• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қыркүйек, 2020

Жамбылда жүзеге асқан жарқын жоба

324 рет
көрсетілді

Жамбыл облысында ұлтаралық татулық пен келісімді нығайту мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Осы мақсатта аймақта «Бейбітшілік және келісім» жобасы іске асуда. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына орай, тиісті басшылар мен мамандар өңірдің бес ауданында болып, халықпен кездесті. Ел ішінде қордаланған мәселелерге назар аударып, оларды шешу жолдарын қарастырды.

 

Тараз қаласынан Қордай ауданына барған «Діни мәселелер» тобының мү­шелері әуелі аудан әкімдігінде жер­гі­лікті атқарушы және құқық қорғау ор­ган­дарының, сондай-ақ діни бірлестік­тер­дің өкілдерімен кездесті. Облыстық дін іс­тері басқармасының басшысы Жангелді Омаров бастаған топ құрамында аталған басқарманың қызметкерлері, имамдар мен теолог мамандар болды. Жиынға ­аудан әкімі Рүстем Дәулет төрағалық етіп, қатысушыларды жобаның мақсатымен таныстырды. Дін саласындағы өзекті мәселелерді шешу мақсатында пікір алмасты. Бұдан кейін топ мүшелері бірнеше ауылдық округте болып, жергілікті ха­лық­тың тыныс-тіршілігімен танысты. Олар бес топқа бөлініп, аудандағы діни ахуалды зерделеу жұмыстарымен қатар, дәстүрлі емес діни бағыттағы азаматтармен де кездесті. Кейбір мәселелер бо­йын­­ша тұрғындарды жеке қабылдады.

Үш күн бойы Қордай ауданында бол­ған «Діни мәселелер» тобының мүше­лері аудан әкімдігінде жиын өткізді. Кез­десуде басқарма басшысы Жангелді Омаров осы уақыт аралығында 16 іс-шара ұйым­­дастырылып, оған 300-ден астам тұр­ғын­ның қамтылғанын жеткізді. Топ же­­­текшісінің айтуынша, жергілікті жұрт­­шылықпен кездесу барысында дін са­ласымен қатар, әлеумет, медици­на және білім беру саласы бойынша да бір­қатар мәселе оң шешімін тапқан. Деструк­тивті діни көзқарастағы азаматтармен де сұхбат жүргізіліп, оңал­ту жұмыстары атқарылған. Сондай-ақ, ол азаматтарға дін саласындағы жаңалық­тармен қатар, құқықтық, жауап­кершілік мәселелерінің де түсіндірілгенін айтты. Ең бастысы – «Қордай» Құран қари­ла­­рын дайындау орталығына қатыс­ты бар­лық мәселелер ше­шілген. Ал жиын­ға ­қатысқан жергілікті құқық қорғау ор­ган­дарының басшылары қо­ғамдық тәр­тіп пен ұлттық қауіпсіздік­ке қатысты бірқатар мәсе­ле көтеріп, нақты ұсы­­ныстарын алға тартты.

Өңірде бастау алған «Бейбітшілік пен келісім» жобасын кең көлемде насихаттау және оны жүзеге асыру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов бастаған ақпараттық-түсіндіру тобы Шу ауданын­да болды. Топ мүшелері әуелі аудан акти­вімен жиын өткізіп, жобаның маңыз­дылығына тоқталды. «Облыс басшы­сының тапсырмасына сәйкес, жоба аясында «Ақпараттық-түсіндіру», «Әлеумет­тік-тұрмыстық мәселелерді шешу», «Ауылда бизнесті дамыту», «Діни мәселелер» және «Құқық қорғау саласы» сынды бес жұмыс тобы құрылды. Алдағы уақытта аталған топтардың мүшелері Шу, Меркі, Байзақ, Жамбыл аудандарын­да ұлтаралық қақтығыстардың алдын алу мен шешуге, жергілікті халықтың діни және құқықтық сауаттылығын арт­­­­­тыруға, ауылдықтардың кәсіп бас­тауына бағытталған түрлі шара өт­кі­зіп, шалғай ауылдардағы шешімін күт­кен мәселелерді анықтайтын болады», деді Дауыл Бейсенқұлов. Бұдан кейін топ мүшелері Қорағаты ауылдық окру­гіндегі Мойынқұм орта мектебінде тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында көпшілікке облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Медет Атен «QazOnline» мобильдік қосымшасын таныстырды. Қазақ ті­лін үйренуге арналған мобильдік қо­сым­­ша облыстық тілдерді дамыту бас­­қар­масының тапсырысы бойынша құ­рас­тырылған. Қосымша 16 сабақтан тұ­рады. Мұнда жаңа сөздер, оқылым, грам­ма­тика, жазылым, тыңдалым және өзін-өзі тексеру бөлімдері мен оларды бекітуге арналған тапсырмалар бар. Аталған қосымшаны кез келген ауыл тұр­ғыны Play Market және App Store қосымшалары арқылы ұялы телефонына жүктей алады. Ауыл тұрғындары да бұл қосымшаға қызығушылық танытты. Сонымен қатар облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев пен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа жергілікті жастармен кездесті.

Жиында Шу аудандық жастар ре­сурс­тық орталығының Д.Қонаев ауылы бо­йынша инспекторы Нұрдәулет Ба­уыр­жан көпұлтты елді мекенде спорт ке­шені мен мәдениет үйінің жоқтығын айтса, Қорағаты ауылдық округінің жас­тар ісі жөніндегі инспекторы Мадина Аман ауылдағы мектептің тозығы жет­кендігі және ұялы байланыстың нашар­лығы туралы мәселе көтерді. Бұдан бө­лек те тұрғындар бірқатар мәселелерді жет­кізді. Сондай-ақ «Бірлігіміз жарас­қан!» тақырыбында көшпелі көрме ұйым­дастырылды. Өз кезегінде облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұлов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Маржан Қожаева, «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Ранохан Убайдуллаева аудандағы этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен кездесті. Кездесуде мемлекеттік және азаматтық институттардың өзара қарым-қатынасын белсенді жүргізу туралы сөз болып, ауыл­ды жерлердегі ұлтаралық татулық мә­селесі сөз болды.

Шу ауданындағы үгіт-насихат барысында М.Мақатаев атындағы тірек орта мектебінде «Қазақстан Республикасының этномәдени саясатының жалпы тәсілдері мен негізгі принциптері» атты семинар-тренинг өтті. Сондай-ақ топ мүшелері «Бейбітшілік және келісім» жобасының маңызына тоқталды. Бұдан кейінгі кездесу Қорағаты ауылында жалғасын тап­ты. Бүгінде ауылда 13-тен аса өзге ұлт өкілдері бейбіт жағдайда өмір сүріп отыр. Ауылдағы 828 жастың бірқата­ры мемлекеттік грант ұтып алып, жұмыс ат­қаруда. Сонымен қатар ауылда «Дип­ломмен – ауылға!» бағдарламасымен ке­ліп, еңбек етіп жүрген жастар да бар. Жалпы, ауданның бірқатар ауылдарымен қатар Шу қаласында да ақпараттық топ мүшелері жұртшылықпен жүздесті. Кездесуде дін істері, білім беру және ха­лықтың әлеуметтік жағдайына қатысты да әңгіме өрбіді. Қорытынды жиында Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров сөз алып, аталған барлық ұсыныстар мен кеткен кемшіліктердің жіті бақылауға алынатынын жеткізді.

Жамбыл облысында бастау алған «Бей­бітшілік және келісім» жобасын іске асыру мақсатында құрылған ақпараттық түсіндіру тобы Байзақ ауданында болды. Әкімдіктің мәжіліс залында өткен жиынды аудан әкімі Нұржан Нұржігітов ашып, көпшілікті топ мүшелерімен таныстырды. Бұдан кейін облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, топ басшысы Сержан Қуанышев қанатқақты жобаның мақсаты туралы әңгімеледі. Ал облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова ұлтаралық татулық пен бірлікті сақтаудағы тілдің алатын орны маңызды екендігін айтты.

Әуелі топ мүшелері аудан орта­лы­ғын­дағы «Қоғамдық келісім» орталығы­ның жұмысымен және этномәдени орта­­лықтардың тыныс-тіршілігімен та­ныс­ты. Жиында облыстық ішкі саясат бас­­қармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышев, «Қоғамдық келісім» мекемесі этносаралық қатынастар сала­сындағы әдістемелік қамтамасыз ету және мониторинг бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева, аталған мекеменің бас және жетекші сарапшылары Альбина Тапаева және Замана Исмаилова, «Жас­тар-зерттеу» қоғамдық бірлестігінің төр­­айымы Парида Мамедова көпұлтты елі­мізде бірлік пен ұлтаралық келісімді сақ­таудың маңызын әңгімеледі. Шара барысында түрік ұлтының өкілі, же­ке кәсіпкер Жалел Аббасов, неміс эт­номәдени орталығының жетекшісі Вар­ва­ра Найденова, корей этномәдени орта­­­лығының жетекшісі Наталья Шин ұлт­­аралық татулықты сақтау, тілдің қол­­даныс аясын кеңейту туралы айтса, зей­неткер Валентина Попандопуло қа­шық­тан оқыту, ал аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыдырәлі Оралов жол мәселесін көтерді. Сондай-ақ орыс этномәдени орталығының мүшесі, Ғ.Мұ­ратбаев атындағы гимназияның мұға­лімі Евгений Кравчук жаңартылған бі­лім, Байзақ ауылындағы «Салтанат» бала­бақшасының тігіншісі Салтанат Жа­бо өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәр­биелеу төңірегінде ойларын ортаға салды.

Сондай-ақ облыстық ардагерлер ке­ңе­сінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңла­­сын Есіркепов, облыстық ардагер­лер кеңесі ұйымдастыру бөлімі мең­геру­шісінің орынбасары Талғат Жұмабек сияқты топ мүшелері аудандағы жастар жетекшілерімен кездесті. Кездесу еркін пікір алмасу форматында өтті. Жиында жастардың коронавирус індетімен күрес кезіндегі атқарған тірліктері, сондай-ақ ұлттық бірегейлікті сақтап қалу мәсе­лелері төңірегінде ойлар айтылды. Кез­десуге қатысқан аудан әкімі Нұржан Нұр­жігітов Кеңес Одағының Батыры Ағаділ Сухамбаев атындағы саябақ ішінен өт­кен жылы аудан жастарының басын қо­сатын арнайы нысан пайдалануға бе­рілгенін, оларға демеушілер есебінен жаңа көлік берілгенін атап өтті. Әкім өз сөзінде жастардың елге, халыққа пайдасы тиетін кез келген ұсынысын қолдауға әзір екендігін жеткізді. Бұдан кейін топ мүшелері Бурыл ауылдық округінде болып, тұрғындармен кездесті.

Облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Бигелді Тәжі­баев «Бейбітшілік пен келісім» жоба­сының мән-мақсатын түсіндірді. Ал об­лыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары Талғат Жұмабек бүгінгі таңда жастарға жүктеліп отырған міндеттің ауқымдылығын атап өтті. Жиында Бірлескен қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Серік Ермеков, Бу­рыл ауылдық округі қоғамдық келісім кеңе­сінің төрағасы Сады Қуатбеков, кә­сіпкер Жалел Аббасов, медиатор Ғай­ни Көшекбаева, Құмжота ауылының тұр­ғыны, қоғам белсендісі Кирман Ахметов өз ойларын ортаға салды. Жиын соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова келушілерге ­аудан ­аумағындағы жастармен жүргізіліп жат­қан жұмыстар жөнінде мәлімет берді.

«Бейбітшілік және келісім» керуені Меркі ауданында да жалғасын тапты. Әуелі топ мүшелері Жамбыл, Қ.Сары­мол­даев, Ойтал және Ақтоған ауылдық ок­­руг­терінде болды. Шараның бас­ты мақ­саты – халықтың тыныштығы мен ын­ты­мағын сақтау болғандықтан, тұр­­ғын­дарға осы бағытта түсіндіру жұ­мыс­тары жүргізілді. Ауылдықтар құқық қор­­ғау, әлеуметтік көмек бойынша да са­­уал­дарына жауап алды. Мәселен, ­Мер­­­кі ауданының тұрғыны, зейнеткер Со­вет Қалманбетов Жамбыл облысы про­ку­рорының көмекшісі Руслан Әлімге бар­лық қызмет түрлерін электронды түр­ге өткізу туралы ұсыныс жасады. «Ха­­­­лыққа қызмет көрсету орталығына» құ­жат тапсыруға барсаң, аудандық не ауылдық әкімшілікке жұмсайды. Ары-бері жүргенде уақыт шығын болады. Сондықтан «Бір терезе» қағидаты бо­йын­ша неге бәрін бір орталықтан бітіруге болмайды?» дейді Совет Қалманбетов. Облыс прокурорының көмекшісі зейнет­керге құжат тапсырудағы ережелерді түсіндірді. Сондай-ақ ауыл тұрғында­ры Нураддин Сулаев, Асқар Дастан Меркі ­ауылы, Жақсылық көшесіндегі асфальттың жөндеуден өткенін, бірақ астындағы тас­тарының шетке шашылып жатқанын жеткізді. Сол сияқты кездесу Меркі ауы­лын­дағы №9 Савва атындағы мектеп­те жалғасты. Ауыл тұрғыны Шол­пан Шы­нықова Ращупкин көшесінің ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмегенін айтып, шағымданды. Бұл ретте ауыл әкімі Сәбит Бабижанов аталған көшені жөндеу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленіп, аудандық тұрғын үй-коммуналдық ша­руа­­шылық бөліміне тапсырылғанын айт­­­ты. Бұдан бөлек, 1 миллион 600 мың тең­геге 14 темір бағана орнатылып, түнгі жа­рықтандыру жұмыстары жүргізілген. Жалпы, ауданда 147 көше жөндеуден өтіп жатса, Меркі ауылының өзінде 65 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде екен.

Жоба аясында ақпараттық топ мү­ше­лері Жамбыл ауданына да барды. Олар тұрғындармен кездесіп, әлеу­­меттік-тұр­мыстық мәселелерді ше­­шу, ауылда биз­несті дамыту, діни мә­се­­лелер, құқық қор­ғау төңірегінде түсін­діру жұмыста­рын жүр­гізді. Сондай-ақ әкімдікте жиын өтіп, оған аудан әкімі Сәкен Арубаев қатысты. «Бейбітшілік пен келісім» жобасының мақсаты – ел бірлігі мен ынтымағын сақ­­тау, тұрғындарды адамгершілік құн­ды­лықтарға үндеу, қо­ғамдық келісім мен тұрақтылықты қам­тамасыз ету. Сон­дай-ақ құқықтық сауат­тылықтың рө­лін арттыру, қоғамдық-саяси ахуалға мо­ниторинг жасау, жергі­лікті халықты тол­ғандыратын өзекті мәсе­лелерді анық­тап, оны шешу жолдарын қарастыру. Аудан әкімдігі тарапынан бұл жұмыстарды ұйым­дастыруға қолдау көрсетіледі», деді Сәкен Арубаев.

Бұдан кейін облыс прокурорының бірінші орынбасары Қанат Мамаев же­тек­шілік ететін топ мүшелері бірқатар ауыл­дық округте көшпелі қоғамдық қа­­былдау өткізді. Сондай-ақ өңірдегі бір­­­қатар орган қызметкерлері тұр­­ғын­дарды түрлі мәселе бойынша қа­был­дады. Кездесуде аудандық билер кеңе­сінің төрағасы Рахымбек Жапа­ров ­аудан орталығы Аса ауылында мал жа­йы­лы­мының тарылғанын айтса, аудан­дық ардагерлер кеңесінің мүшесі Ахан Сыды­қов Б.Момышұлы көшесінде әлі күнге дейін жарық жоқ екенін жеткізді. Бұдан өзге де бірқатар азамат ауылды газдандыру, жер телімін алу, интернет желісін тарту, жол белгілерін қою, тұрғын үй алу сияқты мәселелерді көтерді. Топ мүшелері аталған мәселелердің назарда болатынын айтты.

Өңірде бастау алған жоба осылайша бес ауданда жалғасып, Жамбыл ауда­­нында қорытындыланды. Оған Жам­­был облысы әкімінің орынбаса­ры Ер­жан Жылқыбаев арнайы барып, аудан орталығы Аса ауылындағы «Өнер» мек­­тебінде «Бейбітшілік пен келі­сім» жо­басы аясында өткен жиынға қа­тыс­­ты. Жиында облыстық ішкі саясат бас­­қармасы басшысының орынбасары Сержан Қуанышев, облыстық тіл­дерді дамыту басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетова, облыстық мә­де­ниет, архивтер және құжаттама бас­­қар­масы басшысының орынбасары Ілес­­бек Амалов, облыстық дене шынық­тыру және спорт басқармасы бас­шы­сының орынбасары Нұржан Жолдас­беков және облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа атқарған зерделеу жұ­мыстарының есебін берді.

Зерделеу барысында аудандарда­ғы кей­бір елді мекендерде интернет жыл­дам­дығының өте төмен екені байқалған. Сон­дай-ақ, ел арасында жұмыссыздық, жа­лақының төмендігі, мал жайылымы­ның тарлығы, банк терминалдары мен ба­лалар ойын алаңшасының тапшылы­­ғы секілді өзекті мәселелер де бар. Мәсе­лен, Жамбыл ауданы тұрғындарының ­90 па­йызы мемлекеттік тілді меңгергенімен, Гродеково, Жалпақтөбе ауылдарын­да мем­лекеттік тілде сөйлейтіндердің үлесі 44 пайыз ғана екені анықталған. Сұрау салу барысында олардың 90 пайызы қа­зақ тілін үйренгісі келетінін айтқан. Кей­бір ауылдарға клуб қажет. Бұдан бөлек спорттық алаңшалардың жетіспейтін­дігі белгілі болған.

Бұл ретте Ержан Жылқыбаев қоғамда шиеленіс тудыруы мүмкін мәселелерді дер кезінде анықтап, оны шешу үшін нақты жоба ұсынуды тиісті сала қызмет­керлеріне жүктеді. «Экономика мен қо­­ғам өмірі түбегейлі өзгеріп келеді. Әлем­дік пандемия дүние жүзін өзгеріске ұшы­ратуда. Одан бөлек, ғаламдық жа­ңа­­шылдықтар біздің қоғамға дендеп енуде. Осындай өзгермелі әлемде бір ға­на нәрсе өзгермеуі керек. Ол – адам­ның бойындағы мейірім, жұрттың бір-біріне деген қарым-қатынасы. Оны сақ­­тап қалатын біздің тұрақты, іргелі құн­дылықтарымыз бар. Ол жастарға бе­рі­летін отбасылық, ұлттық тәрбие. Жас­тар бос сенделмеуі, қылмысқа бой ал­дырмауы қажет. Әр ата-ана өз баласын қадағалап отырса, жақсы тәрбие бере алса, оларға арналған мемлекеттік бағ­дарламаларды, көрсетіліп жатқан қам­қорлықты тиісті орындар дұрыс жеткізе алса, кәсіпкерлікке тартып, арнайы курс­тардан өтуіне, мамандық игеруіне ықпал етсе, еш жерде жұмыс істемейтін, не оқы­майтын NEET жас­тардың саны азаяр еді», деді ол.

 Сондай-ақ Ержан Жылқыбаев Жам­был аудандық орталық аурухананың жұ­мысымен танысты. Мұндағы жансақтау бөлімінде 6 төсек болғанымен, өкпені жа­санды демалдыру аппаратының саны бе­сеу ғана екен. Ол осы олқылықтың орнын толтыруды тапсырды. Ал ауданда дәрі-дәрмек қоры жеткілікті, дәріханада дәрі тапшылығы жоқ екен. Бұдан кейін Ержан Жылқыбаев Жамбыл ауылындағы жаңадан салынып жатқан 100 орындық №1 орта мектептің құрылысымен таныс­ты. 415 миллион теңгеге салынып жатқан мектептің қазығы биылғы маусым айын­да қағылғанымен, жұмыс кестесінен бір­шама қалып келеді екен. Облыс әкімінің орынбасары жыл аяғында пайдалануға берілуі тиіс бұл білім ошағының жұмысы назарда болатынын, құрылысты межелі уақытта аяқтауды жауапты басшыларға міндеттеді.

 

Жамбыл облысы