• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Білім 25 Қыркүйек, 2020

ҚазҰУ "Цюрих Университетімен" ынтымақтастық орнатады

189 рет
көрсетілді

Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Әлібек Бақаев және Швейцарияның жетекші жоғары оқу орнының бірі "Цюрих Университетінің" Президенті профессор Михаэль Шэпманн екі жоғары оқу орнының арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою арқылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен "Цюрих Университетінің" арасында тікелей ынтымақтастық орнату туралы уағдаласты, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұл шара ғылым саласында ынтымақтасу мүмкіндігіне, студенттермен және профессорлық-оқытушылық құраммен алмасуға, сондай-ақ бірлескен іс-шаралар да жүзеге асыруға жол ашады.

Сонымен қатар, "Цюрих Университетімен" бірлесіп екі жоғары оқу орнының ректорларының қатысуымен ұлы ойшылы Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойы шеңберінде ұлы философтың Еуропа ғылымы мен мәдениетіне қосқан үлесіне арналған халықаралық дәріс өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Елші таяуда Болон процесі Хатшылығының шешімімен Қазақстанның жоғары оқу орындары дипломдарының Еуропада ресми түрде мойындалатынын атап өтті. "Бұл екі жетекші университеттердің арасында әріптестікті жолға қою үшін жақсы бастама", деді ол. Өз кезегінде Михаэль Шэпманн "Цюрих Университетінің" Қазақстанның жетекші оқу орнымен ынтымақтастығының жолға қойылуын қолдайтынын білдірді.

Айта кетейік, "Цюрих Университеті" ең танымал QS World University Ranking халықаралық рейтингінде 69 орынды иеленеді және әлемнің үздік 100 университетінің тобына кіреді. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жақында осы рейтингте 165 позицияға ие болып, үздік университеттердің 200-дігіне кірді.

Бұл кездесу ірі қазақстандық және швейцариялық университеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге жақсы негіз салды.