Бұдан былай елімізде іске қосылатын ақылы жолдарға шлагбаум қойылмайды. Төлем қабылдау пункттері де орнатылмайды. Жұмыстың бәрін ақылды жүйе өздігінен реттемек.
«QazAvtoJol» ұлттық компаниясы» АҚ Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы филиалының директоры Марат Сүлейменовтің айтуынша, ақылы жолдардың жаңа учаскелерінде төлем қабылдаудың жаңа жүйесі енгізілмек.
– Көліктер өтетін қақпаға арнайы камералар орнатылады. Ол көліктің бір аймақтан екіншісіне өткенін тіркейді. Қажетті сома жүргізушінің жеке шотынан автоматты түрде ұсталынады. Сондай-ақ автокөліктің мемлекеттік нөмірі арқылы төлем жүргізу әдісі де сақталмақ. Бұдан бөлек RFID белгілері арқылы төлем қабылдау жоспарланып отыр, – деді М.Сүлейменов.
Белгілі болғандай, жеке шотты онлайн толтыруға болады. Терминал мен ұялы телефон, интернет-банкинг арқылы да ақша аудару мүмкіндігі қарастырылған.
Қазір Қазақстанда жалпы ұзындығы 682 шақырым болатын 4 ақылы жол учаскесі бар. Атап айтқанда Нұр-Сұлтан – Щучинск (ұзындығы 211 шақырым), Нұр-Сұлтан – Теміртау (134 шақырым), Алматы – Қапшағай (42 шақырым) және Алматы – Қорғас (295 шақырым) учаскелері жұмыс істеп тұр.
Бұған дейін хабарланғандай, 2020 жылдың соңына дейін тағы бірнеше учаске ақылы жұмыс істеуге көшеді. Атап айтқанда ақылы жолдардың қатарына Шымкент – Ташкент, Қапшағай – Талдықорған, Нұр-Сұлтан – Павлодар, Ақтөбе – Орал, Орал – Тасқала секілді бағыттар қосылады деп күтілуде.
– 2024 жылға қарай 11 мың шақырым жолды ақылы ету жоспарланып отыр. Қазір 32 жол учаскесінде тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жұмыстар аяқталысымен учаскелер кезең-кезеңімен іске қосылады. Ақылы жүйені енгізу инвесторлардың қаражаты есебінен төленеді, – деді М.Сүлейменов.
Оның айтуынша, тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқан ақылы учаскелерді ашпас бұрын қоғамдық тыңдау өткізіледі. Жергілікті халық арасында ақпараттық-насихат жұмыстары жүргізіледі. Егжей-тегжейлі зерттеу жасалған соң, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі төлем мөлшері мен жеңілдіктерді бекітеді. Сондай-ақ автокөліктің қандай түріне тегін жүру иә жүрмеу құқығы берілетінін де осы ведомство анықтайды.
– Өткізу пунктінде кептеліс орын алмас үшін алдын ала төлем жасау жүйесі енгізілген. Сондай-ақ жеңіл автокөліктер үшін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Мәселен, алдын ала төлем жасаған жағдайда төлемақы екі есе арзан болады. Бұдан бөлек ақылы автожолдың маңайындағы елді мекендерде тіркелген автокөлік иелері үшін бір жылдық абонемент қарастырылған. Оның құны – 1 мың теңге. Тұрақты түрде жолаушылар тасымалдайтын автобустар төлемнен босатылған. Қазір тиісті заңдарға түзету енгізу пысықталуда. Онда соғыс ардагерлерін, мүмкіндігі шектеулі жандарды және оларға теңестірілген адамдарды ақы төлеуден босататын арнайы норма бар, – деді «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының өкілі.
Еске сала кетейік, жолда ақы төлеуден жалтарғандар әкімшілік жазаға тартылады. Дәлірек айтсақ, тиісті норманы елемеген жеке тұлғалар 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, ал заңды тұлғалар 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл арқалайды.
Ақылы жолдарды енгізудегі негізгі мақсат – қолайлы әрі қауіпсіз жол қозғалысымен қамтамасыз ету, сондай-ақ бюджетке түсетін жүктемені азайту. Бұл ретте ақылы учаскелер өзін-өзі ақтап отыр десе де болғандай.
Ресми мәліметке сүйенсек, 2019 жылдың қорытындысы бойынша қолданыстағы төрт ақылы жол учаскесінен 5 млрд 380 млн теңге жиналған. Тарқатып айтсақ, Нұр-Сұлтан – Теміртау бағытынан 1,7 млрд теңге, Нұр-Сұлтан – Щучинск бағытынан 1, 700 млн теңге, Алматы – Қорғас бағытынан 988 млн теңге, Алматы – Қапшағай бағытынан 972 млн теңге түскен. Өткен жылы аталған учаскелер арқылы 10,5 млн автокөлік жүріп өткен.
– Заңға сәйкес, жиналған қаржының бәрі ақылы жолдарды жөндеуге, күтіп ұстауға, қызметін ұйымдастыруға, қажетті техникаларды сатып алуға жұмсалады. Қыста қардан тазалау керек. Қар тоқтататын бағандар орнатылады. Көктемде су өтетін құбырларды реттеу қажет. Жол белгілерін ауыстыру, жаңадан қою секілді жұмыстар бар. Түскен қаржы тек осы мақсаттарға ғана жұмсалады, – деді М.Сүлейменов.
Компания өкілінің айтуынша, ақылы жолдардың бойында аталған жұмыстарды реттейтін 8 орталық салынған. Жолдарды күтіп ұстауға арналған 89 техника бар. Олардың барлығы дерлік биылғы қыс маусымына сақадай-сай.
– 30 қыркүйекке дейін 8 орталықты қажетті отынмен, көмірмен, газбен, жанар-жағармаймен қамту жоспарланған. Жолдағы қатқан мұзды ерітетін тұз сатып алынды. Былтыр қыстағы тайғақты жою үшін натрий және кальций хлоридінің негізінде алынған химиялық қоспалар сынақтан өткізілген еді. Реагент тиімділігін дәлелдеді. Биыл дәл осындай реагенттің 50 тоннасын жеткізу жүктелді. Қазір қорда 29 тоннасы бар, – деді ол.