• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қыркүйек, 2020

Тәтті түбір алқабында еңбек дүбірі басталды

402 рет
көрсетілді

Жетісудің жер емген диқан­дары қант қызылшасын қазып, жинауды бастады.

Жалпы, өңірдің негізгі ауыл­шаруашылық дақылы болып са­налатын қызылша өсіру қазір аймақта кеңінен қанат жа­йып келеді. Жыл сайын егістік алқа­бының көлемі артып, тәтті тү­бір мөлшері де көбейіп отыр. Нә­ти­жесінде облыстағы қант өн­дірісі өркендеп, жергілікті зауыт­тарда өндірілген таза қант ішкі нарықты қамтамасыз ете бастады.

Биыл облыс бойынша 16,1 мың гектар алқапқа тәтті түбір тұқымы себілген болатын. Жи­нал­ған қант қызылшасынан 500 мың тонна өнім алып, 48 мың тоннадан астам дайын қант шы­ғару жоспарланып отыр. Қа­зір аудандар қызылша жинау науқанына толық кіріскен. Ал жиналған өнімді Ақсу жә­не Көксу қант зауыттары қабыл­дап, өңдейді.

Тәтті түбір қабылдауды ал­ғаш­қы болып Көксу қант зауы­ты бастады. Жалпы, қант зауы­тының жаңа өндірістік маусым­ға кіріскен күні жұмысшылар мен шаруалар үшін мереке. Биыл да қызылша қабылдаудың бі­рінші күні көтеріңкі көңіл күймен өтті. Зауыт басшылығы тәтті түбір тиеп, зауыт аума­ғы­­на кірген алғашқы 3 авто­кө­ліктің жүргізушісіне арна­йы сыйлық табыс етті. Ал бұл күні Талдықорған қала­сы мен Қаратал, Көксу, Ес­кел­ді аудан­дарының шаруа қожа­лық­та­ры 400 тоннаға жуық өнім­ді зауытқа өткізіп үлгерді.

– Өткен жылы зауыт 230 мың тонна қант қызылшасын өң­деді. Биыл бұл көрсеткішті 250 мың тоннаға жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Жаз бойы зауытты қайта жаңғыртып, құ­рал-жабдықтарын жаңаладық. Қант қызылшасын өңдейтін цех толығымен ағымдағы жә­не күрделі жөндеуден өтіп, авто­маттандырылған жүйеге ауыс­тырылды. Сондай-ақ авто­көліктерді өлшейтін аспаптар­ды жаңадан сатып алып, ауыс­тырдық. Күніне 3 мың тон­­наға дейін қант қызылшасын қабылдап үлгереміз. Қазір зауытта 250 адам жұмыс істеуде, алдағы уақытта 450 адамға де­йін көбейеді, – дейді «Көксу қант зауыты» ЖШС директоры Алтынбек Абатов.

Биылғы қант қызылшасын жинау науқанына білек сыбана кіріскен ұжымның бірі – Ескел­ді ауданындағы «Г.Н.Нам» шаруа қожалығы екен. Ауданда­­ғы ғана емес, облыстағы жетек­ші ауыл шаруашылығы ныса­ны­ның қатарында аталатын ша­­­руашылық 18 жыл бойы қант қызылшасын өсіріп келеді. Ди­­қандар өздері еккен соя, кар­­топ, пияз және бидай мен жү­­ге­ріден де мол өнім жинап отыр. Ал қожалық жетекшісі Гер­ман Николаевич киелі Ес­кел­ді жерінде өсіп, өнген Нам әулетінің төртінші ұрпағы екен. Егіс алқабында негізінен өз әулеті еңбек етеді. Бір кездері оның аталары мен әкелері егін ек­кен алқапта қазір мұның бала­лары мен немерелері жұмыс істейді.

2014 жылы Герман Нам Ел­басы Нұр­сұлтан Назарбаев­тың Жетісу топырағында қант қызылшасын өсіруді қайта жаң­­ғырту тура­лы үндеуін қол­дап, тәтті түбір себілген егіс ал­қа­п­тарын ұл­ғай­туға белсене кі­ріскен. Ал арада екі жыл өт­кенде Елбасы Алматы облы­сына жасаған жұмыс сапары аясында осы Герман Нам­ның қызылша өсіретін алқа­бына келіп, өңірдің қант саласын жаңғырту жөніндегі бағ­дарламаның алғашқы нәтиже­лерімен танысқан-ды.

– Әуел баста қант қызылша­сын өсіруді шамамен 5-10 гектардан бастадық. Сол тұста әр гектардан 300-400 центнер­ден өнім жиналды. Егістік кө­ле­мі ұлғайтылды. «Жетісу» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпора­ция­сы арқылы өнімділігі жо­ғары тұқым алып, соның нәти­жесінде өнімділік гектарына 500-700 центнерге дейін өсті. Жекелеген учаскелерде қант қы­зылшасының өнімділігі гектарына 900 центнерге жетті, – дей­ді қызылшашы Герман Нам.

 

Алматы облысы