Адамзаттың саналы тіршілігіндегі ең үлкен жетістігі – кітап шығару өнерін игеруі десек, титтей де артық айтқандық емес. Өйткені өркениетті қоғам білімді, зерделі ұрпақ танымына тікелей тәуелді. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өзінің халыққа Жолдауында айрықша мән беріп, ХХІ ғасырдағы қазақтың болмысы деген мәселені көтерген болатын. Сонда санамалап көрсетілген негізгі 7 мәселенің бірінші және басты тармағы ретінде қазақ жастары білімді болуы керек деген тұжырым алға шықты.
Кітапхананы құрту – қиянат
Демек, өркениетті қоғамның басты тірегі – білімде. Ал білімнің кілті – кітапта. Мұның сырын ерте ұғынған ел билеушілер мен патшалар, оқымыстылар мен ғалымдар сонау ықылым заманның өзінде-ақ билік құрған мемлекетінде ең әуелі кітап оқу мәдениеті мен кітапхана ісін гүлдендіруге баса назар аударғанын көруге болады. Оның жарқын үлгісі – атауы бүгінге аңыз болып жеткен әлем кереметтерінің бірі – Мысырдағы Александрия кітапханасы болса, екіншісі – түркі халықтарына ортақ құндылық – көне Отырар кітапханасы. Одан бөлек те талай дәуірдің кемелденуіне қызмет етіп келе жатқан кітапханалар санында шек жоқ. Замана алға жылжып, адамзат кемелдікке ұмтылған сайын кітап пен кітапханалардың рөлі мен маңызы, құндылығы арта түспесе, титтей де кеміген емес. Өйткені, ұлы француз жазушысы һәм философы Дени Дидро айтпақшы, адамзат кітап оқуын қойған күні, ойлануын да тоқтатады.
Ал бүгінде билік мінберінде кітапханалар қызметін қысқартып, орнын онлайн оқумен алмастыру жайы хақында мәселе қозғалып жатса, бұл – жаһандану жалына жармасқан өркениетті қоғамның дамуға емес, керісінше кері кетуге бағытталған қадамы болса керек, өкінішке қарай.
Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының депутаты Мирас Шекеновтің «бас шаһар әкімдігіне қарасты қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесін қысқарту керек, жабу қажет» деген мәлімдемесі шын мәнінде күмілжітіп-ақ тастады. Депутаттың негізгі дәйегі мынадай: «Қалай десек те, бүгінде кітапханалар анахронизмге айналып барады. Бюджеттен жалақыға, ғимараттарды ұстап тұруға және көптеген кітап сақтауға қомақты қаражат жұмсаудың қажеті жоқ. Барлық кітап интернетте тұр».
Кітапхана тек кітап оқитын орын емес...
Рас, кітапхана қорын электронды нұсқада жинақтап-жүйелеу, сақтау – заман талабы. Оның үстіне, онлайн кітапханалардың рөлі пандемия кезінде тіпті арта түскені және шын. Бірақ қанша жерден электронды кітапханалар қызметі жүйелі жасақталғанымен, дәстүрлі кітапханалар жұмысын, ондағы сиқырлы атмосфераны алмастыра алмайтыны хақ. Өйткені кітапхана тек кітап оқитын, ізденетін орын ғана емес, бұл – түрлі тағылымды кездесулер, тұсаукесерлер өтетін, тарихтың көне көмбелерімен қайта қауыштыратын рухани орда, киелі мекен. Компьютер мен телефон экранына шұқшиып оқу оқығанға қарағанда, кітапты қолыңа алып, мұқабасын бір сипап қойып асықпай парақтап отырып оқудың жөні бәрібір бөлек.
– Кезінде «кітап – білім бұлағы» дедік. Кітапсыз күн көре алмадық, өмір сүре алғанымыз және жоқ. Әлі де солай болады деп ойлаймын. Бұл жай ғана үстірт айтылған жаңсақ пікір, уақытша дүние болар. Әйтпесе, кітаптың қай заманда да құндылығы әсте жойылмақ емес. Телефонға телміріп оқыған кітаптың, газеттің қандай ләззаты бар? Қағаз кітапты қолыңа алып, иісін, мұқабасын, парақтарын сезініп оқудың жөні бәрібір бөлек емес пе?! Менің ұғымымда кітап – ол сенің ең жақының, сырласың, қажет болса – мұңдасың. Кітап шеріңді тарқатады, ойыңды кеңейтеді. Оқу арқылы сол кітаптың авторымен тікелей сырласқандай боласың. Жазу және сол жазу арқылы пайда болған кітап – бұл адам баласының ерте замандағы ойлап тапқан үлкен жетістіктерінің бірі. Ол қай заманда да солай болып қалады. Бүгінде кітапқа қатысты түрлі пікірлер айтылады. Оның барлығы өткінші нәрсе. Заман орнында тұрса, адамзат қалпында қалса, кітап – адамзаттың мәңгілік серігі болып қала бермек. Өйткені қай заманда да кітаптың құндылығы жойылмақ емес. Кітап сақталады, заманды заманға, дәуірді дәуірге жалғайды», деп айтулы мәселеге қатысты пікірін білдірген белгілі ғалым, қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбековтің жеке кітапхана қорында 11 мыңға жуық түрлі жанрдағы кітап бар. Оның бір бөлігін ұрпақ оқысын, тәлім алсын деп елордадағы Ұлттық академиялық кітапхана қорына өткізіпті. Бүгінде ұлттық кітапхананың Мырзатай Жолдасбеков атындағы залынан ізденуші ғалымдар, жалпы оқырман түркі әдебиетіне қатысты сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды, жыр-дастандарды тауып, дәуір тынысымен еркін таныса алады. Ал мұның барлығы – кітапхананың игілігі, келешек ұрпақтың олжасы.
Олай дейтініміз, кітаптың барлығын электронды кітапхана тізбегіне қосу оқырманның бәріне бірдей сирек қолжазбалар қоры мен көне кітаптарға еркін қол жеткізуге мүмкіндік бере бермейді. Тек кітапхананың қорынан ғана таба алатын архивтік құжаттарды, мәдени мұра, рухани жәдігерлердің барлығын электронды жүйеден таба қою мүмкін емес. Оның үстіне, кітаптардың авторлық құқығы деген даулы мәселе тағы бар. Көп автор өзінің сирек еңбектерін, зерттеуін электронды ашық платформаларға жүктей бермеуі де мүмкін. Есесіне, кітапхана қорына еркін өткізеді. Жоғарыда пікір білдіріп өткен дәл Мырзатай Жолдасбеков ағамыздай. Себебі кітапханада жинақталған қор – тасқа басылған тарих, келешекке салынған инвестиция.
Елорда бүйтсе, елдегілер қайтеді?
Ал бюджеттен жалақыға, ғимараттарды ұстап тұруға және көптеген кітап сақтауға қомақты қаражат жұмсап жатырмыз деген депутат уәжі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауында көтерілген «квазимемлекеттік қызметкерлерді қысқарту керек» деген тапсырмасын жаңсақ түсінуден туындап отырған үстірт ұсыныс болса керек. «Шаш ал десе, бас алатын» шенеуніктер осыны желеу етіп, кітапханаларды қысқартуға алып келсе, бұл ұрпақ, келешек алдындағы кешірілмес һәм орны толмас зор қиянат болары хақ. Өйткені кітапхана – ұлт ертеңі үшін салынған инвестиция. Мемлекеттік қызметкерлерді қысқартып, бюджеттің ақшасын үнемдеу мәселесі дәл осы кітапхана қызметімен орындалып кетуіне жол берілмеуі керек. Бұған дейін де кітапханаларды жапқызып тастаған шала ойлы шенеуніктердің әбес әрекеті заманының үлкен қателігі болып тарих парақтарына жазылып қалды. Оған тарих куә, ал зардабын халық әлі ұмыта қойған жоқ. Содан сабақ алсақ, қанеки?!
– Егер елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында орталықтандырылған кітапханалар жүйесі жабылып жатса, онда астанаға қарап бой түзейтін, үлгі алатын облыстар, ауылдар, шалғайдағы елді мекендер не істемейді? Осы жағын ойлануымыз керек. Өркениетті елдерде – Еуропада, Азияда, қала берді мына көршілес Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстан кереметтей кітапханаларын сақтап отыр. Олардың парасат үйлеріне деген құрметі айрықша. Біз жас ғалым ретінде жыл сайын Ресейге, Өзбекстанға барамыз. Олардың кітапханасы, архиві мемлекетіне, экономикасына, бюджетіне табыс түсіріп отыр. Өйткені нешеме жылдан бері келе жатқан ескі кітаптар, қолжазбалар сақталып тұр. Міне, кітапхананың рөлі осындай болуы керек. Кітапхана мемлекетке қызмет етеді. Егер кітапхананы тұншықтыру, кітапханашылардың санын қысқарту арқылы бюджеттің қаржысын есептейміз десек, онда біз надан ұрпақты тәрбиелейміз, – деп ашына үн қатты жас ғалым, әдебиетші Елдос Тоқтарбай.
Электронды жүйе суға түскен із сияқты...
Статистикалық мәліметке жүгінсек, елордада жалпы саны 18 кітапхана бар екен. Онда 130-дан астам кітапханашы жұмыс істейді. Ал кітапханашылардың орташа айлық табысы – 59 462 теңге. Осындай мардымсыз жалақыға ұлттың кемелденуі үшін есепсіз тер төгіп, өткеннің өнегесін бүгінге жеткізіп жүрген кітапханашылар қызметі шын мәнінде құрметке лайық. Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана директоры Үмітхан Дәуренбекқызының бұл орайдағы пікірі мынадай:
– Кітапхананың маңыздылығы ешқашан жойылмайды. Әлемнің дамыған озық мемлекеттерінің ешбірінде кітапханалар дамып, көркеймесе, көбеймесе, жабылып жатқаны жоқ. Өйткені кітапхана сирек қолжазбаларды, тарихтың тағылымды, маңызды, тіпті елеусіз сәттерінің барлығын тасқа жазып, тарих қойнауына тапсырып, келешек ұрпаққа табыстап отыратын бірден-бір рухани орда. Мұнда ғаламтордан таба алмайтын, авторлық құқығы қорғалған сирек кездесетін кітаптардың өзі ғасырды ғасырға жалғап сақталып тұрады. Ал осының барлығын сіз интернеттен таба алар ма едіңіз? Жоқ! Өйткені электронды жүйе суға түскен із сияқты. Бүгін бар дүниенің бірнеше ғасырдан кейінгі ұрпаққа сол қалпында жететіндігіне ешкім кепілдік бермейді. Бұл – бір. Екіншіден, кітап оқыған адам сауатты болады, қатесіз жазады. Осыдан бірер жыл бұрын арнайы акциямен балаларға Президентке арнап хат жазғыздым. Сауатты жазылған бірнешеуін Мемлекет басшысына жолдау да ойымызда болды. Бірақ өкінішке қарай, біз тапсырма берген баланың бірде біреуі хатты қатесіз жазып бере алмады. Үшіншіден, электронды кітап оқу денсаулыққа да зиян. Өзіңіз қараңызшы, қазір телефон мен планшеттен көз алмайтын балалардың арасында көзәйнек тақпайтыны сирек. Осының барлығы кітапты дұрыс оқымаудың, күнұзақ экран алдында тапжылмай отырудың салдары.
Кітап оқытатын ұлттық бағдарлама қажет
Ал енді кітапханаларды мемлекет қаражатын үнемдеу мақсатында қысқарту яки жабу мәселесіне келсек, кітапханаларды жауып ұлт ұтылмаса, әсте олжаға кенелмейді. Өйткені жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеу арқылы болашақта білімді, зиялы, зерделі ұрпақ даярлай аламыз. Бұл деген келешекке салынған қайтарымы есепсіз инвестиция. Қазіргі жаһандану заманы кітапханаларды жауып, кітап оқудан шеттететін емес, керісінше, онсыз да кітап оқуға құлықсыз ұрпақты кітап оқу мәдениетіне баулитын, қызығушылығын оятатын уақыт. Сол үшін түрлі жолдарын тауып, жас ұрпақты барынша білімді етіп шығаруға күш салу қажет.
– Жалпы, кітап оқу – адамзат баласының бір бақыты. Оқыған адамда кісілік келбет қалыптасады. Адамзат баласының осы күнге дейінгі жеткен тарихында Сократ та, Платон да, Аристотель де, Әл-Фараби де, Абай да, Алаш арыстарының барлығы да сол кітаптың пайдасы турасында талай толғамды дүниелерді айтып кеткен. Өкінішке қарай, бүгінде біз рухани жұтаңданған заманның куәсі болып отырмыз. Жастардың көбі кітап оқымайтын жағдайға жақындады. Кітапханаға бас сұғатындар саны азайды. Сондықтан да осындай жаңсақ пікірлер айтып жатқан болар. Осындай қауіптің алдын алу үшін де Премьер-Министр Асқар Маминнің атына арнайы депутаттық сауал тастадым. Сонда кітап оқуға байланысты ұлттық бағдарлама қабылдау керек деген ұсыныс айтылды. Яғни біз қандай жолмен болса да жастарымызды кітап оқу мәдениетіне баулуымыз керек. Тіпті арнайы байқау, акциялар ұйымдастырып, ең көп кітап оқыған жасқа ұшақпен ұшу билетіне немесе мұражай, тарихи жерлерді аралау деген сынды рухани байытатын орындарға мемлекет тарапынан арнайы жеңілдіктер қарастыру, болмаса басқа да түрлі қызықты ұсыныстар арқылы жас оқырмандардың жүрегіне білімге, кітап оқуға деген ұшқын жаға білуіміз керек. Сол арқылы зиялы ұрпақ тәрбиелеп шығамыз. Ал зерделі ұрпақ – ертеңгі кемел келешегіміздің кепілі. Мәселен, мен шетелдерде көп жүремін. Сонда әлемнің дамыған қай мемлекетіне бармайын, кітапханалары құжынаған халыққа толы. Кітапханалары заман ағымына сай титтей де ысырылып қалмаған, керісінше маңызы да, бағасы да жоғары. Қорында қаншама мыңжылдыққа куә көне кітаптар сақталған. Осының барлығы тарихтың тағылымы, ертеңгі күннің шырағы ғой. Біздің де осыны естен шығармағанымыз ләзім. Себебі ұлағатты, білімді ұрпақ – мәңгілік елдің мызғымас берік іргесі, – деді Парламент Сенатының депутаты, белгілі журналист Нұртөре Жүсіп.
Түйін
Қисынды сөз. Өйткені кітапхана жұмысының өз жүйесі, тағылымы бар. Мұнда тарих тасқа басып қатталады. Бүгінді болашаққа жалғайды. Сол себепті де әлемнің озық елдері кітап оқуды интеллектуалдық байлық деп есептейді. Қалалық мәслихат депутатының айтқанын қолдап, елдегі кітапханаларды жабу, яки қызметкерлерін қысқарту – ұлт тамырына балта шабумен пара-пар қиянат. Өйткені ұлы Әбіш Кекілбаев айтпақшы, адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана. Адамдық қалпымызды жоғалтып алмайық ендеше!