Палестинаның бұрынғы басшысы Ясир Арафаттың өлімінің себептері анықталды. Бұл туралы ИТАР-ТАСС хабарлады.
Палестинаның мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Ясир Арафаттың өлімі неден болғанына жауап іздеген халықаралық комиссия оның полоний затынан уланып, көз жұмғанын дәлелдеді.
Марқұмның бейіті 2012 жылы қайта қазылып алып, оның ішкі ағзаларына сараптама жүргізілген. Оның денесін тексерген Франция, Швейцария және Ресей мамандары зерттеу кезінде оның киімдерінен әлгі улы заттың белгілерін тапқан. Сондықтан тексеру комиссиясының басшысы Тауфик Тирауи Палестина көсемі полоний-210 деп аталатын элементтен уланып өлуі мүмкін деп мәлімдеген.
Аталған сараптаманың толық қорытындысы Палестина үкіметі мен Арафаттың жесірі Суха Арафатқа тапсырылған.
Ясир Арафат 2004 жылдың 11 қарашасында 75 жастан асқан кезде Париж маңындағы ауруханада қайтыс болды. Сол кезде оның өліміне қатысты ешқандай бөтен ақпарат айтылмаған. Тек оның кенеттен өмірден озғаны ғана хабарланды.
Жолдыбай Базар.