«QazIndustry» индустрия және экспорт орталығы Фраунгофер IPA өнеркәсіптік инженерия және автоматтандыру институтымен, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп отандық кәсіпорындарды Индустрия 4.0 тақырыбында оқытуды бастады.
Бұл шара еліміздің өнеркәсіптік кәсіпорындарына Индустрия 4.0 негізгі технологиялары мен тақырыптары бойынша білім трансферін жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
– Бүгінгі таңда Индустрия 4.0 – құбылмалы жағдайларға бейімделудің пәрменді тәсілі және бәсекелестік күресте аман қалу құралы. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі кәсіпорындардың цифрлық жаңғыруға қатысты бастамаларын белсенді қолдайды. Былтыр «QazIndustry» орталығымен бірлесіп 102 өңірлік өнеркәсіптік кәсіпорынға өндірісте Индустрия 4.0 элементтерін енгізу стратегиясының әдістемесін жасады. Осы саясатты жалғастыра отырып, біз биыл Фраунгофер атындағы өнеркәсіптік инженерия және автоматтандыру институтының неміс серіктестерімен бірге вебинарлар сериясын өткізудеміз, – деп атап өтті министрліктің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Марат Қарабаев.
«QazIndustry» индустрия және экспорт орталығы» АҚ Индустрия 4.0 орталығының директоры Таңгүл Әбдіразақованың айтуынша, цифрландыру тақырыбы бойынша ауқымды оқытуға кәсіпорындар ғана емес, даму институттарының, IT-компанияларының, мемлекеттік органдардың, түрлі ЖОО мен ҒЗИ өкілдері де қатысуда.
– Оқыту бағдарламасы 4 модульден тұрады, оның ішінде цифрлы өндірісті және киберфизикалық жүйелерді бақылау, деректер негізінде өндірісті оңтайландыру, смарт-қызмет көрсету қамтылды. Әрбір модуль интерактивті семинарлар форматында өтеді, онда сарапшылар экономиканың түрлі секторларындағы табысты кейстер туралы әңгі- мелейді. Мысалы, бүгін қатысушылар процестерді цифрландыру, қызметкерлердің біліктілігін арттыру, кайдзен және Lean технологияларын енгізу бойынша практикалық кейстермен және модельдермен танысты, – деді ол.
Семинарда Фраунгофер IPA атындағы машина жасау және автоматтандыру институтының ғылыми қызметкері және жоба жетекшісі Бумин Хатибоглу цифрландыру өмірдің барлық аспектілерін қалай өзгертетінін айтып берді.
– Технологиялар мен білім базасының көмегімен әр процесті модельдеуге және оның нәтижесін алдын-ала болжауға болады. Мысалы, Индустрия 4.0-дің әлеуеті зор, кәсіпорындар өз тиімділігін даму деңгейіне байланысты 30-50%-ға дейін арттыра алады. Атап айтқанда, пайдалану шығындарын 30%-ға, сапа шығындарын – 20%-ға дейін, ақауларды жою шығындарын – 70%-ға, өндіріс пен логистика шығындарын 20%-ға дейін төмендетуге болады, – деп атап өтті ол.
Индустрия 4.0 бойынша вебинарлар 5 қарашаға дейін жалғасады, оған қатысушылар өздерін алаңдатқан сауалдардың жауабын іздейді, онлайн режімде неміс сарапшыларымен өзекті мәселелерді талқылайды.
Айта кетейік, «QazIndustry» индустрия және экспорт орталығы» АҚ 2017 жылдан бастап өнеркәсіптік кәсіпорындарды цифрландыру жұмысын жүргізуде. Фраунгофер IPA көмегімен кәсіпорындар базасында қанатқақты модельдік цифрлы фабрикалар құрылды. Осылайша 7 кәсіпорын 13 млрд теңгеден астам инвестицияға 51 жобаны іске асырады. Инвестицияның 600 млн теңгесі мемлекеттік қолдау қаражатын құрайды. Енгізілген жобалардың нәтижесінде кәсіпорындар еңбек өнімділігін 25%-ға, ресурс тиімділігін 18%-ға арттыруға, жабдықтың қызмет ету мерзімін 5%-ға ұзартуға, өндірістік шығындарды 20%-ға, еңбек шығындарын 30%-ға және энергия шығындарын 35%-ға азайтуға қол жеткізді.