Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында еліміздегі эпидемиялық ахуал қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой 30 қыркүйектегі жағдай бойынша коронавирус жұқтырған 107 908 науқас тіркелгенін, 1 731 адам қайтыс болғанын айтты. Соңғы тәулікте COVID-19-дың оң нәтижесі 75 адамда анықталды.
Дәрі-дәрмек өндірісі дамып келеді
Оқу жылының басынан бері оқушылардың арасында вирус жұқтырған 104 жағдай, оның ішінде кезекші сыныптарда оқитын балалар арасында 33 оқиға тіркелді. Қашықтан оқитын балалардың арасында 71 жағдай анықталды.
– Оқу 100 % офлайн режімде болғанда ауырғандармен байланысқа түскендердің саны кем дегенде 1500 адамға өсіп, оқушылар, мектеп персоналы және отбасы мүшелері арасында сырқаттың көп таралуына әкеп соқтыруы мүмкін еді, – деді А.Цой.
Денсаулық сақтау министрлігі эпидемииялық ахуалды матрицаға сәйкес және 30 қыркүйектегі жағдай бойынша бағалауды жалғастыруда, «қызыл» және «сары» аймақтарда қалған өңірлер жоқ, республика бойынша жағдай тұрақты, барлық өңірлер «жасыл» аймақта.
Министрдің айтуынша, әлемде КВИ-мен сырқаттанғандар және соның салдарынан құрбан болғандар көбейіп барады. Еуропа мен Азияның кейбір елдерінде вирус жұқтырғандар көп. Өткен аптада науқастар санының өсуі Италияда, Германияда, Беларусьте байқалды. Ресейде 0,6-дан 0,7%-ға дейін (соңғы тәулікте – 8238 жағдай), Түркияда 0,6-ға дейін (соңғы тәулікте – 1 427 жағдай) өсті.
– Көптеген елде карантин шаралары қайта енгізіледі, карантиннің коронавирус инфекциясымен күресуде және профилактикада тиімді екені тағы да айқын көрініп отыр, – деді А.Цой.
Ведомство басшысы атап өткендей, Қазақстандағы эпидемиялық жағдайдың тұрақтанғанына қарамастан, халықтың сақтану деңгейі әлсіреп бара жатыр. Маска кию және әлеуметтік қашықтық әрдайым сақталмайды, бұл сырқаттың таралуына және тиісінше Қазақстанда да карантин режімін қатаңдатудың қажеттілігіне алып келуі мүмкін.
– Рейдтердің нәтижесі карантин режімін әлсірету сәтінен бастап карантинді бұзу 30,4%-дан 40,7%-ға дейін ұлғайғанын көрсетті. 10 өңірде карантинді бұзу фактілері көбейгені байқалады. Сондай-ақ азаматтардың маска режімін бұзуы да азаймай отыр. 5-27 қыркүйек аралығында әкімшілік жауапкершілікке 1131 адам тартылды, – деді А.Цой.
Министр шетелдердегі жағдайдың нашарлағанын ескере отырып, инфекцияның басқа елден келуі мен таралуының алдын алу мақсатында 5 қазаннан бастап басқа мемлекеттермен арада әуе қатынастарын қалпына келтіруді тоқтата тұруды, әуе қатынасы жанданған елдермен арадағы рейстер санын көбейтпеуді, Түркияға ұшу санын азайтуды ұсынды.
Екінші санаттағы елдерден келетін адамдарға термометрия жасалып, сауалнама алынып, мерзімі 3 тәуліктен аспаған COVID-19-дан тексеру туралы анықтама талап етілуі керек. Анықтамасы болмаған жағдайда келушілер карантиндік стационарда COVID-19-ға зертханалық тексеру жүргізу үшін 2 тәулікке дейін оқшауланады. Осындай талаптарды ЕАЭО елдерімен және Өзбекстанмен арадағы автобекеттерден мемлекеттік шекараны кесіп өтетін адамдарға қолдану ұсынылды.
Министрдің айтуынша, инфекцияның таралуын болдырмау және аурудың ықтимал өсуіне дайындалу үшін бірқатар шара қабылданады. COVID-19 бойынша 14 млрд теңгеге екі айлық дәрілік заттар қоры құрылды (азаймайтын қор), қазірдің өзінде 100%-ы өңірлерге жөнелтілді.
Сондай-ақ халықтың осал топтарын вакцинациялау үшін тұмауға қарсы вакцинаның 2,2 млн дозасы сатып алынды, вакцинациялау 15 қыркүйекте басталды, шамамен 1 млн адам немесе тиісті халықтың 44%-ы егілді.
– Елдің COVID-19-ға қарсы вакцинаға сұранысын қамтамасыз ету үшін біз вакцина салынатын топтарды айқындадық. Бұл созылмалы аурулары бар, 60 жастан асқан адамдар, медицина қызметкерлері мен педагогтер. Республика бойынша тиісті адамдардың алдын ала саны 2,8 млн адамды немесе бүкіл халықтың 15%-ын құрайды, – деді А.Цой.
Биылғы қазан айының соңына дейін 11 облыс орталығы мен Алматы қаласында 3 100 төсек-орындық 13 модульді инфекциялық аурухананы салуды аяқтау, сондай-ақ екі нысанды жөндеу жоспарлануда. Жеке қорғаныш құралдарының, медициналық техника мен жабдықтардың елімізде шығарылуы туралы баяндаған Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов отандық кәсіпорындар тәулік сайын 900 мың маска, 330 мың жұп медициналық қолғап, 504 мың қорғаныш костюмін шығаратынын айтты. Қоймаларда олардың қажетті қоры бар.
– Нұр-Сұлтан қаласының медициналық мекемелеріне 129 өкпені жасанды тыныстандыру (ӨЖТ) аппараты жеткізілді. Өндірісте және стендтік сынақтарда 1 190 ӨЖТ аппараты бар, олардың 181-і жөнелтуге дайын, – деді ол.
Зауыттардан 360 жедел жәрдем машинасы шығарылды, оның 93-і өңірлерге жеткізілді. Бүгіннен бастап қалған 264 көлікті жеткізу басталады. Жалпы, осы бағдарлама аясында 5 қарашаға дейін 1 167 санитарлық көлік жеткізіледі. Мұның сыртында 12 жылжымалы медициналық кешен дайындалды, оны бүгіннен бастап өңірлерге жеткізу басталады.
Фармацевтика саласындағы отандық 33 компания жылына 3,9 млрд дана таблетка мен капсула көлемінде 922 дәрілік препарат шығарады. Министр пандемияның екінші толқыны келсе, фармацевтика саласының кәсіпорындары дәрілік заттардың қажетті көлемімен қамтамасыз етуге дайын екенін мәлімдеді.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы еліміздегі санитарлық-эпидемиялық ахуал тұрақты екенін атап өтті. Инфекцияның репродуктивтілік көрсеткіші 0,93-ке тең, бұл қабылданып жатқан шаралардың тиімділігін көрсетеді.
Сонымен қатар әлемдегі және бірқатар шекаралас елдегі індеттің тұрақсыздығын ескере отырып, санитарлық талаптарды сақтау шараларын күшейту қажет. Премьер-Министр мүдделі мемлекеттік органдар мен өңірлердің әкімдіктеріне тиісті іс-шараларды 100% орындауды, Денсаулық сақтау министрлігіне 15 қазанға дейін қажетті техниканы, жабдықтар мен қорғаныш құралдарын сатып алып, өңірлерге жеткізуді тапсырды. Ішкі істер министрлігі мен Денсаулық сақтау министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, санитарлық талаптардың сақталуын бақылау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысын күшейтуді, санитарлық режім бұзылуына жол бермеуді тапсырды. Қазақстан аумағына шетелден келетін адамдарға қатысты санитарлық-карантиндік бақылауды күшейту шаралары Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралады.
– Денсаулық сақтау министрлігі «СҚ-Фармация» және әкімдіктермен бірлесіп, медициналық ұйымдар мен дәріханаларда дәрі-дәрмектердің болуын қамтамасыз етсін. Өңірлерде дәрілік препараттардың бағасына бақылау жүргізу қажет, – деді А.Мамин.
Қысқа әзірлік қандай?
Үкіметтің селекторлық отырысында өңірлердің күзгі-қысқы кезеңге дайындығы талқыланды. Жылыту маусымына дайындық бойынша атқарылып жатқан жұмыс туралы Энергетика министрі Н.Ноғаев, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Б.Атамқұлов, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетов, Денсаулық сақтау министрі А.Цой, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ.Исқалиев, Қарағанды облысының әкімі Ж.Қасымбек, Ақмола облысының әкімі Е.Маржықпаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгінов, сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары Р.Скляр баяндады.
Өңірлерде 10 662 автономды қазандық немесе барлық қазандықтардың 98,6%-ы, 46561 тұрғын үй (97%) қысқы маусымға дайын. 5 мың 24 км жылу желісі (99,1%), 14 089 км сумен жабдықтау желілері (99,1%) жөнделді. Жылыту маусымына 11 158 (99,6%) білім беру, 5 963 (99,2%) денсаулық сақтау нысаны дайын. Көмір өндіруші компаниялар 69 млн тонна көмір өндірді. Коммуналдық қызметтер үшін тұтынушылардың берешегі 17 млрд теңгені құрайды. Ең жоғары дебиторлық берешек Алматы қаласында – 4,5 млрд теңге, Нұр-Сұлтан қаласында – 1,95 млрд теңге, Шымкент қаласында – 2,5 млрд теңге және Маңғыстау облысында 1,4 млрд теңге.
– Күн райының қолайсыздығына байланысты жылыту маусымы көптеген аймақта ертерек басталып кетті. Жалпы, өңірлердің әкімдері тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, білім беру, әлеуметтік салаларды, жылу және энергия объектілерін жылыту маусымына дайындау бойынша жақсы жұмыс жүргізді, – деді А.Мамин.
Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының және Алматы қаласының әкімдіктері әлеуметтік сала объектілері мен тұрғын үйлерді жылыту маусымына дайындау жоспарын 100% орындады. Ақмола, Алматы, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласы автономды қазандықтар үшін көмір дайындау жөніндегі жоспарлы көрсеткіштерді аяқтады. Батыс Қазақстан облысында тұрғын үйлерді дайындау кестесінен артта қалу фактілері бар. Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында коммуналдық қажеттіліктер мен халық үшін отын дайындау деңгейі жеткіліксіз.
Үкімет басшысы әкімдерге белгіленген мерзімдерде барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарын және қажетті көлемде отын жеткізуді аяқтауды, сондай-ақ энергия өндіретін, энергия жеткізетін ұйымдармен бірлесіп, жылыту маусымын жүргізуге дайындық паспорттарын тез арада алуды қамтамасыз етуді тапсырды.
– Бізде өндірілетін көмірдің көлемі жеткілікті, сондықтан көмірге қатысты қиындық туындамауы керек, – деді А.Мамин.
Премьер-Министр өңірлердің әкімдеріне екі апта мерзімде белгіленген тәртіппен көмір дайындау және сату пункттерінің инфрақұрылымының қазіргі жағдайын, жеткізу кестесін, бағалардың негізділігі мен сатылатын көмірдің сапасын тексеруді, сондай-ақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-пен бірлесіп, көмір жеткізу үшін вагондардың жеткілікті болуын қамтамасыз етуді тапсырды.
– Өңірлерде кәсіпорындардың жеткізілген газ бен көмір үшін және тұтынушылардың коммуналдық қызметтер үшін дебиторлық берешегін өтеу жөніндегі жұмыстар күшейтілсін, – деді Премьер-Министр.
А.Мамин Энергетика министрлігіне, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңірлер әкімдіктерінің барлық объектілерді жылыту маусымына дайындау жұмыстарын аяқтауын бақылауға алып, мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуді тапсырды.
Кең жолақты интернет тартылады
Үкіметтің селекторлық отырысында тұрғындарды кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Мусин, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ.Есекеев, «Транстелеком» АҚ басқарма төрағасы Е.Адайбеков, сондай-ақ «Beeline Казахстан» компаниясының бас атқарушы директоры Е.Настрадин баяндады.
Отырыста айтылғандай, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес елімізде ауылдық елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту және интернетке мобильді қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жобалар іске асырылуда. Қазір 6 459 ауылдық елді мекеннің 4 751-і кең жолақты интернетпен қамтамасыз етілді (ауыл халқының 97,8%-ы). Осы жылдың қорытындысы бойынша 5,2 мыңнан аса ауылда, яғни еліміздегі ауыл халқының 99%-ында кең жолақты интернет қолжетімді болады.
– Кең жолақты интернетпен қамту мәселесі еліміздің дамуы үшін стратегиялық маңызға ие. Ауылдарды интернетке қосу жөніндегі биылғы жылға арналған барлық жоспарлар мерзімінде іске асырылады, – деді А.Мамин.
Үкімет басшысы әкімдіктерге кең жолақты интернетпен қамту жобалары бойынша жабдықтар орнату үшін учаскелер бөлу рәсімдерін жедел жүргізуді, Цифрлық даму министрлігіне әкімдіктермен бірлесіп, халық саны 250 адамнан аз ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз етудің жоспар-кестесін әзірлеуді тапсырды. Премьер-Министр мектеп оқушылары мен студенттерді қашықтан оқытуға байланысты өте өзекті болып отырған интернет сапасын едәуір арттырудың маңыздылығын атап өтті. Ол үшін техника сатып алынуда, байланыс және интернет қызметтерінің сапасын бақылауға арналған барлық ресурстар бар.
– Әрбір тұрғын үй мен ұйымда орналасқан жеріне қарамастан, сапалы интернет пен байланыс болуы керек. Сондықтан нақты талаптарды белгілеп, тиісті жабдықты орнату мәселелерін пысықтау қажет. Цифрлық даму министрлігі Индустрия министрлігімен бірлесіп, аталған мәселелерді шешуі керек, – деді А. Мамин.
Цифрлық даму министрлігіне Білім министрлігімен, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп, нарықтың әлеуетті қажеттілігін ескере отырып, IT-мамандарды даярлау мәселелерін пысықтау тапсырылды.