Бүгін Оңтүстік астанада халықаралық ынтымақтастық аясында Қытай Халық Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулдығымен бірлескен «Ғажайып қолтаңба» атты көрме ашылды. Бір айға созылатын көрмеге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі қорында сақталған қытай фарфор бұйымдары қойылады.
Мемлекеттік орталық музейінің қорында XIX ғасырдың екінші жартысында (ҚР МОМ Орынбор кезеңінің тарихы) қалыптаса бастаған қыш пен фарфор топтамалары ерекше орын алады. Ол кезде музейге өткізілген алғашқы экспонаттарды жеке адамдар «сыйға берген» және олар негізінен XVIII-XIX ғасырларға тиесілі тұрмыстық заттар еді. Олардың арасында әсемдігі және көркем пішіндерімен назар аудартатын әртүрлі керамикадан жасалған бұйымдар бар.
Қытай фарфоры – аспанасты империясының мәдениеті мен өнерінің маңызды компоненттерінің бірі. Жәдігер бұйымдар фарфорға сурет салу өнерін көрсетеді, сонымен қатар ежелгі дәуірлерден бастап әр заманда өз туындылары арқылы әлемдік өнерге құнды үлес қосқан қытай шеберлерінің ғасырлық дәстүрлерін паш етеді.
«Ғажайып қолтаңба» көрмесінің экспозициясы 3 бөлімнен тұрады: археологиялық қазба жұмыстарының үлгілері; фарфорды көркем керамика өнерінің айрықша үлгісі ретінде таныстыру; сондай-ақ көркем керамиканың сәнді шағын түрлері. Көрмеге Қазақстан Орталық музейінің фарфордан, фаянс, керамика, мыс, саздан жасалған 60-тан астам бірегей экспонаттары қойылады. Жұрт назарына ұсынылатын жәдігерлер ішінде Талғар қаласынан (Талхир) табылған, Ұлы Жібек жолымен бізге жеткен қыш бұйымдарын көрсететін археологиялық қыш бұйымдары ерекше қызығушылық тудырады. Бұл XI-XII ғасырлардағы қытай фарфорынан жасалған, Сун династиясына тиесілі, Алматы маңындағы ежелгі Талхир (Талғар) қаласындағы қазба жұмыстары кезінде табылған тостақтар мен табақтар. XIX ғасырдың 40-жылдарында Орынбор қаласында сатып алынған гүлді оюлар мен қытайлық өрнектері бар фарфордан жасалған ыдыс-аяқтардың ғажайып коллекциясы, құмыралар, оның ішінде Қашқариядан Ш.Уәлиханов өзі әкелген жеке құмырасы, сонымен қатар ХХ ғасырдың әр жылдарындағы шай рәсімінің заттары да көпшілік назарына ұсынылады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевқа ҚХР басшылары сыйға тартқан құмыралар мен кәдесыйлар де құнды жәдігерлердің қатарында.
Қытайлық қолөнершілер салған бұйымдар сапасы, әдемілігі, декордың өзіндік ерекшелігі, пішіндері мен тақырыптарының алуан түрлілігімен ерекшеленеді. Қытай пейзаждарының сұлулығы, Будда храмдарының, сарайлар мен пагодтардың әсем формалары, гүлдермен әшекейленген бұйымдар, гүл композицияларының сызбалары, суреттер, иероглифтер – осының бәрі суретшілердің жоғары шеберлігін паш етеді.
АЛМАТЫ