Орталық Азияның Еуразия қоры «Шеврон» компаниясымен серіктестікте жүзеге асырған QOLDA шұғыл көмек бағдарламасы биыл 23 сәуірде іске қосылып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында көмек көрсету шараларына белсене атсалысты.
Бағдарламаның мақсаты – карантин және төтенше жағдайдың халыққа тигізетін кері әсерін төмендету, қоғамдық және еріктілер ұйымдарын қолдау, БАҚ арқылы қоғамның хабардарлығын арттыру.
«Қазақстан Республикасына 27 жылдан астам сенімді серіктес болып келе жатқан біздің компания осы аумалы-төкпелі кезеңде шет қалмай, елдің сынақтан аман өту қабілетін арттыра түсті. Медициналық құрал-жабдықтар алумен қоса, біз пандемияға төтеп беруге халықтың әлеуетін арттыруға бет бұрдық. Нәтижесінде мыңдаған адамға және көптеген мекемеге көмек көрсете алдық», деді «Шеврон» компаниясының өкілі Лейла Айтмұханова.
Карантиннің халыққа тигізетін негативті әсерін азайту азаматтық және еріктілер ұйымдарының әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарға көрсетіліп жатқан көмектерін үйлестіру арқылы жүзеге асырылды. Нәтижесінде, баспасөз беттерінде қазақ тіліндегі сапалы контенттің саны артты.
Байқауға 100-ден астам ҮЕҰ қатысты. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларының 11 ҮЕҰ QOLDA шұғыл көмек жобасының грант иегері атанды.
«Елімізде ТЖ мен карантин басталған соң біздің қор бірден қашықтан жұмыс істеу форматына көшті. Жұмысымыз тиімді әрі нәтижелі болуы үшін техникалық базамызды жетілдіру керегін түсіндік. Бағдарламалық жасақтамаларды жаңартып, ноутбуктер сатып алынды. Қашықтан жұмыс істеу форматында қор ұжымы 8 жобаны тиімді жүргізіп отырды. Соның ішінде Qolda шұғыл көмек бағдарламасы бар. Бұл жоба өзін тиімді жоба ретінде көрсетті. Екінші кезеңінде жетілдірілген нұсқасы іске қосылады», деді «Орталық Азияның Еуразия қоры» корпоративтік қорының директоры Ринад Темірбеков.
ҮЕҰ-ға бөлінген 24 млн теңге әлеуметтік тұрғыдан қорғалмаған топтар мен мигранттарға, пандемия салдарымен күреске азаматтық қоғамды қауіпсіз түрде тартуға, жұмыс орындарын құруға, шағын және орта бизнеске консультациялық көмек пен қолдау көрсетуге және медицина қызметкерлерін қолдауға бағытталған бастамаларға жұмсалды.
Жоба аясында атқарылған жедел әрі мобильді жұмыс нәтижесінде ҮЕҰ апта сайын уақтылы есеп беріп отырды. Сол есептің негізінде newsletter-лер дайындалып, QOLDA шұғыл көмек бағдарламасының грантын ұтқан БАҚ-қа жіберілді. Бұл жұмыс апта сайын жүргізіліп, БАҚ оқырмандарына уақтылы сенімді ақпарат алу мүмкіндігін берді. Newsletter тарату жүйелі түрде жүргізіліп отырды және оқырмандар мен жазылмандарға дер кезінде расталған ақпарат алып отыруға керемет мүмкіндік берді. Грант иегері атанған ақпарат құралдары STEPPE басылымы, Baribar Media – мультимедиялық контент дайындайтын көпсалалы сайт, RELIANCE бейкоммерциялық интернет радио, Manshuq Media онлайн порталы, Hola News (Хола ньюс) ақпараттық порталы, Dalanews ақпараттық агенттігі, «Қазақстан ММ радиосы» қоғамдық интернет радиосы.
«Біздің алдымызда тұрған міндет – кәсіпкерлерге бағыт-бағдар беру, көмектесу, кеңес беру. Шағын және орта бизнес өкілдеріне карантиннің кері әсерін азайту мақсатында мемлекет іске қосқан механизмдер мен процестерді түсіндіріп отырдық. Біздің қауымдастық отбасылық кәсіппен айналысатын адамдармен көп жұмыс істейді. Олардың бизнесі бүкіл отбасыны асырап отыр», дейді «Қазақстанның отбасылық бизнесі ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Я.Исакова.
QOLDA шұғыл көмек бағдарламасының грант иегерлері атанған 11 ҮЕҰ 23 сәуір мен 23 тамыз аралығында ауқымды көмек көрсетті. Атап айтқанда, «Қазақстанның отбасылық бизнесі ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі шағын және орта бизнес саласында істейтін алматылық 1 334 тұрғынға консультациялық көмек көрсетті. «Дос» тәуелсіз өмір» мүгедектер қоғамдық бірлестігі Нұр-Сұлтан қаласында тұратын мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға карантин кезіндегі қиындықтарды жеңуге көмектесіп, азық-түлік қораптарын жеткізіп, психологиялық және консультациялық қолдау көрсетті. «Аяла» жеке қайырымдылық қоры Нұр-Сұлтан қаласындағы күн көрісі төмен 100 отбасына көмек көрсетті. «Мұқтаждарға көмек» қайырымдылық қоры» қоғамдық қоры елордадағы көмекке мұқтаж 400 отбасының қажеттіліктерін қанағаттандырды (жалғызбасты аналар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар, жалғыз тұратын қарттар). «Тауасар» қоғамдық қоры Алматы облысы мен Шу қаласындағы 19 емхана мен медицина орталықтарын жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етті және 2 300 адамға түскі ас пен медицина қызметкерлеріне 500 қорғаныс экранын сатып алды. «Болашаққа қадам» қоғамдық қоры Нұр-Сұлтан қаласында тұратын есірткі қолданатын азаматтарға 100 азық-түлік қорабы мен аутрич-қызметкерлердің балаларына 10 киім жинақтамасын жеткізді, сонымен қатар есірткі қолданатын 1 250 адамға консультациялық көмек көрсетті. «QAREKET жақсылық жаса» қоғамдық қоры 600 мұқтаж отбасыны қамтыды. Жоба аясында 100 азық-түлік қорабы, 3 мың медициналық маска, 1 мың медициналық қолғап жеткізілді. 100 дана көшет пен тұқымдар, 50 жеміс ағашы, 500 бройлер балапандары сыйға берілді. Сонымен қатар 100 көмекке мұқтаж келіншек аспаздық өнерін меңгерді. Көмек алғандардың барлығы Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Ал «ITeachMe» біліктілікті дамыту орталығы» қоғамдық қоры 120 отбасына көмек көрсетті. Мүгедектігі бар 30 отбасына 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай сыйлықтар таратылды. 250-ге жуық азаматқа психологиялық және консультациялық көмек көрсетілді. Барлығы Алматы қаласының тұрғындары. «Ұлттық еріктілер желісі» заңды тұлғалар бірлестігі Нұр-Сұлтан қаласында тұратын 60-тан астам мұқтаж отбасы мен 7 соғыс ардагеріне материалдық және консультациялық көмек көрсетті. «Родник» әйелдер мен балаларға арналған әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы» қоғамдық қоры 500-ден астам Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан азаматтарына гуманитарлық көмек жеткізді. Алматы қаласының Түрксіб аудандық «Көпбалалы отбасылар одағы» қоғамдық бірлестігі 266 көпбалалы отбасына гуманитарлық көмек және алғашқы қажеттіліктегі заттар жеткізді.
Осылайша, QOLDA шұғыл көмек бағдарламасы төтенше жағдай мен карантин кезінде азаматтық және еріктілер ұйымдарының жұмыстарын үйлестіру арқылы мұқтаж отбасыларға, шағын және орта бизнеске, мүмкіндігі шектеулі жандарға, ардагерлерге, медицина қызметкерлеріне, әлеуметтік жағынан қорғалмаған топтарға жүйелі түрде көмек көрсетті.