Ақтөбе облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті 8 айда 79 әкімшілік іс қозғап, дәрі-дәрмек бағасын негізсіз көтергендерге 33 млн теңге айыппұл салды.
Қазіргі кезде өңірдегі барлық дәріханада медициналық бетперде мен қажетті дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Шілде айында облыстағы дәріханаларда қызуды басатын және вирусқа қарсы дәрілер тапшылығы туып әрі қажетті дәрі-дәрмек бағасы күрт көтеріліп кеткен кезде облыс әкімдігі, облыстың тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту қауымдастығы және қауымдастыққа мүше емес ұйымдар арасында дәрі-дәрмек бағасын шектен асырмау, дәрілік заттардың шекті бөлшек сауда бағасын сақтау жөнінде меморандум жасалды. Осы келісім негізінде фармацевтикалық қызметпен айналысатын барлық нысан суық тию мен қызуды басатын бес түрлі дәрілік заттың бағасын бірқалыпты ұстап тұруға келісті.
Бүгінде облыстағы провизорлық стационар жабылып, тек жұқпалы аурулар ауруханасы ғана жұмыс істеп тұр. Бұған қоса күзгі толқынға дайындық шаралары жүріп жатыр.
«3588 төсектік орын дайындалды. Олар екі санатқа бөлінетін болады. Ақтөбе медицина орталығы мен фтизиопульмонологиялық орталық сияқты бірінші санаттағы мекемелерде 1040 орын, екінші санаттағы стационарларда 2548 орын қарастырылған. 305 реанимациялық кереует ашу жоспарда бар», дейді облыс әкімінің орынбасары Нұржауған Қалауов.
Өңірдегі медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылып, қазан айында 187 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты жеткізіледі деп күтіліп отыр. Мұнымен бір кезде бір компьютер томографы, 13 стационарлық рентген аппараты, екі жылжымалы рентген аппараты, автономды оттегі стансасы мен екі жылжымалы медициналық кешен, сонымен қатар басқа да құрал-жабдықтар сатып алынбақ.
Ақтөбе облысы