Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне қатысты реформаларды жүйелі түрде жүргізу қажеттілігі баяндалады. Мемлекеттік басқару теориясында құқықтық, саяси және басқарушылық тәсілдер мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаларын қалыптастыратындығы айтылады. Ал басқарушылық тәсілде айтылғандай, мемлекеттік басқарудің тиімділігі, үнемділігі, нәтижелілігі мен әлеуметтік жауапкершілігі негізгі құндылық саналады.
Бүгінде кез келген елдің болашағы өңірлер деңгейіндегі өзгерістерге байланысты. Бұл тұста өңірлердің теңгерімді әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету, өңірлердегі әлеуметтік-экономикалық ахуал мен өмір сапасының айырмашылық деңгейін қысқарту маңызды. Сондықтан өңірлерді дамыту ісіне қатысты тың идеялар тиімді жүзеге асатындығына толықтай сенімдіміз.
Азаматтардың әлеуметтік әл-ауқаты мәселесі еліміздің басты бағыттарының бірі екені баршамызға мәлім. Әл-ауқат түсінігі әрдайым қоғамдағы жеке адамның жайлы өмір сүруі мен сәтті қызмет атқаруымен сипатталады. Демек, «өмір сапасы» мен «өмір деңгейі» түсініктері әл-ауқат деңгейін көрсетеді. Сонымен қатар әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасы әл-ауқат құрылымындағы мына құрамдастарға ерекше мән береді: халықтың табыс деңгейі мен тұрғын үй жағдайын көрсететін материалдық әл-ауқат; халық денсаулығының жайы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін табиғи әл-ауқат; тұлғааралық қатынастар, қоғам өміріне араласуды айқындайтын әлеуметтік әл-ауқат; тұлғалық өсу, психикалық және рухани денсаулық, сенімді көрсететін эмоциялық әл-ауқат; жұмыстағы құзыреттілік пен еңбек өнімділігіне ықпал жасайтын кәсіби әл-ауқат.
Жолдауда қолжетімді әрі сапалы білімге де ерекше мән беріледі. Инновациялық экономиканы қалыптастыру үшін қоғамның серпінді экономикалық өсімі мен әлеуметтік дамуының негізі және азаматтардың әл-ауқаты мен ел қауіпсіздігінің факторы болып табылатын білім беру жүйесін жаңғырту негізгі шарт болып табылады. Білім саласындағы бәсекелестік тек инновацияларды игеріп қана қоймай, жаһандық талаптарға бейімделуді және технологияларды үнемі жаңартып отыруды қажет етеді. Сондықтан сапалы білімге қол жеткізу әлеуметтік әділдік пен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ететін азаматтардың маңызды өмірлік құндылықтарының бірі болып қала береді. Бұл тек мемлекеттің ғана емес, ұстаздар қауымы, ата-аналар мен оқушылардың ерекше жауапкершілігін талап етеді. Ғылымда халықаралық тәжірибеге арқа сүйеу және «Жас ғалым» жобасының жүзеге асуы ғылыми-технологиялық ілгерілеуіміздің іргетасы болмақ.
Жаңа жағдайдағы денсаулық сақтау саласын дамыту қоғам мен мемлекеттің маңызды міндеті. Әр елдегі халық денсаулығын сақтау жүйесін ұйымдастырудың және бұл саладағы экономикалық қатынастар ерекшелігін талдау барысында мынадай негізгі экономикалық сипаттамалық белгілерді байқауымызға болады: меншік қатынастары; қаржыландыру тәсілдері; өндірушілер болып табылатын медицина қызметкерлері мен тұтынушы халықты ынталандыру тетіктері; медициналық көмектің көлемі мен сапасын бақылаудың түрлері мен әдістері. Біздің ойымызша, бұл белгілер алдағы уақытта да өзектілігін жоғалтпайды. Ал медициналық инфрақұрылымды дамыту үшін білім, ғылым және мәдени құндылықтар ықпал жасайды. Білім мен ғылымның денсаулық саласына ықпалы бар екендігі түсінікті. Бүгінгі таңда әр адам өзінің денсаулығын қалыпты деңгейде сақтау өте маңызды екенін біледі. Бірақ денсаулықты сақтау мәдениетін қалыптастыру бойынша көптеген жұмыстар жүргізілуі тиіс.
Биологиялық әркелкілік өмірдің барлық көріністеріндегі алуандық пен биологиялық жүйе күрделілігінің көрсеткіштері мен құрамдастарының сапалылығын білдіреді. Генетикалық, экожүйелердегі түрлер мен осы экожүйедегі әркелкілік маңызды болып табылады. Америкалық эколог Роберт Уиттекер зерттеуінде биологиялық әркелкіліктің қоршаған орта факторларына тәуелділігі дәйектеліп, қауымдастық ішіндегі, қауымдастықтар арасындағы және орта градиенттері бойынша жүйенің әркелкілігі туралы баяндалған. Бұл да алдағы уақытта назарға алынатын идея. Сонымен қатар экологиялық туризмнің дамуы экологиялық білім беру және насихатпен тікелей байланысты. Табиғатты тану арқылы біз қоршаған ортаға мұқият қарау қажеттілігін сезінеміз, халық арасында экологиялық мәдениет пен ойлар қалыптасады.
Әділетті мемлекет түсінігі ежелгі грек философы Платон еңбектерінде молынан кездеседі. Ұғымды зерттеу бойынша ғылымда бірнеше тұжырымдар да бар. Ғылыми сараптаулар негізінде әділетті мемлекет деп халықтың билікке сенімі, атқарылып жатқан бастамаларды қолдауы және ортақ игілік мүдделері үшін мемлекеттік билік қызметін оң бағалауы болып табылады. Сондықтан «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы халық пен биліктің бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деп түсінеміз.
Цифрландыру ең алдымен экономиканың жаңа процестерге бейімделуін, ақпараттық технологияларға негізделген тәсілдер және оны басқаруды көздейді. Жалпы, көптеген ғалымдар цифрландыру технология немесе белгілі бір өнім еместігі туралы айтады. Демек, ол әр жұмысты өзгертуге бағытталған цифрлық ресурстарды пайдаланудың тәсілі дегеніміз дұрыс болар. Сондықтан бұл игіліктің кең мүмкіндіктерін қоғамның барлық салаларында оңтайлы пайдалану маңызды.
Азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысуы халықтың жеке қажеттіліктерін қанағаттандыруға ықпал жасайды. Мемлекеттік басқаруға азаматтардың қатысуының барлық түрлері қоғам үшін маңызды өзгерістерді қамтып, тиімді қолданылған жағдайда әлеуметтік әсер қалдырады. Сондықтан саяси тәжірибе барысында саяси процестерде орын алып отырған саяси қатысудың негізгі түрлерін қолдану тиімділігін көрсетеді. Ең бастысы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын биліктің барлық өкілдері терең түсінуі қажет.
Ұлттың жаңа болмысы білімді болуды, еңбек етуді, кәсіби дағдыны қалыптастыруды, темірдей тәртіп және жоғары жауапкершіліктің қажеттілігін, әділетті болуды және адалдық, ұқыптылық, тиянақтылықты қажет етеді. Бұл үшін «Жауапты мемлекет – жауапты қоғам – жауапты адам» жүйесіндегі негізгі триадаларға аса жоғары дәрежеде мән бергеніміз жөн.
Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысының Жолдауын халық жоғары бағалады деп ойлаймыз. Жолдаудағы тың идеялар мен бастамалар індетпен күрес жағдайындағы еліміздің алдағы уақыттағы жоспарларды жүзеге асыруға кедергі болмайтындығына сеніміміз мол.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдар кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры
Қызылорда