• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қыркүйек, 2020

Тұтастықтың тұғыр діңі

213 рет
көрсетілді

Адам жанын гүлдететін қайырымдылық – шуақты да шырайлы асыл қасиет. Елімізде өріс алған қайырымдылық шарасы аясында өңірде сегізінші адам баспаналы болып отыр. Әншейінде көңіл аудара бермегенімізбен, осы бір жанашырлық істің аясында көмек қолын созған көпшіліктің бойындағы кісілік пен кішіліктің, ажарлы азаматтықтың мейлінше мол екендігін көргенде, баянды болашаққа деген ел сенімі де нығая түседі, деп хабарлайды Egemen.kz.

"Қарекет" қайырымдылық қоры таяуда көкшетаулық көпбалалы отбасына жылы да жарық, жайлы пәтердің кілтін сыйлады. Жаңа пәтердің жылы болғаны жанға жайлы. Ал, төңірегіндегі адамдардың жүрек жылуы одан да ыстық. Көңіліңді демдейді әрі қысылып-қымтырылсаң таяныш болар ел-жұртың бар екенін еске салады. Қала тұрғыны Наурызгүл Тұрсынова көпбалалы ана. Осыдан екі жыл бұрын тағдырдың жазуымен жарынан айрылып, қазақтың жалпақ тілімен айтқанда, отыз омыртқасы опырылып, қырық қабырғасы қаусап қалған болатын. Шиеттей төрт баласын жетектеп қаланың әр бұрышынан арзанқолдау пәтер іздеп, талай үйдің табалдырығын тоздырды. Басыңа тартқан көрпе аяғыңа жетпеген соң кісіге күнің түседі емес пе? 

Ілкідегі жұрт жетімі мен жесірін жылатпаған. Сан ғасыр бойы ел бірлігіне өзек болып келе жатқан осы бір қайырымдылық қағида әлі де бар. Бар болғанда қандай?! Қарапайым жұрт өз аузынан жырып дегендей, қайырымдылық қорына қолдан келгенінше ақша аударып жатыр. Ақша емес, жан жылуын төгіп жатыр. Ілкімді көмектің арқасында бұл жолы баспананың тақсыретін тартып келген көпбалалы анаға аумағы 43 шаршы метрді құрайтын екі бөлмелі пәтер сыйға тартылды. Қолына баспана кілтін ұстаған сәтте ананың жүзін жас жуып кетті. Қатал тағдырдың қатыгездігін көп көрген, жаны жүдеген ананың осы бір көңіл толқынысы көп жайды аңғартып тұрғандай. Өкініштің жасы емес, халқының қамқорлығына деген қуаныштың жасындай.

–Халқымнан айналайын, – дейді көпбалалы ана Наурызгүл Тұрсынова, – бір баспанаға қолымыз жетсе деген арманымыз орындалмастай болып еді. Өз басым төзер едім ғой, балаларымның қуанғанын көрсеңіз. Ақ ниетіңнен айналайын, ақ жүректі жұрт!

Сөз арасында қордың елімізде 288, ал, біздің облыста 8 пәтер табыстап отырғанын айтатұғын болсақ, көпкөрім тамаша көрсеткіш.

–Қор осыдан үш жыл бұрын құрылған, – дейді қор өкілі Мейірбек Нұрмахан, – осы баспананы алуға небары 15 күн уақыт жұмсадық. Мерейлі елдің мейірі мол ғой, алдымен отбасының жайын білген болатынбыз. Енді міне, ана мен бала қуанған ақжарылқап күн туды.

Қайырымы мол қоғамда өнеге де аз емес қой. Баспаналы болған анаға еріктілер тобының бір жыл бойы үзбей көмектесіп, жоқ-жітігін бүтіндеуге тырысып келгендігін айта кетсек те болар. Атын айтқысы келмеген жомарт жандар пәтер ақысын да төлеп берген. Осы бір жайдың өзі ел ішінде ешкімнің тағдырдың тәлкегімен жекпе-жек қалмайтынығын көрсетеді емес пе? Ертедегі есті қариялар "ел іші – алтын бесік"  деп тәубе етіп отырушы еді. Алаш жұртының бойында дәл осындай жүрегіңді тебірентер жақсы дәстүр барда, мәңгілік елдің етек-жеңі қымталып, біртұртас бола түседі. Тұтастықтың тұғыр діңі – қайырымдылық.

 

Ақмола облысы