Биылғы пандемия денсаулық сақтау саласына түсірген ауыртпалығынан бөлек, бірқатар әлеуметтік мәселелердің шетін шығарды. Білім беру, жұмыспен қамту, әлеуметтік осал топтарды қамтамасыз ету, отбасының ахуалы секілді тақырыптар барлық мемлекеттердің күн тәртібіне шықты. Осының ішінде пандемия салдары отбасылар үшін аса ауыр соққы болды.
Әлемді жаулаған індеттен туындаған мәселелердің бір шеті отбасына келіп тірелетіні түсінікті. Жұмыс орындарының жабылуы, мектептердің онлайн форматқа өтуімен байланысты көптеген мәселе пайда болды. Ең өкініштісі – бұл қиындықтар отбасының көңіл күйіне әсер етіп, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа алып келгені. Бұл туралы халықаралық қауымдастық пандемияның басында-ақ дабыл қаға бастаған еді. Біріккен Ұлттар Ұйымы бүкіл әлемдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артуын COVID-19-бен қатар «көлеңкелі пандемия» деп атады.
Көптеген өңірлерден жиналған деректер мұндай жағдайлардың әсіресе халықтың маргиналданған топтары арасында айтарлықтай өскенін айғақтайды. Мысалға әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын заңдар аз Таяу Шығыс пен Солтүстік Африканы алуға болады. БҰҰ-ның Әйелдер қоры Палестина аумағында жүргізген есепте әйелдерге жасалған әлімжеттіктің едәуір артқаны көрсетілген. Мексика, Бразилия секілді Латын Америкасындағы елдерде сәуір, мамыр айларында арнайы шұғыл желіге хабарласқан адамдар санының көбеюі елдегі мәселенің ушыққанын көрсетті. Біріккен Ұлттар Ұйымы және жергілікті прокурорлар Чили, Боливия елдерінде ресми шағымдардың азаюын қатаң карантиндік шаралардың салдарынан болуы мүмкін деген тоқтамға келген.
Қытайда Цзинчжоу қаласының полицейлері осы жылдың ақпан айында 2019 жылмен салыстырғанда тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы үш есе көп қоңырау алғанын айтады. Аустралия, Франция, Германия және АҚШ сияқты жоғары табысты кейбір елдер де COVID-19 басталғаннан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарламалардың айтарлықтай өскенін хабарлаған.
Жалпы, отбасындағы зорлық-зомбылық пандемия басталғанға дейін де жаһандық проблема болғанын есте ұстаған жөн. Біріккен Ұлттар Ұйымы жинаған мәліметтерге сәйкес соңғы он екі айда бүкіл әлемде 15-49 жас аралығындағы 243 миллион әйел мен қыз өз отбасында қысымға ұшыраған. Қауіпсіздік, денсаулық сақтау, қаржы және өзге де әлеуметтік мәселелер қыспаққа алған сайын жағдай одан сайын қиындай түсуі мүмкін.
Карантиндік шаралар енгізілгеннен бергі бүкіл әлемдегі деректер көңіл көншітпейді. Мәселен, 17 наурыздан бастап Францияда отбасындағы әлімжеттік 30 пайыз өскен. Кипр мен Сингапурдың шұғыл желілеріне келіп түскен қоңыраулар саны да тура осындай пайыз көбейген. Ал Аргентинада 20 наурыздан бастап көмек сұрап телефон шалғандардың саны 25 пайызға артқан. Канада, Испания, Ұлыбритания елдері де отбасындағы «таяқтан» бас сауғалап кеткендер көбейгенін хабарлапты.
Қазақстанда да жағдай осыған ұқсас. Жақында Мәжілістің жалпы отырысында Ішкі істер вице-министрі Алексей Калайчиди елімізде карантин кезінде отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықтың артқанын айтқан еді. Елдегі есеп бойынша бұл көрсеткіш өткен жылдармен салыстырғанда 25 пайыз өскен.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың әлеуметтік және экономикалық шығындары, жәбірленушілерге көрсетілетін көмек пен қылмыстық сот төрелігіне жауап беруге байланысты шығындармен қоса алғанда орасан. Бұл шығындар әлемдік ішкі жалпы өнімнің шамамен 2 пайызына тең деп бағаланады немесе 1,5 трлн доллар. Бұл көрсеткіш қазіргі жағдайға сай өсіп, пандемия аяқталған соң да тенденция жалғаса беруі әбден мүмкін.
COVID-19 әлемдік экономикаға ғана әсер етіп қоймай, өмірдің барлық саласына өзгерістер енгізіп жатыр. Алдағы жылдары мемлекеттер алдында соның салдарымен тиімді күрес жүргізу міндеті тұр.