COVID-19 дертін жұқтырудан Шығыс Қазақстан облысы көштің алдын бермей тұр. Өткен тәулікте елімізде 52 науқас тіркелсе, оның он төрті шығыстан шыққан. Халық көп шоғырланған Алматы, Нұр-Сұлтан сынды қалалармен салыстырсақ, бірнеше есеге көп.
Сақтық шараларына қарамастан, шығыста дерт дендеп тұр. Індетпен күресу үшін ақ халатты жандармен бірге ауырып тұрған азаматтар да қан плазмасын тапсырып, коронавирусқа шалдыққандарға көмек көрсетуде.
Нақты емін таппаған соң әлемнің ғалымдары аты жаман дертке қатты шалдығып, айыққан адамның қан плазмасы ем болады деп шешкен. Содан бері Шығыс Қазақстан өңірі қан плазмасын әзірлеуді мықтап қолға алған. Бұл әдіс көптеген науқастың бетін бері қаратып жатқаны да рас.
Қан плазмасы науқас өміріне араша түсе алатынына көз жеткізгендердің көбі қан тапсыруға ниеттенген. Жуықта ғана шығыстың бірқатар полицейі коронавирус инфекциясымен ауырып жатқан науқастарға көмек болсын деп қан плазмасын тапсырды. Полиция департаментінің қызметкерлері ерікті түрде донорлық кан және коронавирусты емдеу үшін плазма тапсыру акциясын ұйымдастырып, оған өздері белсенді қатысты. Полиция қызметкерлері жылдар бойы донорлық қан тапсыруды әдетке айналдырған еді. Мысалы, өткен жылы полицейлердің күшімен 60 литрен астам қан жиналған. Есептей беріңіз, қаншама адамның өмірін аман сақтап қалуға септігін тигізеді?!
– Біз жыл сайын осындай іс-шаралар өткіземіз. Донор боламын деушілер жыл сайын көбейіп келеді. Биыл тәжірибелі донорлармен қатар жас полицейлер де қатысты, – дейді Полиция департаментінің кадр саясаты басқармасы бастығының орынбасары Еркін Қожамсейітов.
Полицейлер арасындағы дәстүрлі акцияның мақсаты – донорлық қанды қажет ететін адамдардың өмірін құтқару. Құқық қорғау қызметкерлерінің жанашырлығын, мейірімділігін көрсету еді.
Департамент қызметкерлерінің айтуынша, жұмыс бабымен жүріп, түрлі апаттардың куәсі болады, қан жоғалтып, өмір үшін арпалысқандарды көреді. Сондайда кеудесінде жұдырықтай жүрегі бар адам көмек көрсетуге тырысады. Дәрігерлер де қан тапсырушылар қатарында тәртіп сақшылары болғанына қуанады. Өйткені полицейлер тұрақты түрде медициналық тексеруден өтіп, дене шынықтырумен жүйелі айналысады.
Атап айтсақ, COVID-19 індетіне шалдыққандарға көмек қолын созу үшін Өскемен қалалық Полиция бөлімінің он қызметкері қан плазмасын тапсырды. Сақшылар тапсырған плазмалар науқастардың дертін жеңілдетуге септігін тигізері анық. Адам өміріне араша түсем деуші кез келген азаматқа Өскемендегі Қан орталығының есігі ашық.
Шығыс Қазақстан облысы