• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Кино 29 Қыркүйек, 2020

Қазақ киносының қайталанбас бейнесі

689 рет
көрсетілді

Жақсымен өткен жарты сағат, қалған ғұмырының қанжығасы. Бұрынғының адамдарын бүгінгілер «көненің көзіне» балап, көрген-білгенін салмақтап, төрге көтеретіні сол-ау. Солардың айтқан ғибратты әңгімелері ауыздан-ауызға тарап, тағылымымен бүкіл ауылды не одан қалса бүтін өңірді тәрбиелейді. Біз бүгін осы бір асыл қасиетті алқалап, ел жадында қайта жаңғырту үшін газетіміз арқылы көп қадірлеген тұлғаларымыздың жансарайына үңілуді жөн санадық. Сөйттік те, қазақ өнеріне, оның ішінде кино әлеміне айшықты із қалдырған Әлімғазы Райымбеков атамыз бен оның жары Гүлжауар Айтжанқызы апамызға қолқа салдық.

 

«Тақиялы періштені» білмейтін қа­зақ жоқ-ау, сірә. Әлгі өзіміздің тау теңселсе де тербелмейтін Тайлақ қой. Есте жоқ ескі дәуір­дің ескірген бейнесі емес бұл, әуелгі әкелеріміздің бала махаббатының бастау­хаты. Би кешіне жалғыз барған сұлуды үйіне шығарып салуға асыққан бір топ жігіттің күдігі мен күмәнін әлдилеген сурет. Есеюге асықпаған бозбаланың есті ермегі мен естелікке толы өмірбаяны. Иә, иә, сіз де тамсанғансыз, біз де сүйінгенбіз. Бірақ жылдар сол көркем киноның кейіп­керіндей бәрімізді алысқа алып қашты. Енді бәрі болмағандай, ешкім де көрмегендей бұлыңғыр. Ал алып Тай­лақ Тәңір алқап, болашақтың алдында сол баяғы қалпынша жадырап жүр. Тор­ғауыт сауытты тозған бөздей сөгетін сүр жебелі  батырдың бейнесіндей. Екі иы­ғына екі жігіт мінгендей, жауырыны қақ­пақтай, білегі бесіктей алып тұлғаны сек­сеннен асты деуге ел сене қоймас. Сұң­ғақ бойлы, сұлу мінезді, сырбаз жанарынан от шашқан азамат қия-құзды шолған  қырандай қомданып тұрады. Қазақтың қайсары қайсы десе, міне, деп көр­сеткендей, сөзі шымыр, қарымы қайт­паған ақсақалмен  кездесудің  сәті түсті.

Бізді баладай елпілдеп,  жайдары қарсы алды. Жүрегінде қылдай кірбің жоқ, періште десе, періште. Гүл­жауар апамыз келетінімізді сезсе керек, дастарқан жайып қойыпты. Қара­пайымдылығы жүздерінен көрініп тұр. Ақжарқын мінездері үйді тіптен әр­леп жібереді. Екеуі де әлі тың. Төрге шы­ғарып, салтқа сай алдымызға ас әкелді. Бізді көріп жастық шақтары ойларына оралды ма, үстел басыңда атамыз бен апамыз өткен күндеріне сапарлады.

– Мен бала кезімнен күресті жақсы көрдім, – деп бастады сөзін «Тақиялы періште». – Әскерге барғанда да күресті тастағаным жоқ. Ауылда, малшылар тойында, жиындарда үнемі белдесуге шығып жүретінмін. Басқарма бастығы Егін­бай Жылқайдаров қалма, қатыс деп үнемі қайда барса бірге ертіп баратын.

Талдықорған Алматы облысына қосылған шақ. Ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін азаматтардан команда жинақталып, «Қайрат» спорттық бірлестігі құрылған. Команда құрамында Алматыда өткен жарысқа қатыстық. Қатысушылар ішінен 24 жігітті іріктеп алды да, бәрімізді Талғар қаласына жаттықтыруға апарды. Арамыздан тағы да іріктеп, ең мықты дегендерді қалдырды. Сөйтіп Қажымұқан Мұңайтпасовтың жүлдесіне өтетін жарысқа сол кездегі Шымкент облысының Темірлан ауда­нына аттандық. Сол додада ауыр сал­мақтағылар арасында бірінші орынды иеленіп, спорт шебері атағын алдым.

Жарыста бас төреші болған Сәбит Сатыбалдин деген азамат еді. Алматыға келгеннен кейін кездейсоқ көрнекті режиссер, өнер майталманы Әзірбайжан Мәмбетовке жолығып қалып, киноға Қажымұқанның рөліне адам таппай жүргенін естиді. Сол жерде бас төреші жақында ғана осындай жарыс өткенін, онда ауыр салмақта жүлде алған менің атымды атап, мекенжайымды береді.

Қазақ: «Жүгірген жетпейді, бұйырған кетпейді», – дейді. Жүлдемді көтеріп ауылға келсем, ұжымшар бастығы Жылқайдар Егінбаев шақырды. «Сен не бүлдіріп қойдың?» – деп дүрсе қоя берді. «Ештеңе бүлдірген жоқпын», – десем: «Мә, оқы», – деп бір жапырақ қағазды қолыма ұстата салды. Алып қарасам, телеграмма. Қажымұқан рөліне кинопробаға шақырыпты. «Ойбай, аға, барайын, жүз жылда бір туатын Қажымұқанды сомдау бақыт қой», – деп  бардым. Таңдау маған түсті, ойнап шықтым. Киностудияға келіп, не үшін келгенімді айтып, шақырту қағазын көрсеткен бетте ондағылар бір-біріне: «Кажмукан приехал», – деп айқайлап, хабарлап жат­ты. Әзекең де мені балаша қуанып, қарсы алды. Қолыма орыс тіліндегі мәтінді беріп: «Осыны қай күні жаттап боласың, сол күні келесің», – деп жіберді. Әлгіні шамамен он күн­дей жаттадым. Дайындық үстінде Әнуар Молдабековтің айнаға қарап, өз-өзінен сөйлеп жүргенін көргенмін. Ал­ғашында түсінбей, неге өйтеді екен деп таңырқағанмын. Соның мәнісін енді түсініп, өзім де айна алдында мәтінді жаттап дайындалатын болдым. Сөйтіп рөлге бекітіліп, қыркүйек айында Шымкентке киноға түсуге баратын болып, елге қайттым. Менің кинодағы қадамым осылай басталған еді. Алғашқы сәттен-ақ Әнуар Молдабеков, Торғын Тасыбекова сынды үлкен дарын иелерімен бірге кино өнерінің есігін аттауым Алланың бір сыйы шығар.

Актер атамыздың бәрі есінде. Оқиға­ларды еш шатаспай айтып отыр. 1960 жылдары қазақ киносында музыкалық комедия жанры ақсап жатқандықтан, сол кемшіліктің орнын толтыру мақсатында «Тақиялы періште» өмірге келгенін бәріміз білеміз. Шәкен Айманов жос­парын асқан шеберлікпен орындап шық­ты да. Әрине, замана ұраны – халықтар достығын көрсету идеясы да ұмыт қалмады. Фильм әр ұлттың ән-биімен көркемделіп, ерекше тартымды түсірілді. Мұнда халық әуендері де, классика да, джаз да, эстрада да, қыс­қасы, бәрі қамтылып, бір-бірімен үндестік тапты. Актерлер көңілді, оқиға ойнақы, бір сөзбен айтқанда, мүлгіген қазақ киносы ұйқысынан оянып, бір серпілгендей болды. Әсіресе Тайлақтың рөліндегі қазақ баласы елдің жүрегін елең еткізді.

Осы киноның арқасында жақсы-жайсаңдармен жолдас болғанын жасырмайды атамыз. Алдыңғы буын өнер иелерінің көпшілігін көз көріп, ғибратын көңілге түйгені жанарынан-ақ байқалып тұр.

Өнер адамы қоғамдағы әрбір құ­былысты, былайғы кездері әшейін болып көрінетін елеусіз нәрсенің өзін жүрегіне жақын қабылдайтын, бәрін сана сүзгісінен өткізетін нәзік бол­мыстың иесі ғой. Шәкен Аймановтың 80 жылдық мерейтойында белгілі әртіс Ыдырыс Ноғайбаев: «Тақияң қайда? Неге кимейсің?» – деген соң, қалтасынан тақиясын ала бергенде Ли және Ким дейтін екі суретші әйел тақияға қызығып: «Біз мұны мұражайға өткіземіз, бізге беріңізші», – деп аттай қалап сұрап алып­ты. Сонымен, Тайлақтың шын та­қиясы қазір қайда екені белгісіз. Десе де, атамыз әлі күнге дейін басынан тақиясын тастаған емес.

Енді Гүлжауар апамызға келсек, бар өмірін отбасына арнаған аб­зал жан. Жұмыс істей жүріп, 10 баласы­ның тәр­биесін көзінен таса етпей, жақсы адам болып жетілуіне күш салып әрі шығар­машылықты серік еткен аза­матының алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай туғызды. Қиындықтарды бастан өткерсе де жа­сымаған, балаларына жоғары білім беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ардақты ана. Бүгінде олардан тараған не­мере-жиендерінің, шөберелерінің арасында отағасы екеуі күн сәулесіне малынып, шуақ шашқан қос шыңдай болып орта толтырып отыр. Апамыз атамыздың айтқанына қосылып, қостап қана отырды. Онысы – ерден озбайын дегені.

– Әскерден келген бетім еді, – деп бас­тады одан әрі қарай әңгімесін «Тақиялы періште».  – Әкем ешқайда кетпей, ауылда қалып жұмыс істегенімді қалады. Сөйтіп Аманжол Әбдірахманов дейтін азаматтың: «Бізге көлік жүргізушісі керек, кел», – деген шақыруымен көлік жүр­гізу­шісі болып жұмысқа кірдім.

Сол жылы Бөрлітөбеден Қасым­жо­март дейтін учаскелік милиция ауылға көшіп келді. Сол кісінің жүктерін Үй­гентас өңірінен көшіріп әкелуге жолға шығып, Жыланды ауылына келдік. Дас­тарқан басында Нұржамал, Роза дейтін екі келіншек менен сұрай бастады: «Қай жақтансың? Не істейсің? Әке-шешең бар ма?» – дегендей біраз тергеуге алды. Сөз­дерінің соңында: «Үй­ленгің келе ме? Біздің бір қызымыз бар еді. Таны­самын десең, көрсетейік», – деді. Мен келістім.

Сонымен сол келісіммен көрші ауылға келдік. Түннің бір уағы, сағат 1-2-лер шамасы. Шай ішіп, ұйқыға жат­тық. Таңға жақын оянып, тысқа шықсам, маған таныстыратын қыз сиыр сауып жүр. Бірден ішім жылып, нағыз кедейге жар болуға лайық, еңбекқор қыз екен деп санама түйдім.

Сол күні үй иесі мал сойып, қонақ етті. Мен де тыпыршып, жаңағы екі келін­шекке қыздың жайын айтпайсыңдар ма енді дегендей емеурін білдіріп қоя­мын. Сонымен ол әңгіменің де шеті шыға­рылды. Әкесі алдымен шешесімен ақылдасарсыңдар деген соң, мені ертіп келген екі жеңгей қыздың анасымен келісім жүргізді. Анасы: «Қалыңмал бол­маса да, кәде деген бар», – деп өз шарт­тарын жеткізіпті. Сонымен, Қа­сым­жомартты көшірісемін деп, өзім үй­ленетін болып қайттым. Келе салып, әкеме үйлену туралы шешімімді айтып, дайындыққа кірістік. Әкем жалғыз сиырын сатып, үш қой алды. Сөйтіп мына апаларыңды алып қайттық, – деді қуа­нышын жасыра алмай. Біз де еріксіз жымидық.

Алматыда «Долана» фильміне түсіп жатқан кезі. Содан атамыз сол аумақтан бір түріктің үйін сатып алмақ болады. Ақыры ауылға барып, келіншегін ертіп келіп, жаңағы үйде үш күн тұрады. Төртінші күні апамыз: «Жоқ, мен мұнда тұра алмайды екенмін. Егер өзім тұрам десең тұр, мен қалмаймын», – деп кетіп қалған көрінеді. Ағаш ұстасының қызы ауыл тірлігін аңсап тұратын әдеті. Үй тір­лігіне еті үйренген жанның қа­ла өмі­ріне бейімделе алмасы анық. Ата­мыз­дың жүрегін жаулап алған сол пы­сықтығы мен қарапайымдылығы болса керек. Оны бір сұхбатында өзі де айтқан болатын. Атамыз бастан өт­керген қызықтарынан да айтып берді. Әсіресе, батыр Бауыржанмен кездейсоқ жолығысып қалған сәті есінен кетпейді.

– «Ән қанатында» фильмінің түсірі­ліп жатқан кезі. Қазақ кино өнерінің аты аңызға айналған актері, режиссері Шәкен аға қазақ киносының қазіргі абыз ақсақалы Асанәлі Әшімов үшеуміз кафеге тамақтануға кіргенбіз. Төр жақтағы үстелде Баукең отыр екен, атақты Бауыр­жан Момышұлын бірінші рет көруім сол кез. Жанымдағы азаматтар Баукеңмен амандасып, қауқылдасып жатты. Бір кезде мені шақырып, Қажы­мұқанның рөлінде ойнайтынымды айтып, таныс­тырды. Маған Баукең сұсты көзімен қарап: «Мені танисың ба?» – деді. Мен Бауыржан Момышұлының бар білген атақ-даңқын тілім жеткенше айтып жатсам керек, бір кезде: «Молчать! К моему столу шагом марш!» – деп айқайлады. Баукеңнің үстеліне сарбаздардай нық қадаммен басып бардым. Сосын даяшыға бір табақ ет пен бір бөтелке арақ алдырды. Нағыз Қажымұқан болсаң, осыларды тауысасың деген шарт қойды. Бұрын арақ ішіп көрмеген басым қорыққаннан терлеп кеттім. Айтқанындай-ақ екеуін де тауыстым. «Жарайсың, Қажымұқан болуға лайық екенсің» деп арқамнан қақты, – деді Ә.Райымбеков.

Иә, бүгінде оларға бірге суретке түсу­ге, әңгімелесуге ықылас білдіретіндер көп. Алматы қаласындағы, облыстағы мектептер, жоғары оқу орындары да кездесуге шақырып тұрады. Жас ата-аналар балаларының тұсауын кестіріп, аузына түкіртіп алатын көрінеді. Атамыз­дай алып денелі, апамыздай асыл қасиет­терге ие болсын деген ниет қой баяғы. Сол ниет шығар қос қарияның көрер жарығын көбейтіп, қуанышын еселеп отырған.

Айтпақшы, Әлімғазы атамыз тақия­сын шляпаға ауыстырыпты. Заманға сай киінген қара шляпалы қарттың әлі де аузында әзілі бар. «Жастардан қалам ба?» деп қағытпа қалжыңмен жүзі­мізге күлкі үйірді. Қара костюммен өзіне жараса кетеді екен. Алыстан қол бұл­ғағанда құдды Қаратау менмұндалап ша­қыр­ғандай күйге бөленесіз. Парасаты мен пайымына әуезді әзілі үйлескен атамызбен осылайша әдемі әңгіме өрбітіп, тарқастық.