Вирус қайта өршіген жағдайда 5 мыңнан астам төсек-орын жабдықтау жоспарланып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы күзгі-қысқы кезеңде коронавирус инфекциясы қайта өршу қаупі болғандықтан, дайындық жұмыстарын жүргізуде.
Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратовтың айтуынша, елордада арнайы іс-шаралар жоспары әзірленді.
Спикердің айтуынша, коронавирус қайтадан басталған жағдайда стационарларда төсек-орындарды орналастыру үш кезеңде жүргізіледі.
"Бірінші кезеңде жұмыс істеп тұрған медициналық ұйымдардан шамамен 1645 төсек-орын алу көзделіп отыр, олар бүгінде инфекциялық аурулары бар пациенттерді қабылдайды. Республикалық ұйымдардың күшімен тағы 1919 төсек орны ашылады. Емханалар, жатақханалар мен қонақ үйлер ресурстарынан тағы 2500 төсек-орын орналастыру мүмкіндігі бар. Осының барлығы инфекциялық төсек санын 5654-ке дейін кеңейтуге мүмкіндік береді, оның 441-і реанимациялық", деп түсіндірді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов.
Бұған дейін Нұр-Сұлтанның бас дәрігері бүгінгі таңда қалада күн сайын КВИ-мен ауыратын үштен жиырмаға дейін науқас түсетінін хабарлады және халықты санитарлық-эпидемиялық талаптарды қатаң сақтауға шақырды.