«Волонтер жылында» еріктілер қозғалысын дамыту мақсатында Көліктегі полиция департаменті «Менеджмент және бизнес» колледжі волонтерлерінің қатысуымен «Патруль-ерікті» бірлескен іс-шарасын өткізді. Көлік полицейлері волонтерлермен бірлесе отырып «Нұр-Сұлтан-1» темір жол вокзалында және жолаушылар пойыздарында 500 бетперде таратты.
«Іс-шара #Birgemiz акциясын қолдау мақсатында жүргізіліп отыр. Волонтерлер коронавирус инфекциясының қаупі мен саламатты өмір салтын насихаттау үшін жолаушылар пойыздары мен темір жол вокзалдарына келушілерге маска таратып, сондай-ақ карантинге байланысты енгізілген шектеулерге түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Олар бетпердені тек үй-жайларда ғана емес көшеде де міндетті түрде тағудың маңыздылығы туралы айтты», деді департамент бастығының орынбасары Абзал Жұматаев.
Бүгінде күні еліміздің барлық өңірінде карантиндік іс-шаралар енгізілгені белгілі. Сондықтан адамдар көп жиналатын әуе және темір жол объектілерінде де санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтау өте маңызды.
Абзал Жұматаевтың айтуынша, көлік полицейлері өздерінің негізгі міндеттеріне қоса азаматтардың денсаулығына қамқорлық көрсетуді де мақсат тұтады. Оған осы өткізіп жатқан іс-шаралар дәлел болады.
«Нұр-Сұлтан-1» стансасында А.Жұматаев жеке құраммен және волонтерлермен кездесіп, жұмыстың басым бағыттарын айқындады. Бұдан соң «Қарағанды – Қостанай», «Жезқазған – Нұр-Сұлтан», «Алматы – Қостанай» және «Нұр-Сұлтан – Павлодар» бағыттарындағы жолаушылар пойыздарының келіп-кетуі кезінде жолаушыларға қорғаныс бетперделері мен профилактикалық сипаттағы жадынамалар таратылды.
Волонтерлер департамент ұйымдастыратын акцияларға ұдайы қатысып отыратынын айтты. Олар бұл жұмысқа өз еркімен жұмылуда. Жастар қоғамға қолұшын беруді әр азаматтың парызы деп білетінін жеткізді.
Ал жолаушылар өз кезегінде тәртіп сақшыларына ризашылығын білдірді. Олар осындай алмағайып кезеңде ерекше көңіл бөліп тегін бетперде таратқан полицейлердің қамқорлығын жоғары бағалап, олардың қиын да жауапты қызметтеріне алғыс айтып, табыс тіледі.
Шара барысында азаматтардың көпшілігі қорғаныс бетперделерін тағуға аса жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті.
«Акция кезінде көлік полицейлері жолаушыларға 500 медициналық қорғаныс бетпердесін таратты. Тәртіп сақшылары алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысты жалғастыратын болады», деді полиция полковнигі.
Көлік полициясы қызметкерлері осындай акцияларды жүйелі түрде ұйымдастырмақ. Мәселен, биыл тамыз айының аяғында Нұр-Сұлтан стансасында еріктілермен бірлесе отырып, 1500 бетперде таратылған болатын. Бүгінге дейін полицейлер 2 мыңға жуық медициналық бетперде таратты.