• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 29 Қыркүйек, 2020

Адамдардың алғысына еш нәрсе жетпейді

358 рет
көрсетілді

Жуырда Петропавл қаласының қақ ортасында Н.Назарбаев көшесіндегі нөмірі 225-ші бес қабатты үйден күндізгі сағат 11 кезінде өрт шығып, тұрғындар мен өрт сөндірушілерді қатты әбігерге салғаны туралы Egemen.kz-те жазған болатынбыз.

Өртті сөндіруге және оған тұншыққан адамдарды құтқаруға қаланың №1 және №2 өрт сөндіру бөлімдерінің қызметкерлері қатысып, жедел әрекеттер жасап, өртте қалған 25 адамды құтқарып, 50-ге жуық адамды эвакуациялаған.

Жоғары қабаттағыларды автосатымен түсіріп, төменгі қабаттағыларды өз өмірлеріне қауіп төнгеніне қарамастан, отқа кіріп алып шыққан.

Олардың ішінде 6 бала болған. Сөйтіп, өрт сөндірушілердің ерен еңбектері адам шығынына жол бермеген.

Сонымен қатар Крепостной көшесіндегі 56-шы үйдің тұрғындары мен мүліктері оттан құтқарылған. Соның бәрін бастан кешкен адамдар өрт сөндірушілерге риза болып, жуырда Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Рамиль Камаловқа мынадай хат жазыпты: "Құрметті, Рамиль Камалов мырза! Петропавл қаласының №1 өрт сөндіру бөлімінің жанқиярлық ерлігінің арқасында біздің өміріміз өрттен құтқарылды. Олар өз бастарына төнген қатерге қарамай бізді оттан аман алып шықты. Үйлерімізге өртті өршітпей, тез арада тілсіз жауды тұзақтады. Сондықтан осы қызметкерлерге алғысымызды білдіре отырып, Сізден олардың еңбектерін атап өтіп, материалдық көтермелеу шарасын жасауыңызды өтінеміз", деген екен тұрғындар.

Өз жұмыстары туралы мұндай жылы лебіз есту кез келген өрт сөндіруші-құтқарушы үшін ең үлкен марапат. Бұл хат жеке құрам алдында оқылды.

Ай сайын, тіпті күн сайын өрт сөндірушілер өз өмірлерін қатерге тігеді, адамдарды жанып жатқан үйлерден шығарып, қар құрсауынан құтқарады. Адамдарды құтқару-бұл "жұмыс" қана емес, бүкіл өмір үшін өте жауапты мәселе. Сондықтан олар өз жұмыстарына алғыс есту оларды қанаттандыра түседі.

20 қыркүйекте де 12 сағат 05 минутта өрт сөндіру қызметінің күштері мен құралдары Крепостная көшесі, 56 мекенжайдағы алты пәтерлі тұрғын үйдің 1-қабаттағы пәтері жанып жатқаны туралы телефон хабарламасын алған. Төтенше жағдай орнына 12 сағат 09 минутта келген өрт сөндірушілер жанып жатқан пәтерді сөндіруге шұғыл кіріскен. Айналасы үш минуттың ішінде өрт сөндіріліп, 1973 жылы туған пәтер иесі құтқарылды.

Сонымен бірге басқа пәтерлердегі төрт адам, оның ішінде біреуі бала эвакуацияланды. Өрт салдарынан 1,5 шаршы метр алаңдағы еден жабыны отпен бүлінген.

Жеделдік пен кәсібилік шеберліктің арқасында өрт сөндірушілер тұрғын үй мен адамдарды аз шығынмен қысқа мерзімде құтқара алды. Жалпы, өрт шыққан жерде адамдар өздігінен іс қылмай жедел түрде өрт сөндірушілерге хабарлағаны дұрыс. Ал олар өрт сөндірудің айла-тәсілдерін еркін меңгерген. Жедел әрі кәсіби шеберлікпен өртті тез ауыздықтай алады.

Ерліктің, батырлықтың, кәсібиліктің және жеделдіктің арқасында өрт сөндірушілер тұрғын үйді және олардың тұрғындарын орны толмас зардаптардан құтқарады.