Антикор қызметі мен жастар саясаты басқармасының бастамасымен биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған шешендер байқауына облыстағы ЖОО-ның студенттері қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Қазіргі жастар шешендік өнерді жете игеру арқылы әлемде болып жатқан маңызды оқиғалар мен өзекті мәселелерге еркін бойлап, тыңдарманға бұл турасында өз ой-пікірін нанымды әрі дәл жеткізе білуі керек", - дейді ұйымдастырушылар.
Облыстық антикоррупция қызметі басшысының бірінші орынбасары Данияр Смағұловтың сөзінше, былтыр аталмыш байқау еліміздің бүкіл өңірлерінде болып өткен.
"Мұндай байқаулар Америка мен Еуропа елдерінде де жиі өтіп тұрады. Биыл, міне, Қостанай облысында білім алып жүрген дарынды студенттердің қатысуымен екінші рет турнир өткізіп отырмыз. Жалпы, біз "Полилогты" жыл сайын жастардың басын қосып, талабын ұштайтын дәстүрлі шараға айналдыруды көздеп отырмыз", - деді "Sanaly urpaq 2050" қоғамдық қорының басшысы Серік Манасбаев.
Биылғы байқауда қатысушылар қазақ және орыс тілді лигаларға бөлініп бақ сынады.
Турнир қорытындысы бойынша жеке есепте алтын кубокты Руслан Капаров ұтып алса, Вадим Кирсанов – күміс, Никита Берновский қола кубокқа ие болды.
Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай аймақтық университетінің құрамасы жеңіп алды. З. Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетінің студенттері екінші орынға ие болса, Рудный индустриалдық университетінің шешендері үшінші орынды қанағат тұтты.