Парламент Мәжілісінде өткен Үкімет сағатында жаңа жұмыс орындарын құру бойынша қолға алынған шаралар жайы кеңінен талқыланды. Жиында Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева сөз тізгінін ұстады. Ол халықты жұмыспен қамту еліміздің саясатында әрдайым маңызды орын алғанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында атап өткендей, қазіргі жағдайда халықтың жұмыспен қамтылуы мен табысын сақтау абсолютті басымдық болуға тиіс. Ал халықты жұмыспен қамту – «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының мақсаты мен міндеті. Бұл бағдарлама Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша 2017 жылдан бастап іске асып келеді. Министрліктің мәліметі бойынша, бағдарлама жүзеге асқан жылдары 1 млн 200 мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Дегенмен бұл мәселеге де қазіргі пандемия әсер етпей қоймады. Карантин кезінде көптеген адамның жұмыссыз қалғаны белгілі», деді Г.Исимбаева.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің есебіне сүйенсек, 2020 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша жұмыссыздық деңгейі 5% көрсеткен, ал жұмыссыздар саны 0,2% өсіп, 454 мың адамға жеткен. Осыған байланысты Гүлмира Исимбаева Үкіметтің басты міндеті – қазақстандықтарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету екенін баса айтты.
«Бағдарламаның орындалу барысында депутаттар тарапынан біраз сын-ескертпелер айтылған еді. Әсіресе бағдарламаға бағытталған көптеген қаражаттың жұмсалуының тиімділігі мәселесі көтерілді. Жалпы, 2011 жылдан бастап жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге шамамен 1 трлн теңге бюджет қаражаты бөлінді. Бірақ жұмыссыздық айтарлықтай азайған жоқ және депутаттар осы қаражаттың тиімді жұмсалуына бірнеше рет Үкіметтің назарын аударды», деді вице-спикер.
8 айда 238 мың жаңа жұмыс орны
Күн тәртібіндегі тақырыпты талқылау үшін депутаттар алдында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов сөз алды. Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру туралы баяндаған министр коронавирус пандемиясы мен жаңа экономикалық жағдайда халықты жұмыспен қамтамасыз етуге ерекше басымдық берілетінін алға тартты. Бағдарламаны жүзеге асыру арқылы жұмыссыз және өзін жұмыспен қамтыған халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, жаңа жұмыс орындарын құруды қолдауға мүмкіндік туады.
«2017 жылдан бері бағдарламаға 2 миллионнан астам адам, оның ішінде биыл 430 мың адам қатысты. Бағдарламаның алғашқы бағыты бойынша 394 мың адамды үш компонент: техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында, қысқамерзімді курстарда және де «Бизнес Бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту қарастырылды. Екінші бағыт шеңберінде 111 мың адамға кәсіпкерлікті дамытуға көмек көрсетілді. Үшінші бағытта субсидияланатын жұмыс орындарына орналастыру және халықтың еңбек ұтқырлығын арттыру арқылы 598 мың адам жұмыспен қамтылды», деді Б. Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, микрокредиттер және гранттар беру арқылы өзін жұмыспен қамтыған және жұмыссыздар қатарынан кәсіпкерлерді қалыптастыру 153 мың тұрақты жұмыс орнын құруға септігін тигізді, оның ішінде микрокредит пен грант алушылар қосымша 42 мың жұмыс орнын ашты.
46 мың қатысушы 8 мың АЕК-ке дейінгі мөлшерде кредит алды. Оларға жеңілдетілген жағдай жасалды. Микрокредит алушылардың саны үш жылда 2,5 есе, қосымша жұмыс орындарының саны 5 есе өсті. Алғаш рет микрокредит алушылардың 63%-ы өз бизнестерін ашты.
Ал грант мөлшері 200 АЕК-ті құрайды, қазір ол 555 мың теңгеге тең. 65 мың адам грант алды, оның 56 мыңы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, салық төлей бастады әрі сақтандыру және зейнетақы жүйелеріне енді.
«Бағдарламаға қатысушылардың есебінен шағын және орта бизнес саласындағы жұмыспен қамтудың өсу үлесі 11%-ды құрады. Экономикаға қосымша оң әсер шығарылатын өнімнің жылына шамамен 73,7 млрд теңгеге өсуімен бағаланады», деді Б.Нұрымбетов.
Сонымен қатар 2020 жылы жұмыс орындарын құру қарқынын басқа мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде ұстап тұру мүмкін болды. 8 айда 238 мың жұмыс орны құрылды. Бұл іске «Нұрлы жол» (117 мың), «Нұрлы жер» (28 мың), «Цифрлы Қазақстан» (25 мың) бағдарламалары ең көп үлес қосқан.
Уақытша жұмыс жастарға тиімді
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғау арқылы халықтың нысаналы топтары үшін мемлекет субсидиялайтын 586 мың уақытша жұмыс орны құрылғанын хабарлады.
Осылайша жастар практикасы аясында білім беру ұйымдарының 115 мың түлегі жұмыспен қамтылды. Оның 54%-ы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының, ал 40%-ы жоғары оқу орындарының түлектері. ЖОО мен ТжКБ-нің әрбір оныншы түлегі 69,5 мың теңге жалақы алып, осы қолдау шараларымен қамтылған. Практикадан өткен түлектердің жартысы оны өткен жерінде тұрақты жұмысқа орналасуда.
84 мың адам әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналасты, олар – негізінен көпбалалы аналар, мүмкіндіктері шектеулі, бас бостандығынан айыру орындарынан босап шыққандар, жетім балалар, зейнеталды жастағы адамдар. 12 айда 65,6 мың теңге орташа жалақының 35,6%-ы субсидияланады. Содан кейін 68%-ы тұрақты жұмысқа орналасады.
Үш жылдан астам уақыт ішінде қоғамдық жұмыстарға 387 мың адам жіберілді. Бұл белгілі бір себептермен өз бетінше бос жұмыс орындарына тұра алмаған азаматтар. Қоғамдық жұмыстардағы орташа жалақы 57,4 мың теңгені құрайды. Қоғамдық жұмыстарға қатысушылардың 61%-ның тек орта білімі бар, 75%-ы жұмыссыз, шалғай ауылдарда тұрады. Бұл адамдар тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін жұмыссыздар есебінен шығарылмайды.
«Жұмыс орындарын субсидиялау еңбек нарығындағы жағдайға жедел және икемді әрекет ету құралы ретінде танылды. Осы тетікті қолдана отырып жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және кәсіпкерлікке тарту арқылы жалпы 739 мың жұмыс орны құрылды, оның 153 мыңы – тұрақты және 586 мыңы – уақытша. 2017 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде тұрақты жұмыс орындарының саны 7 есе өсті», деп атап өтті министр.
Ол сонымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек» бағдарламасының құралдарын үнемі жетілдіріп отыратынын атап өтті.
«Мәселен, біз еңбек өтілі жоқ жастарды жұмысқа орналастыру үшін «Алғашқы жұмыс орны» жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Тағы бір бастама – «Ұрпақтар келісімшарты», бұл зейнеткерлікке шығатын мамандардың алты ай бойы өз тәжірибесі мен жұмыс орнын жаңа кадрларға «табыстауы». Біз сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі адамдарды атаулы жұмыспен қамтуды жүзеге асырамыз. Бұл ретте 3115 адам тұрақты жұмысқа, 6877 адам уақытша жұмысқа орналастырылды», деді Б.Нұрымбетов.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі пандемиядан туындаған жаһандық дағдарыс жалпы әлемдік экономикаға айрықша кері әсер еткенін баса айтты.
«Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша халықты қолдау және экономиканы тұрақтандыру бойынша шұғыл шаралар кешенін қабылдады. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан кірісті жоғалтқаны үшін бір ең төменгі жалақы мөлшеріндегі әлеуметтік төлем – 16 наурыз және 11 мамыр аралығындағы төтенше жағдай кезеңінде 4,6 млн адамға, 5 шілде мен 17 тамыз аралығында карантинді күшейту кезінде 2,4 млн адамға тағайындалды. Шығыстардың жалпы сомасы 475 миллиардтан астам теңге болды. Халықтың әлеуметтік осал топтарына, оның ішінде жұмыссыздарға азық-түлік, тұрмыстық жиынтық ретінде 2 АЕК көлемінде төлем жүргізілді. Мұндай төлемді наурыз-мамыр айларында 1 млн адам, ал шілдеде 1,1 млн адам алды», деді ол.
Әлеуметтік қолдау шараларымен қатар Жұмыспен қамтудың жол картасы да саланы ілгерілетуге айтарлықтай үлес қосты, бұл жерде жобаларды іске асыруға 1 трлн теңге бөлінген.
«Жұмыспен қамтудың жол картасы 179 мың адамға жұмыс тауып берген. Олардың орташа жалақысы 130 мың теңгені құрайды. Бағдарламаға қатысушылардың отбасы мүшелерін ескере отырып, 700 мыңға жуық адам кіріспен қамтамасыз етілді. Шағын және орта бизнестің 19 мың субъектісі 370 млрд теңгеге тапсырыс алды, бұл 114 мың жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар Жол картасы жобаларын іске асыру болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болады», деді министр.
Жол картасы дағдарыс кезеңінде халықты жұмыспен қамту және табыспен қамтамасыз етуден басқа әлеуметтік, коммуналдық және көлік инфрақұрылымының жөнделген және жаңа нысандары түрінде болашақ үшін әлеуметтік қор қалыптастыруда. Бұл 3 ауысымды және апатты мектептер, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл тұрғындарының таза ауызсуға қолжетімділігі, суармалы, жайылымдық жерлердің аумағын ұлғайту және ауылдық елді мекендерді газдандыру сияқты түйткілді мәселелердің бір бөлігін шешуге мүмкіндік береді.
Б.Нұрымбетов өз сөзінде пандемия кезінде еңбек нарығына төніп тұрған қауіп-қатерлерді де атап өтті.
«Пандемияның еңбек нарығы үшін қатерлері мен теріс әсерлері әлі де бар. Біздің бағалауымыз бойынша, егер де коронавирустың екінші толқыны себебінен қатаң шектеу шаралары қайта енгізілген жағдайда 2 млн 200 мыңнан астам адам қолдауға мұқтаж болуы мүмкін. Болжам бойынша жұмыспен қамтылған халықтың жартысына жуығы немесе 4 млн адам жұмыс режімін сақтап қалады. Негізінен бұл ауыл шаруашылығы, құрылыс, өндіріс және денсаулық сақтау саласындағы қызметкерлер. Үштен бірі немесе 2,5 млн адам қашықтан жұмыс істейді. 2 млн адамның жұмыс уақыты қысқаруы мүмкін, олар ақылы немесе ақысыз демалысқа шығуы ықтимал. Бұл – сауда, көлік және тамақтану саласында қызмет ететіндер. Бағалау бойынша 162 мың адамның жұмыссыз қалуы да мүмкін», деді баяндамашы.
Министр сөзінің соңында, COVID-19 пандемиясы мен карантиндік шектеу шараларын қайта енгізу қаупі сейілмеген жағдайда Үкімет мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде халықты жұмыспен қамтамасыз ету және жұмыс орындарын құру бойынша жедел және жүйелі шараларды қабылдауға дайын екенін атап өтті.
Басым бағыттар анық
Жиын барысында Мәжіліс депутаттары Біржан Нұрымбетовке халықты жұмыспен қамту мәселесіне қатысты сұрақтарын қойып, пікірлерін білдірді.
Солардың қатарында депутат Сауытбек Абдрахманов министрліктің жұмыс бағытына байланысты тілегін білдіріп, биыл ашылған жаңа жұмыс орындары жайлы толығырақ сұрады.
Бұл сұраққа жауап берген Біржан Нұрымбетов жаңа жұмыс орындарын ашуда үш салаға басымдық берілгенін атап өтті. Жоғарыда айтылған 238 мың орынның жартысы, нақтырақ 56%-ы құрылыс, ауыл шаруашылығы, көтерме және бөлшек сауда салаларында ашылған. Өңірлердің бөлінісінде Алматы қаласы, Алматы, Қарағанды, Жамбыл облыстары алда. Бұл – 8 айдың қорытындысы. Мемлекеттік бағдарлама бойынша құрылған жұмыс орындарының есебі жергілікті орындар арқылы және министрліктің ақпараттық жүйесінде есептеліп, сараланады. Сондай-ақ ол зейнетақы жарналары арқылы тексеріледі. Бұл ресми қорытынды биылғы жылдың бірінші және екінші тоқсанының нәтижесінде шығарылған.
Мәжіліс депутаты Фахриддин Қаратаев мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуындағы мәселелерге тоқталса, Б.Нұрымбетов мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмысқа орналастыру министрлік үшін аса маңызды міндеттердің бірі екенін атап айтты.
«Ведомство осы мәселе бойынша кешенді ұсыныстарды, заң жобасын әзірледі. Қазір қоғамдық талқылаудан өтіп жатыр. Оның ішінде тек жұмысқа орналастыру ғана емес, мүмкіндігі шектеулі жандардың жалпы экономикалық белсенділігін арттыру қарастырылып отыр. Онда оңалту, еңбек нарығына даярлау, оқыту, жұмысқа қабылдауға қатысты тұстары бар», деді министр.
Сонымен қатар Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Бейбіт Мамраевтың айтуынша, «Еңбек» бағдарламасы аясында құрылған тұрақты жұмыс орындарының үлесі 16% ғана. Қалғаны – уақытша жұмыс орындары. Ал ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш, тіпті төмен. Бұл ауылдағы нарық көлемінің шектеулілігіне, өнім мен өткізудің арасындағы шешілмеген мәселелерге және еңбек дағдылары деңгейінің төмендігіне байланысты. Депутат осы мәселеге айрықша назар аудару қажеттігін алға тартты.
Б.Мамраевтың пікірінше, 80 мыңдай жұмыс орнының әлі бос тұрғандығының себебін анықтап, бұл бағыттағы жұмысты жандандыра түсу керек.
Үкімет сағатында талқыланған мәселелер бойынша депутаттар тиісті ұсынымдар қабылдайтынын жеткізді.