• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 25 Қыркүйек, 2020

Қайыңды (Көл туралы көлдей сөз жазу аз, кереметті көзбен көру керек)

2857 рет
көрсетілді

Жер жаннаты Жетісудың жауһарына айналған көрікті мекеннің бірі – Қайыңды көлі. Көл туралы көлдей сөз жазудан гөрі, оны көзбен көрген артық, әрине.

Сосын, бұл ғажайып орын туралы айт­қанда Көлсайды да тілге тиек етпей кету орынсыз. Өйткені Кеген ауда­ны­ның аумағындағы көз жауын алатын көркем шатқалдарды биік тау бедері ғана бөліп жатыр. Әрі жан тыныштығын іздеп, табиғатпен сырласуға келген адам үшін Қайыңды мен Көлсай егіз ұғым ғана емес, демалыс маусымын өткеріп, тәу етуге тиісті қасиетті орынға айналатыны анық. Әсірелеп айтқанда, Көлсай мен Қайыңдыны бір көру өзекті жанға парыз болса, кәні. Дегенмен осы жолғы сөзге Қайыңды көлін арқау етпекпіз, ал Көлсай жағасына оралуға уәде береміз...

Жағырапияға жүйрік мамандардың жазып қалдырған дерегіне сүйенсек, Қайың­ды көлі жер сілкінісінің әсерінен пайда болған екен. Шамамен бір ғасыр­дан астам уақыт бұрын, 1910 жылы Іле Алатауының күнгей бетінде жерасты дүмпуі болған көрінеді. Содан тау арасында шатқал пайда болып, одан қар суы жиналатын қазаншұңқыр түзілген. Ал тау баурайындағы самсаған қайың мен қарағай су табанында қалып, көл үстіне орман өсіп шыққандай көрініске айналған. Айтпақшы, ел ішінде Қайыңды көлі маңында әр ғасырдың алғашқы он жылдығында жер қозғалып, тау бедері өзгеріске ұшырап тұратыны жайында қызықты пікір бар екен. Мысалы, 2010 жылы да осы аймақта топырақ көшкіні тіркелген екен. Оған жерасты дүмпуі мен жаңбыр суының мөлшерден артық түсуі себеп болды деген болжам жасалған. Бірақ осы жолғы өзгеріс көл суының аза­юына себеп болыпты. Бұл тұрғыда гео­графтар мен экологтер өз байламын жасауы керек сияқты. Өйткені тау жота­ларындағы сейсмикалық қауіптің артуы айнала қоршаған ортаға, оның ішінде Қайыңды сияқты табиғаттың інжу-мар­жанына қауіп төндірмеуі керек...

Інжу-маржан дегеннен шығады, жал­пы Көлсай көлдері тобына кіретін су көздерін мамандар «Солтүстік Тянь-Шанның інжу-маржаны» деп те атайды екен. Яғни жағырапиялық ендік үшін Қайыңды мен Көлсайдың техтоникалық тұрғыдан маңызы зор екені анық. Ал қазіргідей отандық туризмнің әлеуетін арттыруға күш салған Қазақстан үшін таңғажайып көл аумағы Тәңір берген сый екені рас. Себебі осы аумаққа келу­ші туристер саны жыл сайын көбейіп келеді. Биылғы пандемия кезеңінде де Көлсай мен Қайыңдыдан адам аяғы үзілген жоқ.

– «Мың естігеннен бір көрген ар­тық» дегендей, биыл атын естіп аңсаған Көл­сай мен Қайыңды көліне жол түсті. Со­сын «Саяхаттың жақсы болуы қасы­ңыз­да жүрген жолаушыдан» деген қағида бар ғой, мені Жетісу жерін тамашалауға, тау аралауға жетелеген құрбым Айжа­мал болды. Ең рақаты, Көлсай мен Қайың­дыға келіп танымдық саяхат жа­сап, керемет табиғатты көріп, саф ауада демалдық. Демалысты алматылық компания ұйымдастырды. Турдың аты да күшті – «Шарлайық»! Туристерге қо­лай­лы жағдай жасады. Жайлы көлікпен алып барып, қонақүйге орналастырды. 4 мезгіл ас-су беріп, табиғат аясында дем­алуға мүмкіндік берді. Осы сапарда біз Қайыңды мен Көлсайда болып, Шарын шатқалын да араладық. Әсер керемет. Ең бастысы, туған елімізде осындай та­биғат таңғажайыптары болғаны үшін қуандым. Ішкі туризм енді дамып жатыр ғой, болашақта шетелден келетін демалушылар көбейетініне көзім жетті. Қайыңды сияқты көлге жыл сайын ба­рып тұратын жетісулықтар нет­кен ба­қытты дедім іштей, біз сонау Сары­арқадан, Қарағанды қаласынан арнайы келгенде осынша әсер алдық, мұн­дай табиғатта өмір сүру бақыт қой, – деп тебіренеді қарағандылық турист Гүл­жа­зира Серікқалиқызы Қайыңдыға барған сапары туралы әңгімелеп отырып.

Айтпақшы, Қайыңды көлі теңіз дең­гейінен 1867 метр биікте жатыр. Көл асты­ның тереңдігі 30-40 метрге дейін жетеді екен. Ұзындығы 600 метр болса, ені 300 метр болатын су жағалауында табиғи жеміс-жидектің жетпістен астам түрі өседі. Мұнда дәруменге бай шыр­ғанақ, таңқурай, бүлдірген, қарақат, ит­мұрын, қой қарақат, рауғаш сияқты жеміс төгіліп пісіп, кісінің көз жа­уын алады дейді барып келгендер. Ал дәрі­лік шөптің 41 түрі де осы маңнан табыла­ды екен. Бір кездері шатқалда тамыр қаз­­ған жұрт қарасы көбейіп, сирек кездесе­тін шөп тұқымы азая бастапты. Қазір аумақтағы фармацевтикалық ма­ңызы бар өсімдіктер еліміздің «Қызыл кіта­бына» еніп, қорғауға алынған.

Қайыңды көлінің маңы табиғи фау­наға да бай. Шатқалда 197 түрлі жабайы аң-құс бар екен. Оның ішінде 82 түрлі орман жануары тіршілік кешеді. Құстың 13 түрі, сүтқоректілердің 6 түрі «Кызыл кітапқа» кірген. Алда-жалда тау арасынан Тянь-Шанның қоңыр аюы мен әйгілі арқары, тау сусары, ілбіс, Түркістан сілеу­сінін көріп қалсаңыз, таңғалма­ңыз. Ал дәл төбеңізден қара дегелек, бақал­тақ қыран, бүркіт, құмай ұшып өтіп, тас арасынан үкі, байғыз, жапалақ жалп ете түссе, тағы тіксінбессіз. Өйткені сіз Қа­йың­дыдасыз ғой...

 

Алматы облысы