Дүниені дүрліктірген індеттің таралуы тыйылмай тұр. Соңғы күндері өзге өңірлерге қарағанда Шығыс Қазақстан облысынан көп анықталды. Енді міне, COVID-19 белгісі Алтай ауданында кезекші сынып оқушысынан шыққан.
Жалпы, облыс аумағында 1 қыркүйектен бастап кезекші сыныптардағы оқушылар арасында коронавирус инфекциясын жұқтырған 4 жағдай тіркелген. Олар – Шемонаиха ауданының 4-сынып оқушылары, Көкпекті ауданының 11-сынып оқушысы және Алтай ауданының 2-сынып оқушысы.
Облыстық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, коронавирус инфекциясын жұқтырған оқушылар оқитын білім мекемелері шағын кешенді мектептер болып табылады.
Облыс аумағында екі мектептің кезекші сыныптары (Шемонаиха, Алтай аудандары) және Көкпекті ауданында бір мектеп 14 күнге карантинге жабылды. Мектептердегі коронавирус инфекциясының ошағы деп белгіленген сыныптарға қашықтан оқытуға ауыстыру туралы қаулы шығарылды. Қауіпті вирус анықталған барлық мектепте эпидемияға қарсы дезинфекциялық іс-шара жүргізілді.
Өткен тәуліктегі ақпарат бойынша Қазақстанда жалпы 79 жағдай тіркелсе, оның 21-і – Шығыс Қазақстанда. Өзге өңірлермен салыстырсақ, алдыңғы орында тұр. Ал науқастарға жанашырлық танытқан бірқатар азамат иммундық плазма тапсырған.
Шығыс Қазақстан облысы