Әскери авиаиндустрия жаңа кезеңге қадам басып, саладағы ойыншылар алтыншы буындағы жойғыш ұшақтарды құрастыруға кірісті. Бұл бағытта АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Франция және Испания айтарлықтай жетістікке жеткені байқалады. Алайда негізгі тартыс америкалықтар мен бейресми түрде бірлескен қытайлық және ресейлік авиаконструкторлар арасында өрбіп келеді.
АҚШ көш бастап тұр
Қытай мен Ресей бесінші буындағы жойғыштардың өндірісін жолға қоя алмай жатқанда, АҚШ осы санаттағы әскери техниканы дамытып қана қоймай, оны кең көлемде пайдаланып, одақтас елдерге сатып жатыр.
Next Generation Air Dominance (NGAD) бағдарламасы аясында Құрама Штаттардың әскери әуе күштері алтыншы буындағы жойғыш ұшақтың алғашқы сынақтарын сәтті аяқтады.
АҚШ әскери әуе күштері министрінің технологиялар және логистика жөніндегі көмекшісі Уилл Ропердің айтуынша, әскери басқарма қазірдің өзінде дыбыстан да жылдам техниканың ұшу сағаттарын ретке келтіріп, әлемдік рекорд орнатқан. Бұл туралы қорғаныс министрлігінің өкілі Defense News порталына берген сұхбатында айтты. «Біз келесі буындағы ұшақтың құрастыру жұмыстарын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізуге дайынбыз», деді У.Ропер.
Жасанды интеллект енгізіледі
Екінші жағынан, қытайлық Global Times (GT) басылымында жарияланған баяндамада Чэнду авиациялық ғылыми-зерттеу және жобалау институтының бас инженері және J-20 ұшағының жобалаушысы Ван Хайфэн аспанасты елі алтыншы буындағы жойғыштарды тек 2035 жылға қарай шығаруы мүмкін екенін жасырмады.
Әзірге болашақ ұрыс техникасының мүмкіндіктері мен ерекшеліктері жөнінде артық мәлімет жарияланған жоқ. Бірақ бас инженердің сөзіне сүйенсек, оның артықшылығы жасанды интеллект пен шұғыл жасырыну қабілетінде болмақ. Сонымен қоса көпбағытты анықтау тетігі, лазерлі қару, өзін-өзі реттейтін қозғалтқыштар және гипердыбысты қару ұшақтың негізгі басымдығы ретінде қарастырылады.
Десе де, ағылшын тілді SCMP басылымында жазылған мақалада гонконгтік әскери сарапшы Сун Чжунпин әр елдің жойғыштарын салыстыру әлі ерте деп санайды. Оның айтуынша, америкалықтар бесінші буындағы әскери ұшақтарды осыдан он жыл бұрын құрастырып бітірген. Сол себепті олардың озық деңгейдегі әуе машинасын шығаруға кірісіп кеткені таңғаларлық құбылыс емес дейді.
Бүгінде АҚШ әскери-әуе күштерінің авиапаркінде 2005-2015 жылдары қабылданған бесінші буындағы Lockheed Martin F-22 және F-35 жойғыштары қолданыста. Ерекшелігі сол, бұл ұшақтар озық авионикалық жүйелермен қамтылып, шұғыл жасырыну және ұтқыр ұшу сияқты әрекеттерге ие.
Ал қытайлық бесінші буынды Chengdu-J-20 ұшағы аспанға алғаш рет 2011 жылы көтеріліп, тек 2017 жылы әскерилердің қолына берілді.
Су-57 өндірісі толық шешілген жоқ
Солтүстік атлантикалық альянстың көшбасшысы мен Қытайдан бөлек, Ресей және Ұлыбританияда бұл бағытта ізденіс жұмыстарын әзірлеуде. «Ростех» корпорациясы авиациялық кешенінің өнеркәсіптік директоры Анатолий Сердюковтың айтуынша, «МиГ» компаниясы мен «Сухой» холдингі жаңа буындағы жойғышты шығару үшін бірігуі мүмкін.
Ресей бесінші буындағы Су-57 жойғышының өндірісіне қатысты барлық мәселені әлі де шешпегеніне қарамастан, жаңа сатыдағы ұшақты әзірлеуді көздеп отыр. Ол «МиГ-Сухой» атауымен шығуы мүмкін. Мұндай әскери техника кең таралған дыбыстан жылдам МиГ-21 ұшағының көрсеткіштерін жақсартып, сондай-ақ МиГ-35 және Су-57-ден де озық бола түседі деген сенімде ресейлік авиаконструкторлар.
Америкалық The National Interest журналында жазылғандай, бұл ресейліктердің болашақ жойғышты әзірлеуге байланысты алғашқы қадамы емес. 2016 жылы премьер-министрдің орынбасары болған Дмитрий Рогозин алтыншы буындағы әскери ұшақты шығару ісі басталғанын мәлімдеп, оның ықтимал жобасы таныстырылғанын айтқан еді.
«Мүмкін «МиГ-Сухой» өндірісінің бірлескен ұшағы деп шығарылады. Бірақ әзірге бәрі талқылануда, нақты дөп басып айту қиын», деген А.Сердюковтың сөзін келтірді америкалық басылым.
Әскери құрамаларды Су-57-мен толықтыру ісі кешіктірілсе де аталған ұшақ Ресей әуе күштеріндегі МиГ-29-ды және Су-27-ні алмастыруға арналған. Тек Су-57-нің америкалық Lockheed Martin компаниясының бесінші буынды F-35 Lightning II бомбалаушы ұшағына қалай қарсы тұра алатыны белгісіз. «Раптор» атауымен танымал бұл әмбебап жойғыш ұшақ қазір әлемде үстемдік орнатып отыр дейді сарапшылар.
F-35-тің қашықтықты анықтау, геолокация және сәйкестендіру жүйелері дүние жүзіндегі ең қауіпті сын-қатерді, соның ішінде ресейлік С-300 жаңа жүйесін барлық деңгейде дәл анықтап, жоюға мүмкіндік береді.
Автоконцерн қозғалтқыштармен қамтиды
Жаһандық көштен қалмауға талпынған Ұлыбритания 2018 жылы «Tempest» бағдарламасын жариялап, әуе флотындағы Eurofighter Typhoons-ты алмастыратын алтыншы буындағы ұшақты шығаруды қолға алған болатын.
Біріккен корольдіктің әуе күштерінің бағдарламаларын іске асыратын BAE System компаниясын Rolls Royce автоконцерні қозғалтқыштармен қамтыса, еуропалық MBDA фирмасы қару орнатуға, сол секілді италиялық Leonardo компаниясы арнайы құрылғылар мен авиониканы дамытуға көмектеспек. Британдықтардың озық техникасы 2035 жылы дайын болады деп болжануда.
Қытайлық J-20 ұшағының бас конструкторы Ян Вэй GT басылымына жариялаған мақаласында келесі буындағы жойғыш бүгінгі қолданыстағы техникадан барлық сипаттамасы жағынан әлдеқайда озық болатынын айтты.
«Ұлы державалардың бәсекелестігі мен жаңа төртінші буынды жойғыш ұшақтарды енгізу жағдайында соғысты жүргізу тәсілдерін өзгерту, сондай-ақ пост-төртінші буынды ұшақтарды жасау туралы кең көлемді пікірталастар жүріп жатыр», деді Я.Вэй мақаласында.
Lockheed Martin компаниясының F-35 Lightning II бомбалаушы ұшағы шамамен 145-150 млн доллар көлемінде бағаланады. «Коммерсант» газетінің хабарлауынша, Су-57 жойғышының құны – 35 млн доллар. Ал қытайлық Chengdu J-20-ның бағасы 85-90 млн доллардың айналасында.
Әскерилердің әуе паркі қашан жаңарады?
Қазақстанның әскери-әуе күштеріне тоқталсақ, отандық авиапаркте 100-ден астам ұрыс ұшағы бар. Олардың дені ресейлік өнім. Оның ішінде ең озығы 4+ буынындағы көпмақсатты Су-30СМ жойғыш ұшағы. Қазір мұндай техниканың шамамен 20-ға жуығы еліміздің әуе қақпасын күзетуде.
Стокгольм халықаралық бейбітшілік мәселелерін зерттеу институтының (SIPRI) бағалауына сәйкес, былтыр еліміз қорғаныс саласына 1,7 млрд доллар жұмсаған. Бұл 2018 жылдағы көрсеткіштен 19%-ға көп.
Нәтижесінде, 2019 жылы Қазақстан салыстырмалы түрде әскери шығындардың ұлғаюы жағынан әлемде 14-ші орынға тұрақтады.
Отандық әскери-техникалық сатып алудың басым үлесі ресейлік импортқа тиесілі. Солтүстіктегі көршіміз АҚШ-тан кейінгі әлемдегі екінші әскери держава.
1995-2017 жылдар аралығында Ресей Қазақстанға Су-27 жойғышын (14 бірлік), Aero L-39 оқу-жаттығу ұшағын (13 бірлік), Ил-76 стратегиялық авиалайнерін, сондай-ақ «Сухой» компаниясында шығарылған ұтқыр ұшу қабілеттеріне ие 8 дана Су-30 ұшағын сатқан. Республика аумағындағы ресейлік тікұшақтың шамамен 200 данасы жауынгерлік сапта тұр. Оның ішінде көпмақсатты тікұшақтар Ми-8/17 және Ка-32А11ВС, сол секілді Ми-24В және Ми-35М көліктік-жауынгерлік тікұшақтары мен Ми-26Т ауыр көліктік тікұшағы бар.
Былтыр Ресейдің мемлекеттік қару-жарақ мердігері «Ростех» Қазақстанға Ми-8 көпмақсатты тікұшақтарының жергілікті өндірісін іске қосуға көмектесуге уәде еткен еді. Бұл Ресей мен еліміз арасындағы Орталық Азиядағы алғашқы осындай келісім. Соған сәйкес, көршілес мемлекет 2025 жылға қарай 45 тікұшақты шығарып, жеткізуге, сондай-ақ әуе техникасының қызметтік цикл жүйесін іске қосуға және инженерлік қызметкерлерді оқытуға көмектеспек.