• RUB:
    4.75
  • USD:
    441.44
  • EUR:
    473.09
Басты сайтқа өту
Әлем 25 Қыркүйек, 2020

COVID-19: Күздегі күрес қиын болмақ

232 рет
көрсетілді

Үндістан індеттің таралу көр­сет­кі­ші бойынша әлемде екінші орынға шықты. Пандемия басталғалы 5 732 518 үндістандық COVID-19 жұқ­ты­рып, 91 149 адам ажал құшқан.

Үндістан денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі бір тәулікте 86 508 адам вирус жұқтырып, 1129 азаматтың көз жұмғанын хабарлады. Қазір 966 382 адам аурумен арпалысып жатыр.

 

Жапония еңбек министрлігі COVID-19 індетінің кесірінен 60 мың­нан аса жапондық жұмыссыз қал­ға­нын мәлімдеді.

2020 жылы қаңтардың соңынан қазірге дейін 60 439 адам жұмыссыздар қатарын толықтырған. Министрлік бұл көрсеткіштің одан да жоғары болуы мүмкін екенін жоққа шығармапты.

Жұмыссыздықтың белең алуы­на қарсы іс-шаралар қарастырып жатқан елдің еңбек министрлігі пандемия кесірінен өндірісін тоқтатқан кәсіпорындарға мемлекеттен субсидия алу үшін өтініш беруге болатынын айтты.

 * * *

COVID-19 індеті Паркинсон ауруы­на шалдығуды арттыруы мүмкін. Аустра­лиялық ғалымдар осындай бол­жам жасап отыр.

Мамандар бұл вирустың адам миын зақымдайтын патогендік қалыбы бар деп есептейді. Зерттеу автор­ла­ры­ның бірі Кевин Барнхэм коронавирус инфекциясының миға әсерінің нейродегенерацияға әкелетіні пандемия­дан кейін нақты белгілі болатынын, алай­да Паркинсон ауруы көбейетіні анық екенін алға тартқан.

 * * *

Канада премьер-министрі Джастин Трюдо коронавирус инфекциясының екінші толқыны келгенін мәлімдеді.

«Елдің төрт провинциясында екінші толқын өршіп тұр» деген ол қайта соққан дауылдан қатты қауіптеніп отыр. Сондықтан премьер-министр вирусты күшейтпеу канадалықтардың өзіне байланысты екенін айтып, маусымдық тұмауға қарсы екпе алып, ұдайы әлеу­мет­тік қашықтықты сақтап, маска тағып жүруге шақырды.

 * * *

Чилиде бір күнде 1372 адам індет жұқ­тырып, елде ауырғандар саны 449 903 болды.

Елдің денсаулық сақтау министрлігі 907 адам ауруханалардың жансақтау бөлімінде дәрігерлердің күні-түні қадағалауында екенін хабарлаған. Ал 680 пациент жасанды тыныс алу аппаратына қосылса, 121 науқастың халі өте ауыр. Осыған дейін індеттен 12 345 Чили азаматының өмірі қиылса, кеше тағы 24 пациенттің тынысы тоқтаған.

* * *

COVID-19 індетіне қарсы жаңа вакцина сынағына қатысуға 2 мың ұлыбританиялық ерікті келісімін берген.

Financial Times басылымы хабар­ла­ған­­дай, вакцинаны тәжірибеден өткізу барысында еріктілер ағзасына әдейі вирус жіберіліп, вакцинаның әсері тек­се­ріледі. Сондай-ақ бір айдан соң тағы да вакцина егіледі деген шешім бар. Тәжірибе 2021 жылдың басында Лондон корольдік колледжі мен hVIVO зерттеу тобының қатысуымен жүргізіледі деп ұйғарылған. Алайда бұл Ұлыбритания билігі мен Этика жөніндегі тәуелсіз ко­ми­тет­тің рұқсатын алғанда ғана мүм­кін болады.

 * * *

Словения Үкіметі де вирустың қар­қын­ды таралуын ескеріп, екінші тол­қын басталғанын хабарлады.

23 қыркүйекте Словенияда 2616 адамнан алынған тесттен жаңадан 136 ауру жұқтыру фактісі тіркелді. Ал бұдан бұрын 2335 тесттен 88 ғана вирус анықталған-ды. Үкіметтің баспасөз хатшысы Бояна Беович жаздағыдай емес, адамдардың жабық ғимараттардың ішінде көбірек болуы ауру таралуын жиілеткенін айтқан.

 * * *

El Periodico газеті Каталонияда 6 адамнан артық жиналуға болмайтынын жазды.

Осыған дейін Каталонияда 10 адамға дейін топтасуға рұқсат берілсе, енді ол 4 адамға қысқарған. Сондай-ақ Баша-Серданья ауданы тұрғындарына аса бір мұқтаждық тумаса, үйлерінен шықпауға кеңес берілген. Бұдан бұрын ел астанасы Мадридтің тұрмысы төмен, негізінен мигранттар тұратын 6 ауданында карантин жарияланды.