарсы вакцинаның құрамында осындай ақуыз бар. Созылмалы аурулардың өршуімен ауыратын, вакцина компоненттеріне аллергиялық реакциясы бар адамдарға вакциналаудан бас тартуға кеңес береміз. Жұм­сақ ауырлықтағы өткір респираторлық вирустық инфекциялармен, өткір ішек ауруларымен ауырған кезде вакциналау температура қалыпқа келгеннен кейін жүргізіледі. Сонай-ақ 6 айға дейінгі балалар мен жүктіліктің бірінші триместрінде вакцинация жасалмайды.

– Екпе салу науқаны қан­ша уақытқа созылады?

– Елордада вакциналау қыркүйектің басында басталды және қараша айының басына дейін жалғасады. Қала тұрғындарын вакциналау үшін басқарма 110 мың доза вакцина сатып алды. Сонымен қатар 42 мың доза вакцина сатып алу жоспарланып отыр.

– Халықтың белгілі бір тобы емханаларда ақысыз егіледі. Ақылы негізде екпе салушылар қай жерде вакцинаны ала алады?

– Нұр-Сұлтан қаласы бойынша тұмауға қарсы екпе 6 жеке медициналық ұйымдарда жасалады. Олар: «Интертич» отбасылық-дәрігер­­­­лік амбулатория, «Мед­ла­йн» МО, «Медикер» ЖШС, «Оупен Клиник» МУ, «Интертич Астана Мед­Ассистенс» ЖШС, «Медикал Ассистенс групп» ЖШС, «Архимедус Казахстан» ЖШС. Орташа есеппен құны 2500-3500 теңгеге дейін жетеді.

 

Дайындаған

Әйгерім АРДАҚҚЫЗЫ